Қазақстан үшін ЕАЭО қаншалықты тиімді?

5311

Министрдің пікірінше, ЕАЭО-мен "дос" болғысы келетін мемлекеттер бар.

Қазақстан үшін ЕАЭО қаншалықты тиімді?

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) сынайтындарға жауап беріп, оның Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, соңғы кездері Қазақстанның ЕАЭО-дағы жетекші емес позициясына қатысты сын жиі айтыла бастаған.

Министрдің пікірінше, сауданы аймақтандырудың пайдалы екені, дәлелдеуді қажет етпейтін – аксиома. 

"Қазір халықаралық экономикада жекелеген елдердің нарығы үшін емес, жекелеген өңірлік сауда бірлестіктерінің нарығы үшін бәсекелестік жүріп жатыр.... Инвесторларлың басым бөлігі өз бизнесінің табыстылығын Қазақстан нарығына бағдар ретінде емес, Ресейге экспорт әлеуеті тұрғысынан бағалайды", - деп жазды Бақыт Сұлтанов Facebook-тегі жеке парағында.

Ведомство басшысы әр интеграциялық бірлестікте экономикалық көшбасшылар бар екенін айтады. Нәтижесінде экономикалық қуаты әлсіз елдер күшті серіктестердің есебінен өз деңгейін көтереді.

"Мысалы, Еуропалық Одаққа экономикалық даму деңгейі әртүрлі, бір-біріне мүлдем ұқсамайтын 27 мемлекет кіреді. Ондағы барлық өзара сауданың төрттен бірі, Еуропалық Одақтың көшбасшысы Германиға тиесілі. NAFTA-да Америка Құрама Штаттары (АҚШ). Оның өзара саудадағы үлесі шамамен 44%. Оңтүстік Африка Кеден Одағында (5 ел), Оңтүстік Африка Даму Қауымдастығында (16 ел) Оңтүстік Африка жетекші рөлге ие (өзара саудадағы үлесі 70%-дан асады).
MERCOSUR-да Бразилия (50%) және Аргентина (30%) бар, АСЕАН-да (10 елде) Сингапур тұр. Оның өзара саудадағы үлесі 30%-дан асады", - дейді министр.

Бақыт Сұлтанов ЕАЭО-дағы көшбасшы Ресей екенін атап өтті. Себебі, оған жалпы өңірлік ішкі өнімнің, мұнай мен газ өндірудің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жиынтық экспортының негізгі үлесі тиесілі.

Сондай-ақ министр Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақ неге маңызды екенін түсіндірді.

"5 жылда бірыңғай экономикалық кеңістікте тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күшінің және капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін ұлттық заңнамасының қомақты массиві құрылды. Мұнда барлық шешім консенсуспен қабылданады – әрбір мүше мемлекет оның ЖІӨ-не, қаржы жарналарының мөлшеріне немесе халық санына қарамастан тең дауысқа ие болады", - деді Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, қазақстандық экспорт (шикізаттық емес материалдарды қоса алғанда) ЕАЭО мүше-мемлекеттеріне 2015-2019 жылдары 25%-ға немесе 5,1-ден 6,4 млрд долларына дейін өскен.

Ол одақта көптеген кедергі мен шектеу бар екенін ашық айтты. 

"Себебі, әр ел өз өндірушілерінің мүддесін қорғайды (Қазақстан да соның қатарында). Бірақ Еуразиялық одақ алаңында бизнестен түсетін, саудада кедергінің болуы туралы шағымдарды қарау мерзімі 3 ай, ал Дүниежүзілік сауда ұйымында мұндай талап қою 2-3 жылға созылуы мүмкін", - деді министр.

Бақыт Сұлтановтың пікірінше, ЕАЭО-ның Қазақстан үшін маңызы даусыз. 

"Ресей басты сауда орталығы болып қала беретін одақ ішінде теңгерімсіздік байқалғанымен, Қазақстан үшін өнім өткізу нарықтары кеңейіп жатыр. Кедендік төлемдермен шығындар қысқарып, еркін сауда аймақтары шеңберінде елдердің нарықтарына қол жеткізу жеңілдей түсті. Вьетнам, Сингапур, Сербия, Иран Қазақстанмен, Ресеймен немесе басқа республикалармен емес, Еуразиялық одақпен "дос" болғысы келеді", - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде Еуразиялық одақта өнеркәсіптік кооперацияға баса назар аударылады. Кейін бірлескен өнім үшінші елдерге шығарылады. 

"Бұл бізге экономикамызды "жарқындатуға" көмектеседі және сенімсіздік дәрежесін төмендетеді", - деп түйіндеді сөзін Бақыт Сұлтанов.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу