Қазақстан ЕАЭО экономикасына 442,6 млн доллар құйды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3636

Ресей біздің елге 5,7 млрд доллардың тауарын жеткізді.

Қазақстан ЕАЭО экономикасына 442,6 млн доллар құйды

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы (ЕАЭО) елдермен тауар айналымы 2019 жылдың 4 айында 6,1 млрд долларға жетті. Алыс-берістің 91,8%-ы Ресейге тиесілі болды.

2018 жылы біздің ел одаққа мүше мемлекеттермен 19,1 млрд доллардың тауар айналымын жасады. Көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық.

Солтүстіктегі көршіміздің біздің нарықтан айырылғысы жоқ. Ол жыл сайын тауар айналымының көлемін ұлғайтып жатыр. Мысалы 2018 жылдың алғашқы 4 айында 5,6 млрд доллардың тауарын ұсынған Ресей, биыл дәл осындай уақытта Қазақстанға 5,7 млрд доллардың тауарын жеткізді. Осы қарқын жалғасатын болса, биыл екі ел арасындағы тауар айналымының құны 18 млрд доллардан асуы мүмкін.

Былтыр Қазақстанның сыртқы саудасының жиынтық көлемі 93,5 млрд доллардан асты. Биылғы жылдың 4 айында аталмыш көлем 28,7 млрд долларға тең болды. Тауар айналымы құрамында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үлес салмағы 21,3%  екені анықталды.

ЕАЭО елдерімен жасалған сауда-саттықтың 69,6%-ы импорттың үлесіне тиіп, ақшаға айналдырғанда 4,3 млрд долларға жетті. Ал экспорт жиынтық сауданың 30,4%-на пара-пар болып, 1,9 млрд долларды құрады.

2018 жылдың қорытындысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара сауда көлемі 59,7 млрд АҚШ долларына теңесті. Бұдан бір жыл бұрынғы көрсеткіш 54,7 млрд доллар еді.

2018 жылы ЕАЭО елдерінен Қазақстан экономикасына қомақты қаржы құйылды. Бұл ретте Ресейдің мажоритарлық инвестор болғанын атап өтуіміз керек. Былтыр ресейлік инвесторлар Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне - 3,1 млрд, кен өндіру өнеркәсібі мен карьер қазуға - 2,1 млрд, қаржы және сақтандыру қызметіне -1,4 млрд теңге салды.

Біле жүріңіз, елімізде 6 мыңнан астам ресейлік-қазақстандық кәсіпорын бар.

Айта кетейік, 2018 жылы отандық инвесторлар ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасын 442,6 млн доллармен қаржыландырды.

2018 жылы одақ құрамындағы елдердің барлығында экономикалық өсім байқалды. Мысалы Қазақстанда жалпы ішкі өнім - 4,1%-ға, Ресейде - 2,3%-ға, Беларусьте - 3%-ға, Қырғызстанда - 3,5%-ға, Арменияда - 5,2%-ға өсті.

ЕАЭО аясында Қазақстан мен Беларусь 2015 жылдан бері Қарағанды облысында "ҚазБелАЗ" ЖШС өздігінен тиеу машинасын құрастыру жобасын жүзеге асырып отыр. Мемлекетаралық бірлескен жобада белорусьтер қаржыландырып отырған 40-қа жуық субъекті мен 170-тен астам дилерлік желі және 8 құрастыру өндірісі жұмыс істейді.

Қазақстан бұған дейінгі қате-кемшіліктердің барлығын дұрыстап, Қырғызстанмен де сауда-экономикалық байланыс орнатып отыр. 2018 жылдың тамызында Қазақстан мен Қырғызстан үкіметаралық деңгейде

мемлекеттік шекара режимі туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Келісім мемлекеттер арасындағы шекараны кесіп өту және оны ұстау, өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын және жүктерді жылжыту ережелерін анықтады. Ал қыркүйек айында Қазақстан парламентінің мәжілісі "Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады.

2018 жылы Қазақстан Армениямен де байсалды байланыс жасады.

Тараптар сауда, инвестиция, кәсіпкерлік және көші-қон салаларындағы байланысқа серпін берді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу