Ұшақ ішіндегі ауа айналымы коронавирусты "оқшаулайды"

3314

Комитет пен ұшқыш жолаушыларды алаңдатқан сауалға жауап берді.

Ұшақ ішіндегі ауа айналымы коронавирусты "оқшаулайды"

Қазақстанда авиакомпаниялардың сұрауымен ұшақ сапарлары қайта жанданғаны мәлім. Күні кеше Президент тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырудың жаңа шараларын бекіткен Мемлекеттік комиссия әуе қатынасын жабудан бас тартты. Тек бұған дейін рұқсат берілген елдер тізімін арттырмай, сол қалпы қалдыруды нұсқады.

Ал азаматтар болса, "шетелге барып келетіндер сол жақтан коронавирустың мутацияланған жаңа түрлерін алып келіп, елдегі ахуалды ушықтырып жібере ме?" деп қауіптенеді. Мысалы, көрші Ресейдің өзінде КВИ-дің 100 түрлі штамы анықталған. Қазақстанда қанша түрі барлығын Денсаулық сақтау министрлігі айтпай отыр. Оның орнына сынақтан өтіп жатқан 4 түрлі отандық вакцина жергілікті штаммдарды негізге алып әзірленгенін хабарлаумен шектелді.

"Кейінгі кезде таныстарым арасында коронавирус жұқтыру оқиғалары көбейді. Мысалы, бір ұшақпен Алматыға барған адамдар қалаға жеткесін барлығы ауыра бастады. Бұл проблема мені алаңдатады. Билік сөзі өтімді әуе тасымалдаушыларының сұрағанын істемес бұрын елдің қамын ойлап, ұшақтар салонын, оның желдеткіш жүйелерін тазарту ісін жолға қоюы, дезинфекциялық қуатты құралдармен ұшақты толыққанды өңдеуді күшейтуі керек еді. Жалпы, ұшақтарды әр рейстен кейін індетке тексеру жүргізілмейтінге ұқсайды. Жүргізілсе, оның қалай жасалатынын видеоға түсіріп, әлеуметтік желілер, телеарналар арқылы көрсетуі керек қой. Әйтпесе, адамдар ары қарай ұшу кезінде дерт жұқтыра береді. Жолаушылардан тесттен өтуді талап етуді де қойды", – дейді алматылық қоғам белсендісі Светлана Цырульницкая.

Егер ұшақта індет жұқтырғаны рас болса, азаматтар әуе компаниясын сотқа беруіне құқылы.

Бірақ сала билігі ұшақта вирус жұқтыруы мүмкін емес деп табандайды.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева әуе тасымалын қайта ашу үшін Қазақстан тіпті осы мақсатта арнайы құрылған CAPSCA ұйымына кіргенін жеткізді.

"Қазіргі уақытта Қазақстанда рейстер санитарлық қауіпсіздіктің күшейтілген шараларын сақтай отырып орындалуда. Ол шараларды еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің көліктегі бас санитарлық дәрігері әзірлеп, бекіткен. Атап айтқанда, жолаушылар термометриядан өтіп, температурасы тексеріледі, қызуы жоғары болса ішке жіберілмейді. Әуе көлігінің бортына отырғызылғанға дейін әлеуметтік алшақтық сақталады. Ұшақ ішінде бетперде, қолғап секілді жеке қорғаныш заттары қолданылады. Сапар сайын ұшақтарда, сондай-ақ дүркін-дүркін әуежайларда күшейтілген дезинфекциялау жүргізіледі", – деді Салтанат Еркінқызы.

Ол Қазақстанның Азаматтық авиацияда қоғамдық денсаулық сақау саласындағы оқиғалардың алдын алу және басқару жөніндегі ынтымақтастық келісіміне (CAPSCA) қосылғанын айтты. 

"Бүгінде CAPSCA сарапшылары бүкіл әлемде жолаушылар тасымалын қалпына келтіруге, сонымен қатар дүниежүзінде COVID-19 вирусының таралуы жағдайында қауіпсіз ұшуды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды талқылап жатыр. Айта кетелік, КВИ індеті басталғалы бері Қазақстанда ұшу кезінде COVID-19 дертінің жолаушыдан жолаушыға жұғуының бірде бір оқиғасы тіркелмеді. Сарапшылардың бағалауынша, ұшақ ішінде вирус жұқтыру тәуекелі төмен. Бұл ұшақта ауа ағынының ерекшеліктерімен және бағытымен байланысты: борттағы ауа вирустық инфекцияның таралуына кедергі болады", – деген сенімде Азаматтық авиация комитеті басшысының орынбасары С.Томпиева.

Airbus ұшқышы Илья Алексеев ұшақ ішінде коронавирусқа шалдығу ықтималдылығы төмен деген пікірді қостайды.

"Егер ұшу кезінде бетпердеңізді шешпесеңіз, қолыңызда перчатка болса, көп қорқудың қажеті жоқ. Әрине, егер бетпердесіз отырсаңыз және көрші креслода вирусы бар адам жайғасса, онда жағдай басқа: мұндайда сырқатпен бір қатарда, сондай-ақ оның алдындағы және артындағы екі қатарда отырғандарға қауіп төнуі мүмкін. Жалпы алғанда, ұшақ салонындағы қауіпсіздікті ауа баптау жүйесінің өзі қамтамасыз етеді. Ол ауаны салонның ұзына-бойына "айдамайды", керісінше, ауа бірнеше қабатқа бөлініп тасталған. Ұшақтың фюзеляжына жақын тұсында, орта жағында және құйрық жаймасы тарапында жекелеген ауа ағындары айналымда жүреді, олар қатарлар арасында да бөлшектелген. Мысалы, ортадағы ана бөбегінің жөргегін шешті делік, бірақ оның күлімсі иісі бүкіл салонға таралмайды. Оның үстіне ұшу кезінде ауа әр үш минут сайын толығымен жаңартылып отырады және арнайы фильтрлерден өтеді. Бірақ жолаушылар бәрібір сақтық шараларын сақтауы керек", – деді маман.

Ғалымдар мұндай оптимизмге күмәнмен қарайды. Олардың байламынша, егер стюардессаның бірі сырқат болса, ол инфекцияны бәріне таратып шығуы ғажап емес: өйткені қатарларды тегіс аралайды. Сондықтан авиакомпанияларға өз персоналының денсаулық жағдайын ұдайы тексеріп тұруға ұсыным беріліпті. Олар бүкіл ұшу кезінде маска, қолғап киіп жүруге міндетті.

Бұған қоса, жолаушылар жиі жанасатын жерлер – жиналмалы үстелшелер, шынтаққойғыштар, қол жүгі салынатын сөре-полка есігі, тұтқалар, иллюминаторлар, дәретханалар мұқият зарарсыздандырылуы шарт. Ұшар алдында лайнер желдетілуі тиіс.  

Жанат Ардақ

Фото: aviav.ru


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу