Құрлықтағы әлемнің 14%-ын, жершары халқының 2,4%-ын алып жатқан Еуразиялық экономикалық одақ әлемге мұнайдың 14,5%-ын, газдың 20,2%-ын, минералды тыңайтқыштардың 26,3%-ын береді. Сөйте тұрып жаһандағы жалпы ішкі өнімнің 3,2%-ын ғана өндіреді. Әлемде жасалатын экспорттың 2,2%-ы одақтың үлесіне тиесілі.
Еуразиялық одақ, о баста, "төрт еркіндік" қағидатына, яғни тауар қозғалысының еркіндігі, қызмет көрсету еркіндігі, капитал айналымының еркіндігі, жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігіне сүйеніп жұмыс істеуі керек болған.
Импортқа илігіп, экспортта есе жібердік
Еуразиялық экономикалық комиссияның 2019 жылдың 9 айына жасаған талдауы одақ аясында қалыптасқан қазіргі ахуал бәрінен де Ресей мен Беларусь экономикасына майдай жағатынын көрсетті. 9 айда Қазақстан ЕАЭО-дан тыс елдерге 38,3 млрд доллардың өнімін сатып, 17,3 млрд доллардың өнімін алған. Яғни, одақтан тыс әлеммен сауда айналымында оң көрсеткіш бар. Экспорт импорттан 2,2 есе көп. Ал ЕАЭО-ға мүше елдерге 4,4 млрд доллардың өнімін сатып, 10,3 млрд доллардың өнімін импорттаған. Яғни импорт экспорттан 2,3 есе көп. Одақ ішіндегі импорт пен экспорттың балансы бойынша Қазақстан тек Қырғызстанның алдында тұр. Бұл елде импорт экспорттан 3,7 есе көп. Ал Ресейдің 4 елге жасаған экспорты импорттан 1,8 есе артық. 28 млрд доллардың өнімін сатып, 14,9 млрд доллардың өнімін тұтынған. Беларусь 10,6 млрд доллардың өнімін экспорттап, 16,3 млрд доллардың өнімін импорттады.
1-кесте. 2019 жылдың 9 айында ЕАЭО аумағында жасалған импорт пен экспорт көлемі.
*Мәлімет Еуразиялық экономикалық комияссының ресми сайтынан алынды
Арадағы теңсіздік одақтас елдердің жалпы ішкі өнімін тауар айналымына шаққанда тіптен айқын көрінеді. Бұл қазақстандық өнімдерді одақ ішінде сату тиімсіз немесе кедергі көп деген сөз. Осы жалпы ішкі өнімнің үлесі бойынша одақтың бюджеті жасақталып отыр. 2020 жылғы бюджеттің 7,055 %-ын Қазақстан, 4,56 %-ын Беларусь, 85,26 %-ын Ресей беруге тиіс.
2-кесте
Қазақстан одақ елдеріне ұсынып отырған 10 үздік тауардың алтауы Ресей ұсынатын 10 үздік тауардың тізімінде тұр. Экономикасы бір типтес, табыстың негізін қазба байлық пен шикізат сатудан алатын екі елдің бір одақта болуы, әрине, тегеуріні мықты, ықпалы басым көршінің пайдасына жұмыс істемек.
3-кесте. 2018 жылдың 9 айында Қазақстан экспорттап, импорттаған10 негізгі тауардың тізімі (млн доллар).
*Мәлімет Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтынан алынды
4-кесте. 2018 жылдың 9 айында Ресей экспорттап, импорттаған10 негізгі тауардың тізімі (млн доллар).
*Мәлімет Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтынан алынды
5-кесте. 2018 жылдың 9 айында Беларусь экспорттап, импорттаған10 негізгі тауардың тізімі (млн доллар).
*Мәлімет Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтынан алынды
Аталмыш кестеден экономикалық одаққа кіру Қазақстан экономикасын әртараптындыра алмағанын көруге болады. Шағын және орта бизнестің экспорт пен өндірістегі үлесі әлі де мардымсыз. Керісінше, алып сатумен айналысатындардың саны артқан.
6-кесте. Қазақстандық компаниялардың жұмысшы санына қарай экспорт пен импорттағы үлесі
*Мәлімет Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтынан алынды
Одақтағы ең жоғары айлық та Ресей мен Беларусь еліне тиесілі.
7-кесте. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы орташа еңбекақы
*Мәлімет Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтынан алынды
Ал сыртқы қарыздың көлемі бойынша Қазақстан Ресейден кейін екінші орында тұр. Бұл қарызды елдің жалпы ішкі өніміне шаққанда Қырғызстан мен Қазақстанның жағдайы алаңдарлық екенін көруге болады.
8-кесте. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі сыртқы қарыз құрамы (млрд доллар)
*Мәлімет Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтынан алынды
9-кесте. Жұмыспен қамту қызметіне тіркелген жұмыссыздардың 2019 жылдың қыркүйегіндегі саны
*Мәлімет Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтынан алынды
Жасырын нұсқау мен "арнаулы импорттаушылар"
Биыл Еуразия экономикалық одағының проблемалары Қазақстан тарапынан бірнеше рет мәселе етіп көтерілді. Әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен жиында "жариясыз нұсқаулар" мен ЕАЭО сотының пәрменсіздігін сынға алды. Кейін Үкімет басшысы Асқар Мамин дәрі-дәрмек, алкоголь нарығындағы теңсіздіктерді жою туралы нақты талап қойды. Сауда және интеграция министрлігінің мамандары Президент сыны мен Үкімет талабының мәнін бізге былайша түсіндірді.
ЕАЭО-ның заңнамасы бойынша дәрілік препараттар ЕАЭО-ның бір елінде тіркелгеннен кейін әрбір мүше мемлекетте тіркеуін қайта растатуы керек. Яғни бизнес өзге 4 мемлекеттің нарығына кіру үшін 4 рет алым төлейді. Осының салдарынан дәрінің бағасы аспандап отыр.
"Біз тараптарға қосымша рәсімдер өткізбей өзара мойындалуы мүмкін препараттардың нақты тізбесін анықтауды ұсындық. Ол ұсынысымыз Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында пысықталуда", – делінген министрліктің баспасөз қызметі жіберген жауапта.
Қазақстанда соңғы екі жылда алкоголь өндірісі 17%-ға қысқарған. Есесіне импорт 2 есе өскен. Бұл мәселе Беларусь жағының өз нарығын қорғау үшін "арнаулы импорттаушылар" институтын құрғаннан кейін туындаған.
"Келісім жобасында Беларусьқа "арнаулы импорттаушылар" институтын жойып, алкоголь нарығын реттеуде ашықтықты қамтамасыз ету ұсынылған. Бизнес Ресейдің сауда желілеріне қазақстандық өнімдерді шектеуге жасырын нұсқаулар берілгенін айтуда. Министрлік Еуразиялық экономикалық комиссия мен Ресей Федерациясына мәселені түсіндіруді сұрап өтініш жолдады. Ресей тарапы бұл деректі жоққа шығарды", – делінген министрліктің мәліметінде.
"Шыққың келсе, шығыныңды өтеп кет"
Сөз жүзінде Еуразиялық экономикалық одақтан бес елдің кез келгені қалаған уақытында шыға алады. Ресми хабар түскеннен кейін 12 ай ішінде бұл процесс толық аяқталуға тиіс. Ол туралы ЕАЭО туралы шартта айқын жазылған. Ал іс жүзінде бұл қадамның Қазақстан үшін ауыртпалықтары көп болатын сияқты.
ЕАЭО туралы шарттың 118-бабында ЕАЭО-дан шыққысы келген мемлекет "осы одақ аясында аталмыш елдің қатысуымен туындаған қаржылық міндеттемелерді реттеуге міндетті" екені жазылған.
Financial Freedom қоғамдық қорының директоры Расул Рысмамбетов одақтан шығудың бұдан өзге де қысымдары болатынын айтады.
"Қазіргі ахуал өзгермесе де ЕАЭО-дан шыға алмаймыз. Өйткені Ресей билігі Еуропамен сауданың жолын жауып тастайды. Ал оған біздің қарсы қояр жауабымыз жоқ. Сондықтан ЕАЭО-ға белшемізден кірдік деуге болады. Одақтан ың-шыңсыз шығу қиын. Техникалық тұрғыда бұл мүмкін дүние негізі. Кавказ бен Қара Теңіз арқылы Еуропаға шығуға болады. Дұрыстап ойластырса, бұл қадам экономикалық жағынан тиімдірек болуы да мүмкін", – дейді ол.
Қаржы кеңесшісінің ойынша, одақтағы олақтығымыздың бәрін Ресейден көруге болмайды. Негізгі проблема Үкіметтің жылдар бойы экономиканы әртараптандырмауында.
"Экономикалық одақтан шыққан күннің өзінде өнеркәсіпті аяқтан тұрғызу үшін уақыт керек болады. Ал одақтан шықпасақ, Ресей мен Беларусь өндірушілерін асырап отыра береміз. Жалғыз жол – олардың тауарына да қарымта кедергі қойып, отандық өнімдердің сапасын көтеру. Қытай мен Таяу Шығыстың, нарығын пайдаланып, Орталық Азияда өңірлік экономиканы жолға қою да артық болмас еді", – дейді Расул Рысмамбетов.
Отандық өндірушілердің экономикалық одақ ішіндегі бәсекеге төтеп беруіне мемлекет тарапынан жеткілікті мөлшерде қолдау көрсетілмей отыр деп санайтындар да бар. Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктектесі Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, басқа елдерде экспорттаушыларды қолдауға жұмсалатын қаржы көлемі ЖІӨ-нің 1-5%ын құраса, Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 0,3-0,35% ғана. Яғни ең төменгі қажеттіліктен үш есе аз. Субсидия көлемі дүниежүзілік сауда ұйымы орнатқан шектеуден екі-үш есе төмен. Ал ішкі нарықты қорғау үшін техникалық реттеу іс-шаралары тіптен қолданылмайды.
"Мемлекеттің кәсіпкерлерді қолдаудағы тиімсіздігінің негізгі екі себебі бар. Біріншіден, бақылау прессингінде жүрген шенеуніктер кәсіпкерлерге жеңілдіктер берген жағдайда парақор атанудан қорқып, сондай шешімдерді қабылдаудан қашқалақтайды. Екіншіден, мемлекеттік басқару жүйесінің жиі өзгеріске ұшырауы, мемлекеттік органдардың жиі құрылымдалып, басшылардың ауысуы ішінде кәсіпкерлерді қорғауға да кері әсерін тигізеді", – дейді сарапшы.
Жемқорлардың жемсауы
Стратегиялық бастамалар орталығының тағы бір сарапшысы Азамат Есдәулетов одақтағы Ресейдің саяси амбициясына алаңдау керек деген пікірде.
"Ортақ парламент, ортақ валюта енгізу сияқты бастамалары және бәсекеге қабілеті төмен елдерді де одаққа қосуға тырысуы Ресейдің одақта экономикалық емес, саяси мүддесі басым екенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан одақтан шығуға ниет білдірген жағдайда Ресей Орталық Азияда ықпалының азайып жатқандығы деп біліп, арамыздағы қарым-қатынастың күрт нашарлауы ықтимал. Тіпті Қазақстан тарапына өз үстемдігін байқату үшін түрлі жолдармен қысым көрсетуге тырысуы ғажап емес. Оның бір жолы ретінде елімізде кеңінен таралған бұқаралық ақпарат құралдары арқылы одақтан шығуға ниет білдірген билік өкілдеріне ақпараттық шабуыл жасалуы мүмкін. Осындай тәуекелдерді ескерсек, жақын арада Қазақстанның интеграциялық бағыттан түбегейлі бас тартуы қиын", – дейді экономист.
Қазақстанның дамуындағы олқылықтарды мұхитқа қол соза алмай, құрлықтың қақ ортасында атқанымыздан көретіндер Ресей мен Қытай нарығын "балама мұхитқа" жиі теңейді. Бірақ ол "мұхиттардың" түбіндегі маржанына жету үшін әуелі бетіндегі дауылына төтеп беру қажет.
Азамат Есдәулетов ЕАЭО арқылы жүретін сауда транзиті жемқорлыққа белшеден батқанын айтып, қызықты кесте ұсынды. "Одақтың құрылу кезеңінде ресми тұлғалар Қазақстан үшін негізгі екі артықшылықты алға тартатын. Біріншісі – 160 млн халқы бар нарыққа жолдың ашылуы, екіншісі – Қытай тауарларын Батысқа еркін тасымалдау арқылы еліміздің транзит әлеуетін дамыту. Алайда одақ ішіндегі тауар айналымы бойынша жылына 6-7 млрд доллар көлемінде дефицитке ұшырап отырмыз. 2013-2018 жылдар аралығында транзит тасымалдарының көлемі 14% ғана өскен", – дейді ол.
10-кесте.
Мәлімет Статистика комитетінің деректері негізінде жасалған.
Азамат Есдеулетовтің сөзіне қарағанда, қазір одақ аумағына Қытай тауарларының басым бөлігі Қырғыз шекарасы арқылы өтіп, басқа мүше мемлекеттерге еркін реэкспортталады. Оның бір дәлелі – 2016 жылы Қырғызстан одаққа кіргеннен кейін, Қытайдан Қырғызстанға бағытталған жүк тасымалының көлемі бір жылдың ішінде 52 есе өскен. Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, 2017 жылы Қытайдан Қырғызстанға экспортталған тоқыма тауары мен киім айналымын адам басына шаққанда 532 долларды құраған. Бұл Ресейдің көрсеткішінен 13 есе көп. Сарапшы мұның басты себебі Қырғызстанда сыбайлас жемқорлықтың кең өріс алып, тауарлардың баж салығынсыз, контрабандалық жолмен еніп жатуында деп санайды.
"ЕАЭО аясында пайданың астында қалып отырғандың ішінде заңсыз тауар импорттайтын кәсіпкерлер мен пара алатын кеден қызметкерлері бар. Қытайдан Қазақстанға экспортталған тоқыма мен кимнің айналымын жан басына шақсақ, Ресейдің көрсеткішінен 3,5 есе артық. Оның үстіне "Қорғас" халықаралық орталығында жемқорлыққа байланысты жиі қылмыстық істердің қозғалуы, (Василий Нидің бір миллион доллар парамен ұсталуы) Қазақстанда да Қырғыз еліндегідей жағдай қалыптасқанын көрсетеді", – дейді Азамат Есдәулетов.
11-кесте.
Мәлімет Дүниежүзілік банк деректерінің негізінде жасалды.
Одақтан шыққысы келсе, Қазақстанның өзіне қатысты қаржылық міндеттемелерін орындап кететінін айттық. Алайда ол міндеттеменің мөлшері ашық дереккөздердің ешбірінде жоқ.
Стратегиялық бастамалар орталығының сарапшысы Азамат Есдәулетовтің айтуынша, 2015 жылдан бері Қазақстан ЕАЭО-ның бюджетін қалыптастыруға 14 млрд теңгеге жуық көлемінде жарна төлеген.
"2019 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанның ЕАЭО алдындағы қаржылық міндеттемесі туралы нақты ақпарат ашық дереккөздерде жоқ. Алайда ЕАЭО бюджеті туралы ережеде жарна ай сайын бір тоқсаннан кешіктірілмей төленуі керектігі айтылған. Сондықтан міндеттеме болған жағдайда, 1 қазаннан бері жиналған берешек көлемі 600 млн теңгеден аспауға тиіс. "Еуразиялық экономикалық одақтың 2020 жылғы бюджеті туралы" шешім қабылданғанымен, ол құжат та жария етілмеді. ЕАЭО бюджетінің жылдық өсу қарқыны мен ондағы үлесімізді ескерсек, 2020 жылы Қазақстан үшін жарна көлемі 4 млрд теңгеге жуық болуы тиіс", – дейді маман.
Есімжан Нақтыбайұлы