"Ресейліктер доллар сатып алу үшін Қазақстанға лап қоюы мүмкін"

4925

Сарапшылар қаржылық реттеушіні және Үкіметті елдегі валюта саудасын ресейлік "экспансиядан" қорғауды сұрады.

"Ресейліктер доллар сатып алу үшін Қазақстанға лап қоюы мүмкін"

Солтүстік көршінің қаржы секторында масқара жағдай болып жатыр. Бүгін Ресейде доллардың бағамы деноминациядан бері алғаш рет 120,81 рубльден асты. Бұл – жаңа тарихи максимум. Ресейдің валюта нарығында қалған доллар мен еуроны нарық ойыншылары түк қоймай талап алып кетуде. РФ Орталық банкіне бір күнде 2 миллиард долларға интервенция жасауға тура келген.

"Алор Брокер" бас аналитигі Алексей Антоновтың айтуынша, батыстық санкциялар әсерінен Ресейдің ұлттық валютасының қайтадан сабан ақшаға айналып кетуінен тек "Орталық банктің валюталық операциясы және Кремльдің экспорттаушыларды валютадағы табыстарының 80 пайызын ішкі нарыққа айырбастауға мәжбүрлеуі" ғана сақтап қалып тұр.

Ресей рублінің әрі қарай тұңғиыққа құлауына Батыс елдерінің жаңа санкция енгізіп, енді ресейлік мұнай мен газға эмбарго белгілеуі, оны сатып алудан бас тарта бастауы түрткі болды.

Осының аясында РФ Орталық банкі Мәскеу биржасында ресейлік акцияларды сатуды тағы тоқтата тұруға ұйғарды. Себебі 28 ақпанда доғарылған сол сауда 9 наурыз күні қайта жандануға тиіс еді. Егер бүгін сауда ашылғанда, ресейлік компаниялардың акциялары центке дейін құнсызданып қалуы ықтимал еді. Осылайша, Ресей Украинаға басып кіргелі, Мәскеу биржасы тек валюта сатумен ғана айналысуда. Яғни қарадүрсін-примитивті "айырбастау бекетіне" айналып кетті. Оның өзінде таңғы және кешкі қосымша сессиялары өткізілмейді.

Осы орайда Ресей билігі азаматтарға доллар мен еуро сатып алуға тыйым салды. Оған сәйкес, банктер 2022 жылғы 9 қыркүйекке дейін халыққа қолма-қол валюта сатпайтын болады. Сондай-ақ шетелге ақша күйінде тек 5 мың долларды ғана шығаруға рұқсат. Бұрын сыртқа 10 мың долларды тегін шығаруға, одан асқанын декларациялауға міндеттейтін.

Әрине, валютаны банктік қосымшалар арқылы қолма-қолсыз сатып алуға мүмкіндік бар. Бірақ оның бағамы тым жоғары (1 доллар 160-170 рубльден сатылады). Бұл ретте валюталық депозиттерден тек 10 мың долларды ғана шешіп алуға рұқсат етіледі. Қалғаны – күн сайын құнсызданып жатқан рубльмен ғана беріледі.

Бұған АҚШ пен ЕуроОдақтың 2 наурыздан өз валюталарын Ресейге сатудан, жеткізуден және экспорттаудан бас тартқаны ықпал етіп отыр.

Осы күрделі жағдайда Ресейдің ВТБ секілді кейбір банктері амалсыз, Қытайдың юанінде депозит ашуды ұсына бастады. Дегенмен оған қызығушылық шамалы көрінеді. Ірі мегаполистері болмаса, Ресейдің көп өңірінде тұрғындар ҚХР валютасының түрі қандай екенін де білмейді, себебі айырбас пункттерінде сатылмайды.

Осы орайда доллар іздеген ресейліктер Қазақстанға қаптауы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Бұл мәселені көтерген қоғам белсендісі, кәсіпкер Фарида Сембаева қаржылық реттеушіге ұсыныс жолдады.

"Біз қаржылық секторымызды, тұтастай экономикалық кеңістігімізді ресейліктердің "шапқыншылығынан" қорғап қалудың қамын жасауға тиіспіз. Әйтпесе, 92-ші жылы Ресейде жаңа рубль енгізілгенде, олар жарамсыз болып қалған кеңес рублін бізге әкеліп төгіп, сол қу қағазына ресурстарымызды сатып алып кеткен. Қазір де міне, Ресей ауыр санкциялар астында қалып, рублі қайтадан макулатураға айналуда. Салдарынан ресейліктен қазірден сол макулатурасын біздің нарыққа лақтыра бастады. Жалған тұлғалар арқылы олар біздің қалаларымызда жаппай доллар мен еуроны сатып алады. Соның кесірінен рубль соңынан теңге құнсызданып, валюта бағамы ғарышқа ұшып барады", – дейді Ф. Сембаева.

Оның болжамынша, осыдан кейін екінші толқын басталады. Ресейліктер Қазақстандағы барлық импорттық тұрмыстық техниканы, машиналарды, запастық бөлшектерді, жанар-жағармайды, азық-түлікті және басқасын жаппай сатып әкете бастауы мүмкін.

"Салдарынан, біздің нарық жалаңаштанып, сөрелер бос қалады. Бүкіл заттың бағасы шарықтайды. Тіпті стратегиялық маңызды заттар, айталық дәрі-дәрмек таусылып, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнуі мүмкін. Мұндай көрініс 90 жылдары болған. Өткеннің қателігін қайталамауға тиіспіз. Ресейде басталып жатқан ессіздіктен, ақылдан жаңылушылықтан қазақстандықтарды құтқарып қалыңыздар. Қимылы шабан, ебедейсіз, енжар Үкімет тағы қапы қалайын деп тұр", – деп дабыл қақты Қаржылық реттеу агенттігіне хатында Фарида Сембаева.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бірақ нақты шешім әзірге қабылданбаған. Шаралар кешені де дайын емес көрінеді.

Экономист Марат Ерғозин азаматтардың алаңдаушылығы негізді деген ойда.

"Бұрын Қазақстанда тұрған, бірер жыл бұрын Ресей азаматтығын алып, көшіп кеткен таныс бизнесмен таяуда Алматыға келіп қайтты. Әр айырбастау бекетін аралап жүріп, рублді 160 мың долларға айырбастап, алып кетті. Елден валютаның әкетілуі қарқынды жүріп жатқанын құзырлы органдар да көріп-біліп отыр. Сондықтан шара қабылдаған жөн", – деді ол.

Сарапшының байламынша, Қаржылық реттеу агенттігі өз қаулысымен долларды шетелдіктерге қолма-қол сатуға шектеу енгізгені жөн.

"Бұл елдің инвестициялық тартымдылығына үлкен нұқсан келтірмейді, есесіне ішкі нарықты қорғап қаламыз. Қаржылық реттеушінің қаулысымен елімізде шетелдік валюта сатып алатын адам жеке куәлігін ұсынуға міндетті. Егер сатып алушы Ресей не басқа мемлекеттің паспортын көрсетсе, оған валюта сатпау керек. Шетелдіктер валютаны жалған адамдар – әлдебір Қазақстан азаматын ақша беріп қызықтырып, сол арқылы сатып алуы мүмкін. Ондай делдалдарды анықтау қиын емес, барлық ақпарат Қаржылық мониторинг агенттігіне түседі: терроризмді қаржыландырумен, заңсыз қаржы жылыстатумен күресетін орган өз атынан миллиондаған доллар өткізетін қазақстандықтарды тауып, тексере алады", – дейді М. Ерғозин.

Ол сондай-ақ Қазақстаннан 10 мың доллардан артық қаражатты қолма-қол шетелге алып шығуға уақытша тыйым салуды ұсынды. Себебі қаржы пирамидалары заңсыз тапқан табыстарын шетелге қолма-қол ақша күйінде әкетіп жатқаны мәлім. Бұл шектеу соған да тосқауыл қояр еді. Жағдай жақсарған соң ол шектеуді алып тастауға болады. Бұл ретте шетелге емделуге бара жатқандарды шектеуден босатқан жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу