CNPC-дің биржадағы әрекеттері күдік туғызды

11682

Сығымдалған газдың көбі экспортқа ішкі бағадан арзанға кетіп жатуы мүмкін.  

CNPC-дің биржадағы әрекеттері күдік туғызды

Еуразиялық экономикалық кеңестің мұнай-газ және мұнай өнімдерінің биржаларын ортақ нарыққа біріктіру туралы шешімін орындайтын кезең жақындаған сайын ішкі нарықта сатылатын сығымдалған газдың бәрін электронды сауда алаңына шығару мәселесі жиі көтеріле бастады. Жаңадан құрылған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де бұл мәселені қайта-қайта көтеріп, салаға жауапты министрлік пен нарықтағы ойыншыларды асықтыруда. Өткен аптадағы агенттіктің жиынында Энергетика министрлігі бұл межені 2021 жылдан 2024 жылға дейін кезең-кезеңге бөліп ұзартуды ұсынған болатын. Ал бұл жолы "CNPC-Ақтөбе мұнай-газ зауыты" наразылық білдірді. Кәсіпорын өкілі Жанна Левжинская қоданыстағы заңнама нарықтағы ойыншыларға Энергетика министрлігінің 2021 жылдың 1 қаңтарында орындалуға тиіс бұйрығын елемеуге мүмкіндік беретін айтып қасарысты. Агенттік  төрағасы Серік Жұманғариннің бұған жауабы дайын болып шықты.

"Сығымдалған газ бүгінде 3 сауда алаңы арқылы сатылады. Оның екеуі тауар биржасының жанынан ашылған болса, үшіншісі – дербес алаң.  Төмендегі слайдта ерекше тренд көрсетілген. CNPC бізде сығымдалған  газды биржада қалай сатады? Соңғы сатылымдар 21-25 қыркүйек аралығында болған екен. Ережені білесіздер, сауда сессиясы 5 күн жүреді және әр күн сайын негізгі көлемнің 20 пайызы шығарылып отырады. Мұндағы тренд таңғажайып! Әр күн сайын баға тура 10 пайыз өсіп отырады. Ережеде бұған жол берілген. Тіпті, басқа жолы жоқ та. Сауда алаңы сатушыға тиесілі болғандықтан, екіжақты бетпе-бет келісім туралы айтудың өзі артық. Сатушы CNPC екенін, баға қандай болатынын бәрі біледі. Бұдан кейін технологиялар іске кірісетін болуы керек. Өнімді сатып алу үшін алаңға бірінші кіріп, бірінші болып сатып алатын бот ұйымдастыру үшін біраз ақша төлеу қажет", – деген агенттік басшысы Энергетика министрлігі қалыптастырған жұмыс жүйесі о баста қате болғанын ашық айтты.

"Бұл неге әкеліп соқтырады? Бүгін мен әріптестеріммен сөйлестім. Бағаның өсіп бара жатқанына қалай қарайтындарын сұрасам, нарықтағы 100 мың тоннадай сығымдалған газдың 75 пайызы биржадан тыс сатылады екен. Оның ретті бағасын Энергетика министрлігі тоннасына 43 мың деп бекіткенін айтты.  Бір жолы CNPC-дің биржада ұсынған бағасы 80 мың теңгеден асып, сатып алушылар шағымданған екен. Биржадағы баға 55 мың болғанда, неге шағымданбаған сонда? Бұл бастала салып тоқтатылатын процесс қой. Мұндай процестің басы бар, аяғы жоқ боп тұр. Сонда 10 рет биржада сауда өткізсе, газ бағасы 100 пайыз шарықтап шығады деген сөз. Бұлай кете берсе, бензин бағасына да әсер етеді. Қазір бензиннің бір литрі 150 теңгенің айналасында тұруы, газдың одан арзан болуына байланысты. Біз мұндай схемамен жұмыс істей алмаймыз. Энергетика министрлігі ұсынып отырған схема о бастан жұмысқа жарамсыз. Мұнда ешқандай бәсекелестік жоқ. 6-7 сатушы, саусақпен санарлық сатып алушы ғана бар. Газ-желілік ұйымдар болмаса, басқалардың газды биржада да, биржадан тыс та сатып алуына мүмкіндік жоқ. Өйткені сығымдалған газды сақтайтын арнайы қойма болуы керек. Есі дұрыс мемлекеттте мұндай схема болмауы керек. Бағаны қалыптастырудың мұндай ашық емес схемасы етек жаймауы керек", – дейді Серік Жұманғарин.

Ол, сондай-ақ  CNPC компаниясының дербес биржасына қатысты күдіктер бар екенін де жасырмады.

"Сіз сауда келісімдері туралы ақпараттарды мемлекеттік органдардың біріне беретіндеріңізді айттыңыз. Солай болуы керек.  Егер шынымен мемлекеттік органға ақпарат берген болсаңыздар, солардан сұратамыз. Соңғы рет Энергетика министрлігімен сөйлескен кезде департамент директоры электронды сауда алаңынан тыс жасалатын келісімдерді көрмейтінін айтты, оған ондай ақпарат ұсынылмайды екен. Ал электронды сауда алаңдарында мынадай механизм бар. Егер бір сауда бойынша келісім бірнеше рет жасалмай қалса, алаңнан алынып, биржадан тыс сатылады. Мүмкін, осылай экспортқа кетіп жатқан шығар... Бізге  оның экспортқа қандай бағамен кетіп жатқаны қызық. Экспортқа шыққанда баға электронды алаңдағыдан төмендеп кетпей ме? Бұл электронды сауда алаңынан кетудің заңдастырылған механизмі емес пе? Сондықтан бұған қатысты ақпаратты біз үнемі бақылап және сұратып отырамыз. Осы мәселені зерттеп бастадық. Энергетика министрлігі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап нарықтан кетпекші. Оны өздері бағаның күрт өсу қаупімен түсіндіріп отыр. Біз ақпарат сұраттық. Егер электронды сауда алаңдарында сатылым ашық жүрмейтіні байқалса, тергеу бастаймыз. Тіпті, ол нарықтағы барлық ойыншыларды қамтуы мүмкін. Бірақ тергеу жүргізбесек, біз саладағы осал тұстарды анықтай алмаймыз", –  деді агенттік төрағасы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу