ЕАЭО қатысушылары арасында 67 кедергі бар

2995

Ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев Еуразиялық одақ елдері арасында кедергілер сақталып отырғанын ашық айтады.

ЕАЭО қатысушылары арасында 67 кедергі бар

 – Жаслан Хасенұлы, Еуразиялық одақ елдері арасында шешілмеген мәселелер көп. Кейбір сарапшылар оның болашағына күмәнмен қарайтыны жасырын емес. Жалпы, бұл саммиттің мақсаты не?

– Бүгін президенттер бірқатар хаттама мен келісімді қарады, олар біздің интеграциялық бірлестік аясындағы жалпы экономикалық дамуға игі ықпал етуге тиіс. Мәселен, олардың арасында "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарларды бақылап отыру механизмі туралы" келісім бар. Ол одақ аясына енгізілетін тауарлардың қозғалысын, қай елге апарылып сатылатынын бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша, көлеңкелі тауар айналымымен және "сүр экономикамен" күрес күшейтіледі. Бұл біздің де экономикалық өркендеуімізге оң ықпал етуге тиіс.

Бұл келісім шаралардың тұтас кешенін көздейді, бірқатар техникалық және заңгерлік шарттар жасауды қарастырады. Келісімнің мақсаты кедендік баж және салық төлеуден жалтарудың әртүрлі схемаларын пайдаланудың жолдарын кесу, одақ мемлекеттері арасында тасу кезінде тауарлар айналымының заңдылығын растау болады. Сондай-ақ құжат "бақылап отырудың ұлттық жүйелеріне" деген ортақ талаптарды орнатады.

ЕАЭО мемлекет басшылары бірлігін көрсету үшін бірлескен мәлімдеме қабылдайтынын да жеке атап өткім келеді. Бұл Еуразиялық одақтың қалыптасқанын, 25 жыл толып отырған бұл идеяның табысқа жеткенін, оның өркендеу перспективасы барлығын бүкіл әлемдік қоғамдастыққа паш ету үшін жасалуда.

– Еуразиялық идеяның 25 жылдығында одақтастардың үлкен белеске шыққанын әлемге айғақтау үшін бірқатар ресейлік саясаткерлер "ЕАЭО ортақ валютасы" туралы құжат қабылдауды, ең құрығанда, жоғары деңгейде нақты мәлімдеме жасауды ұсынып жатты. Бұл қаралды ма?

– Жоқ. Ондай мәселе күн тәртібіне де шығарылған жоқ.

– Одақтастар цифрландыру бағытында бірлесе қимылдауға уағдаласыпты. Уағдаластықтың егжей-тегжейін айтып бере аласыз ба?

– ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі өте ауқымды. Алда ол бойынша бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Осы күндері әзірге тек цифрландырудың ортақ күн тәртібін түзу бойынша жалпы ұйымдастырушылық мәселелер ғана талқылануда. Қазірдің өзінде елдерден 50-ден астам бастама түсті. Олардың барлығы осы бағыттардағы іс-қимылдарды жақындатуға, ынтымақтастықты жақсартуға, бірлескен жобалардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жобалардың бірі – тауарларды таңбалауға байланысты. Ол тауарлардың көлеңкелі саудасымен, контрабандасымен күресуге көмектеседі. Біздің пікірімізше, қиындықтарына қарамастан, тауарды таңбалау – оңды құрал. Біз оны табанды түрде ендіре беретін боламыз.

Әзірше бұл бастаманы ендірудің бастапқы сатысындамыз. Сондықтан оның нақты қанша млрд теңге пайда әкелетіні туралы есеп-қисабымыз жоқ. Жұртшылықты босқа жаңылыстырғымыз келмейді. Бірақ қисынға салсақ, тауардың әрқайсысына таңба мен нөмір бекітіп, оларды көлеңкеден шығару мемлекеттеріміздің бюджетіне түсер баж және басқа салықтарды арттырады. Бұдан елдеріміздегі әртүрлі құрылымдық реформаларды жүргізу, әлеуметтік қорғау шаралары үшін қосымша қаражаттар түседі. Ол бизнеске де пайдалы болса керек: елде де, одақ аясында да адал бәсекелестік қалыптасады. Яғни бизнесті жүргізу сапасы артады. 

– "Еуразиялық одақ елге пайдасыз, өзара сауда кемімесе көбеймеді" деген сөздер айтылады, оған не дейсіз?

– Бүгінде ЕАЭО аясында өзара сауда-саттық шынында өсуде. Қазіргі уақытта одақ ішіндегі өзара тауарайналым тұтастай алғанда 19 млрд долларға жетті. Өткен жылы 7 пайызға ұлғайды. Биыл бұл динамика сақталуда. Бұл интеграциялық бірлестіктің пайдасы барлығын көрсетеді. Өзара сауда өскен сайын одан жекелеген ұлттық экономикаға келер табыс та артады.

– Ресей санкция қыспағында қалған өз экономикасын сақтау үшін протекционистік қатаң саясатқа көшті. Оның шалығы Қазақстанға да тиюде. Мәселен, Украинаға бірқатар тауарды Ресей арқылы жеткізу алдына тоспа құрылды. Протекционизммен бірлесе күреспей ме? Талқылай ма?

– Мұндай мәселелер тек саммитте ғана емес, ЕАЭО құрылымдарында, жоғары деңгейлі кеңестерде әрдайым талқыға салынып отырады. Интеграциялық бірлестіктің өзі елдер арасындағы осындай кедергі-тоспаларды толық жоймағанымен, азайтуға бағытталған.

Қарап отырмыз, барлық мүше елдер кедергілерді болашақта азайтуға, одақ аясында тауарлардың қозғалысын жеңілдетуге ұмтылуда. Осы мақсатта қазір "Ақ кітап" деген құрылды, мемлекеттеріміз арасында туындаған барлық кедергілер сонда көрініс тауып, олардың шешімін табуы қадағаланады. 

Дегенмен қазіргі кезде ЕАЭО қатысушылары арасында 67 кедергі орнап тұрғаны белгілі болуда. Біз оларды қысқарту бойынша арнайы жол картасын түздік. Осы бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу