Қазақстанның Airbus пен Boeing сатып алуына Ресей қарсы ма?

4017

ЕАЭО аумағына батыс елдерінің ұшақтары жеңілдікпен кіргізілмесе, билет бағасы қымбаттауы мүмкін.

Қазақстанның Airbus пен Boeing сатып алуына Ресей қарсы ма?

Шығыс Азия мен батыс елдерінде жасалған автокөліктерді Қазақстанға кедендік жеңілдікпен кіргізу мүмкін болған кезде, халықтың көбі жүрілген болса да, Мерседес пен Тойоталарды шетелдерден арзан бағаға әкелуді жөн санайтын. Қазір көшелерде Ладалар мен Ресейде құрастырылған машиналарды жиі кездестіреміз. Ендігі кезек ұшақтарға жетті ме?

Бүгінгі күні еліміздегі жолаушы тасымалдаушылардың  ең ірі әуе парктеріне көз жүгіртсек, тек Boeing, Airbus, Embraer, Bombardier, Fokker сынды батыстық ұшақтарды ғана көреміз. Алайда жақында ресейлік БАҚ беттерінде Қазақстанның өтінішіне қарамастан, Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігі жетекшілік ететін Экономикалық даму және интеграция жөніндегі құқықтық комиссиясының кедендік-тарифтік реттеу жөніндегі кіші комиссиясы орташа және ұзақ қашықтықтағы азаматтық авиация ұшақтарын ЕАЭО-ға импорттау кезіндегі тарифтік жеңілдікті 2032 жылға дейін ұзартпау туралы шешім қабылдағысы келетіндігін мәлім етті. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі тарифтік жеңілдік мерзімін ұзартуды "қазіргі кезде бұл орынсыз саналады" деген ұстанымда. Мекеме "Ресей Федерациясының өнеркәсіп және сауда министрлігі ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің Ресейде жасалған ұшақтарды сатып алуы жөніндегі келіссөздерінің нәтижелері бойынша бұл мәселені 2020 жылы қайта қарауды" ұсынғандығы туралы ақпарат пайда болды.

Кеден одағы комиссиясының 2009 жылы қабылданған № 130 шешіміне сәйкес, сыйымдылығы 50-ден 300 орынға дейінгі жолаушылар ұшақтары Еуразиялық Экономикалық Одаққа кедендік баж салығын төлемей әкелінеді. Тарифтік жеңілдіктерді Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан пайдаланады. Ресейдің өзі комиссияның 2010 жылғы TС № 331 шешімін қолдана отырып, кедендік баждар мен салықтардан босатылғандығы айтылады.

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Скляр ресейлік әуе кемелері туралы 4 мамыр күні "Курсивке" былай деген еді: "Ресейлік өндірушілер қазір Sukhoi Superjet жасайды. MС-21 тек сынақтық қолданысқа шығарылуда, сол себепті әзірше қажет болмайтын тәрізді".

Демек Ресей бізге Sukhoi Superjet (SSJ) ұсынады, ал SSJ қандай ұшақ?

Sukhoi Superjet 100 әуе кемесі – тар фюзеляжді (фюзеляж - ұшақтың корпусы), 100 орындықты аймақтық жолаушылар ұшағы. Ресейлік "Сухой азаматтық ұшақтары" АҚ және бірқатар шетелдік компаниялардың қатысуымен жасалады. Компанияның бас кеңсесі Мәскеуде орналасқан, ұшақтар компанияның Амурдағы Комсомольск филиалында құрастырылады.

Кейбір мамандардың есептері бойынша SSJ-100 бәсекелесі, біздің елімізде көпшілікке танымал Embraer-190 ұшағына қарағанда кейбір артықшылықтары бар – жанармайды азырақ шығындайды.

Дегенмен де  Ресейдің Федералдық антимонополиялық қызметі (ФАҚ) деректері бойынша, Superjet арқылы жолаушылар тасымалданатын бағыттарға орташа баға шетелдік техникалар арқылы осындай бағыттарға ұсынылатын бағадан 20% жоғары. ФАҚ басшысы Игорь Артемьевтің түсіндіруінше, айырмашылық авиакомпаниялардың SSJ-ге қызмет көрсету шығындарының жоғары болуына байланысты.

Бұл ұшақ сәтсіздіктерге де жиі ұшырап жүр. Мамырдың 5 күні  Шереметьево әуежайында орын алған қайғылы жағдайды санағанда, соңғы бір жылда Superjet алты рет апатқа ұшыраған. Қалған оқиғалар техникалық ақауларға, сынған әйнектерге, ұшу-қону жолағынан әуе кемесінің шығып кетуіне немесе шасси тіректерінің зақымдануы мен гидравликаға байланысты болды.

Орташа қашықтыққа ұшатын МС-21 әуе кемесінің сериялық шығарылымының мерзімі АҚШ санкциялары әсерінен 2020 жылдың аяғына қалдырылды, бұл флот сатып алуды жоспарлауда қиындықтар туғызады. Демек батыс ұшақтарына деген қажеттілік әлі көп жыл бойы өзекті болары анық.

Егер шетелдерден ұшақ алу мүмкіндігі болмаса, Қазақстандық әуе тасымалдаушылары қиыншылықтарға тап болатындығы айтылуда.

"Air Astana" әуе компаниясы Қазақ телеграф агенттігіне берген түсініктемесінде былай деді: "Қазіргі уақытта әуе кемелерін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумағына әкелу кезінде бөгеуші кедендік баж салығы қолданылады, алайда ЕАЭО әуе компаниялары 2023 жылдың 31 желтоқсанда аяқталатын тарифтік жеңілдікті қолдануға құқылы. Ресейлік авиация өндірісі саласы қарқынды дамуда, дегенмен де, ол алдағы онжылдықта заманауи әуе кемелеріне Ресей Федерациясының өз қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды. Сонымен қатар, бөгеуші кедендік баж салығы ЕАЭО елдерінде әуе тасымалы құнын едәуір арттыруға, ескірген техникаларды қолдану мерзімін ұзартуға және ЕАЭО тасымалдаушыларының осындай баж салықтары жоқ шетелдік әуе компаниялармен бәсекелесуге қабілеттілігін жоғалтуға әкеліп соқтыратындығын айтқан".

 Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу