Еуразиялық одақта "ортақ рубль кеңістігін" құру басталған ба?

3961

Батыс әлемінің санкциялары салдарынан ЕАЭО-ның 5 мүшесінің 2-еуі – Ресей мен Беларусь "темір шымылдырыққа" қамалуда. Енді барлық транзиттік жүктеме Қазақстанға түсіп жатыр. Соған қарамастан, сарапшылардың айтуынша, кеденнен түсетін табыстың 90 пайыздайын әлгі екі ел алып қоюын жалғастыруда.

Еуразиялық одақта "ортақ рубль кеңістігін" құру басталған ба?

Бұл мәселені мамандар біраздан көтеріп келеді. Бірақ сарапшылар пікірінше, Ресей Украинаға басып кіргелі бұл түйткіл ушығып кеткен көрінеді. Белгілі экономист Алмас Чукин ЕАЭО күйреудің алдында тұр деген болжам айтады.

"Өне-бойы дертке толы Еуразиялық одақтың демі бітетін күні алыс қалмаған сияқты. Аялдамасын, ақырына жетсін. Оның орнына бәлкім, "ЕАЭО-лайт" келетін болар. Мысалға, 1991 жылы Кеңес Одағы күйреп, республикалардың әрқайсысы өз ауылына тарағанда, көптеген маңызды байланыстарды – халықтардың барыс-келісін, алыс-берісін, мемлекетаралық сауданы, көлік қатынасын сақтауға ұйғарылды да, КСРО-дан ТМД тудырды. Ақыры не болды? Мүшелердің ит зықысы шықты, оған кірген республикалардың кейбірі бір-бірімен соғысты, қалғаны достықты ысырып, қырғи-қабақ болды, мәнісінде ТМД жалпы декларация күйінде қалды. Содан соң Мәскеу жаңа "супер-ТМД" діңгегін сомдауға кірісті, иі жұмсақ болып, ығына жығылғандарды жинап, алдымен Кеден одағын құрды, онысы 5 ел кірген Еуразиялық одаққа айналды", – дейді Алмас Чукин.

Ол ЕАЭО-ның басты 3 "туабітті" дертін атады. Біріншісі – шешім қабылдау тетігіндегі олқылықтар. Екіншісі, кедендік баж-алымдардан түскен табыстарды үлестірудегі әділетсіздіктер. Үшіншісі – Ресейдің үстемдігі.

Айталық, бұл одақтың барлық ұлтүстілік органдары Мәскеуде орналасқан, оларға басым көпшілігінде Ресей өкілдері басшылық етеді. Мәселен, 2012 жылы одақтың басты органы – Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы лауазымын ресейлік Виктор Христенко, одан кейін армяндық және ресейлік мемлекет қайраткері Тигран Саргсян атқарды. Қазір ЕЭК-ті – Беларусь өкілі Михаил Мясникович басқарып отыр. Еуразиялық интеграцияның авторы есептелетін Қазақстанға он жылдан бері кезек тиер емес.

Экономист керуеннің қарқынын шабан түйе айқындайды дейтін шығыс даналығын еске салды. Бұл ретте санкция қыспағындағы Ресей мен Беларусь шабан емес, ақсақ түйеге ұқсайтындай: интеграцияны кері тартуда. Қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімін не Ресейге, не Еуропаға өткізе алмай қиналып жатқаны мәлім.  

"Ең салмақты проблема – кеденнен түскен табысты алу. Кедендік бажды таратудың нормативтері 2015 жылы бекітілді және 2019 жылы былайша "түзетілді": Арменияға барлық алымның – 1,22%-ы (үлесі 2019 жылы +0,11%-ға көбейді), Беларуське – 4,860% (+0,704%-ға артты), Қазақстан – 6,955% (-0,1%-ға азайтылды), Қырғызстан – 1,9% (өзгеріссіз қалды), Ресей – 85,065% (-0,2%). Біз ортақ кедендік аумақ құрыппыз-мыс, сондықтан шекарадағы кез келген өтпе одақтың ортақ аумағына кіру болып есептеледі. Мысалы, қазақстандық бизнесмен Польшада тауар сатып алып, Брест арқылы ЕАЭО аумағына кірді делік. Оны беларустік кеденшілер қабылдап, ортақ баж алымын рәсімдейді де "Қазақстанға еркін өте беріңіз" дейді. Бірақ ол ақша "ортақ қазанға" түседі. Ақыр соңында барлық елдердің, соның ішінде Қазақстанның кедендерінен түскен бүкіл қаражаттың 6,955%-ын ғана Қазақстан алады. Басым бөлігі Ресей бюджетіне құйылады", – деп түсіндірді А. Чукин.

Экономисттің айтуынша, табысты бұлайша бөлу – экзотикалық жүйе болып табылады, әрі ақылға қонбайды: "оның қалай есептелгені түсініксіз". Әрине, одақтың, Ресей, Қазақстанның мамандары оның елдің ЖІӨ-сін, өткен жылдардағы сыртқы сауда көлемін және басқа да факторларын ескеретінін айтып, түсініктеме берген. Алайда Ресей және Беларусь санкцияға ілігіп, әлемнен оқшауланып жатқанда, одақ аясындағы экспорт, импорт, транзит Қазақстан аумағына ығысып жатқанда, барлық кедендік баждың 90 пайыздайын әлгі "қамаудағы" екі елдің алып қоюы қаншалықты әділетті?

"Мұның бәрі – өткеннің қаңсығы. Бүгінде "шахмат тақтасы" аударылып, "фигуралар" төңкеріліп қалды. Енді елестетіңіз: Қазақстан шекарасы арқылы 100 миллиард доллар тауар импортталып, одан 10 миллиард кедендік баж жиналды делік. Ескі есептеме бойынша біз соның тек 695 миллионын ғана аламыз да, 8,5 миллиардын Ресей қазынасына жолдаймыз. Мүмкін, бұрынғы кезеңде тауарлардың үлкен бөлігі Ресей аумағы арқылы өткен де шығар? Ал қазір санкциялық қыспақта бәрі өзгерді ғой. Ресей арқылы транзит күрт азайды, біз болсақ, өз жеріміз арқылы импортты өрістетудеміз, алайда одан бізге бәрібір пайда жоқ, себебі, сол бұрынғыдай 85% табысымызды РФ бюджетіне, тағы 5%-дайын – Беларуське беруге тиіс боламыз", – деді А. Чукин.

Ол таяуда Ресей және Беларусь өз аумағында кедендік бажды рубльмен жинауға шешім қабылдағанына назар аудартты, ал Қазақстан доллармен жинауын жалғастырады. Бұл жерде біздің жиған долларымызды Мәскеудің қандай бағаммен есептейтіні сұрақ тудырады. Олардың жинаған рубльдік баждарына қатысты да бағамдық айырмашылық туындауы мүмкін екен.

Бұған қоса, бір одақ кедендерінде екі валютаның қолданылуы әсіресе, нысаналы пункттер әртүрлі жүктерді жеткізушілер үшін нағыз сұмдықпен тең: декларациялауда, салықтық әкімшілендіруде қателесулерге, жазалануға соқтыруы ғажап емес. 

"Сөйтіп жақсы болсын дегені жаманға айналды. Бірақ біз бұл абсурдтік жүйені қазір жалғастыра беруге қақымыз жоқ. Уақытша болса да, ұлттық кедендік қызметімізді Еуразиялық одақ ішіндегі шекараларға қайтарған жөн. Әйтпесе, шекарашыларымыз кеденшілердің міндетін қоса атқарудан, бөлек есеп жүргізуден әбден шаршады. ЕАЭО-ға мүше елдердің өз арасында нөлдік ставкаларды және шектеусіз сауданы қалдыруға болады. Дегенмен сыртқы сауда айналымын есепке ала отырып, кедендік бажды және салықты бөлуді жаңаша тәртіпке келтіру қажет", – деді Алмас Чукин.

Оның байламынша, жаңа өмір шынайылығында ескі ережелермен өмір сүрудің мәні қалмады.

Өз кезегінде Мәскеу "Еуразиялық одақ елдері ортақ рубль аймағын құруға кіріскенін" жариялады. Бұл туралы таяуда ЕЭК Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша РФ Экономикалық даму министрі Максим Решетников жария етті.

"Әрбір мүше ел жинайтын кедендік баждың сол елдер арасында бекітілген пропорциялар бойынша таратылуы жалғастырылады. Бұл пропорциялар одақтың шартында бекітілген. Бір өзгерісі сол, бұған дейін осының бәрі шетелдік валютаны пайдалана отырып, жүзеге асырылатын. Бүгінгі таңда ұлттық валюталарда есептесуге кезең-кезеңмен көшуге уағдаластық. Бұл Ресей үшін аса маңызды. Себебі бізге түсіп, кейін әр елге үлестірілетін кедендік баждардың негізгі көлемі рубльде есептелетін болады. Бұл "ортақ рубль кеңістігінің" қалыптасуы басталғанын білдіреді", – деді Максим Решетников.

Сондай-ақ Ресей одаққа кіретін республикаларға "шекарадағы өткізу пунктеріндегі кедендегі рәсімдеу кезінде халық тұтынатын тауарларға басымдықты бекітуді" ұсынды. Өйткені әсіресе, Ресей және Беларусьте халық тұтынатын тауарлар тапшылығы басталды. Егер бұл ұсынысты Қазақстан қабылдаса, онда кеденнен ең алдымен шикізат, техника және басқасы емес, бұқараға қажетті тауарлар бірінші өткізілмек.

Жанат Ардақ

Фото: turkistannews.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу