ЕАЭО ортақ валюта тақырыбын тағы қозғады

3171

Еуразия экономикалық комиссиясының ресми өкілі Ия Малкина ұйым бірыңғай цифрлық валюта тақырыбына қайта оралуға дайын екенін мәлімдеді.

ЕАЭО ортақ валюта тақырыбын тағы қозғады

Еуразиялық экономикалық одақ аясында тағы да бірыңғай валюта тақырыбы қозғалды, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Нақтырақ айтсақ, Еуразия экономикалық комиссиясының ресми өкілі Ия Малкинаға Қырғыз тарапы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірыңғай цифрлық валюта құру мүмкін бе деген мәндегі сұрақ қойды. Сұрақ иесі – "Sputnik Қырғызстан".

"Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде бірыңғай валютаның цифрлық баламасын сынақтан өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма", – деп сұрады БАҚ өкілі ЭЕК-тің ресми өкілінің дәстүрлі брифингісінде.

Ия Малкинаның айтуына қарағанда, ЕАЭО мемлекеттерінде бірыңғай цифрлық валютаны енгізу жөнінде қандай да бір жоспар жоқ. 

"Одақ көлемінде цифрлық активтерді, цифрлық белгілер мен криптовалютаны пайдалану саласында үйлестірілген құқықтық орта  әзірлеу қажеттігі туралы бірыңғай пікір жоқ. Комиссия бірнеше жыл бұрын осы тақырып бойынша ұсыныс қабылдауды ұсынған болатын. Бірақ тараптар бұған дайын болмай шыққан", – дейді ЕЭК-тің ресми өкілі.

Ия Малкинаның екіұшты жауабында ортақ валюта тақырыбына үдере қарайтындардың да, үміттене қарайтындардың да көңіліне жағатын мәліметтер айтылды деуге болады.

"Сонымен қатар одаққа мүше елдердің орталық банктері ұлттық цифрлық валюта тақырыбын пысықтап жатыр. Мысалы, былтыр Ресей Банкі "цифрлық рубль" баяндамасын жариялады. Ал биыл мамыр айында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі "цифрлық теңге" баяндамасын ұсынды", – деп Мәскеу бастаған істі Нұр-Сұлтанның іліп әкеткенін меңзеді. Бұл мәліметті "әр ел өзінің ұлттық цифрлық валютасын дербес құрып жатыр" деп те қабылдауға болады.

Дегенмен ол ортақ валюта мәселесінде Еуразия экономикалық комиссиясының жоғарыдан үкім айтып, бірнеше мемлекеттің атынан пайым айтуға хақысы жоқ екенін ашық айтты. Бірақ тараптар бірыңғай валютаға байлану туралы ниет танытып жатса, қолдап әкетуге дайын отыр.

"Аталған мәселелер ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық құзыретіне жататынын атап өткім келеді. Бірақ тараптардың бастамасы бойынша елдерде цифрлық ұлттық валюта технологиясы табысты енгізілген жағдайда комиссия бұл мәселеге қайта оралуы мүмкін", – деп түйіндеді Ия Малкина.

ЕЭК өкілі айтқандай, мамыр айының басында Ұлттық банк "цифрлық теңге" туралы баяндама жариялаған болатын. https://inbusiness.kz/kz/last/ulttyk-bank-cifrlyk-tenge-shygarmak Құжатта валютаның бұл түрі қолданыстағы ұлттық валютаны алмастыруға арналмағаны баса айтылған. Бірақ ол қолданыстағы қағаз ақшамен қатар қолдануға жарамды.

Ұлттық банктің ұстанымы бойынша, "цифрлық теңгенің" артықшылықтар да, кемшіліктері де бар. Ал қазіргі онлайн-банкинг арқылы жасалатын аударымдардан айырмашылығы – арнайы электронды әмияндағы "цифрлық теңгемен" интернет ұстамайтын жерде де сауда жасай беруге болады.

Ұлттық банк ол кезде "цифрлық теңге" Қазақстан халқын онлайн банкинг қызметіне біржола кіріптарлықтан сақтандыру үшін ғана қолға алынып отырғанын мәлім еткен болатын.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу