Қазақстан Ресейге салынған санкциядан зардап шегеді

5260

Себебі солтүстегі көрші біздің ең басты сауда-экономикалық әріптесіміз. Ол Қазақстанмен алыс-беріс көрсеткіші бойынша Қытайдың алдын орап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Қазақстан Ресейге салынған санкциядан зардап шегеді

Былтыр қазақ пен орыстың тауар айналымы 23 млрд долларды құрады. Ресейдің Қазақстандағы инвестициясы 43 млрд долларға жетті. Ресми мәлімет бойынша, бізге келетін импорттың 42,1%-ы Ресейге тиесілі. Қазақстаннан сыртқа шығарылатын шикізаттың 80%-ы Ресей аумағы арқылы өтеді.

Қазіргі уақытта Шығыста Жапония бастап, батыста Ирландия қостап, әлем елдері Ресейге жаппай санкция салып жатыр. Саяси сарапшылардың сөзінше: "Бұл – Кремльдің Украинаға жасап жатқан әскери агрессиясына көрсетілген қарсылық".

Bloomberg-тің мәлімдеуінше, Германия Украинаға танкіге қарсы қолданатын 1 мың қару мен 500 Stinger ракетасын, Нидерланды Politico қаруын жөнелтетін болды. Еуроодақ билігі Ресейге ұшақ, тікұшақ сатудан және оларға техникалық қызмет көрсетуден бас тартты. Бельгия Украинаға 2 мың пулемёт, 3 800 тонна жанар-жағармай, Словакия 12 мың мина, 2 400 тонна авиациялық керосин, Bozena минадан тазарту кешенін беретінін мәлімдеді. Әзербайжан Украинаға 5 млн еуроның гуманитарлық көмегін жеткізді. Түркия Ресей әскери кемелерінің Қара теңіз бұғазы арқылы өтуіне тыйым салды. Жапония Ресейге нанотехнология ұсынбау туралы шешім қабылдаса, Ирландия Ресейге өздерінен жалға алған ұшақтарды қайтару туралы талап қойды. Тайвань Ресейге микросхема жеткізбейтінін, Қытай орыстардан мұнай алмайтынын жариялады. Осының ізінше Қытайдың 2 ірі мемлекеттік банкі Ресей Федерациясынан шикізат сатып алуға қатысты мәмілелерге қызмет көрсетуін тоқтатты.

S&P Ресейдің ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін BB+ деңгейіне түсірді. Инвесторлар Ресейдің қарыз облигацияларынан безіне бастады. Ресей халықаралық қаржы және инвестиция нарығында тығырыққа тірелді.

"Industrial & Commercial Bank of China оффшорлық бөлімшелері Батыс банктерінен кейін ресейлік шикізат экспорттаушыларымен мәмілелерді жабу үшін аккредитив беруге шектеу қойды. Банк жеткізілімге доллармен қызмет көрсетуді толығымен тоқтатты. Бірақ кейбір жағдайда юаньмен жасалған операцияларға аккредитив беруі мүмкін. Мұндай шешімді жоғары басшылық қабылдайды. Bank of China өзінің тәуекел-менеджментін шешу бойынша ресейлік шикізатты сатып алуды қаржыландыруды шектеді", – деп хабарлады Bloomberg.

Ресей осының барлығын қынқ етпей көтеріп отыр. Себебі басқа амалы жоқ.

Бір қарағанда әлемнің барлығы Украинаны қолдап отырған сияқты болып көрінеді. Дегенмен дәл қазір Украина Ресеймен жалғыз өзі соғысып жатыр.

Іс басындағы және бұрынғы президентінің, спортшылары мен әртістерінің қолына қару алғаны былай тұрсын, Украинаның қыз-келіншектері қасық қандары қалғанша соғысатындарын айтып, дұшпандарына сес көрсетуде. Ал Батыс елдері мен АҚШ Украинаға әскер кіргізуге асығар емес. Неге екенін өздері біледі. Мүмкін "Бірің өліп, бірің қал" деп отырған шығар, кім білсін?!

Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылса                   

Экономикасы шатқаяқтап, банктері дәрменсіз болып қалады. Рубль қазіргі құнымен жылап көріседі. Салдарынан теңге тағы да құнсызданады.

Ресейдің Қазақстандағы "Сбербанк", "Альфабанк", "ВТБ" банк сияқты қаржы ұйымдарының қаржылық операция жасау мүмкіндігі шектеледі.

Visa, MasterCard төлем жүйелері қызмет көрсетпейді. Шетел банктеріне ақша аударылмайды. Төлем карталары жарамсыз болып қалады. Apple Pay және оның баламалары сөндіріледі. Ресейге салынған санкцияның Қазақстанға тигізетін зардабының алғашы белгілері осылай білінеді.

Айта кетейік, бұған дейін Reuters алдағы уақытта Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылуы мүмкін екенін хабарлады.

"Бұл шешім Ресейге де, Батысқа да қымбатқа түседі", – деп жазды халықаралық ақпарат агенттігі.

Reuters-тің мәлімдеуінше, Еуроодақ елдерінің және АҚШ пен Ұлыбританияның орыстардың Украинадағы әскери әрекетіне қарсы қолданған алғашқы 2 санкциялық пакетіне Ресейді банкаралық төлем және SWIFT ақпарат алмасу жүйесінен ажырату шарасы кірген жоқ. Шектеу Ресей элитасына және оның экономикасының жекелеген секторларына сонымен қатар Ресейге жоғары технологиялық өнім экспортына ғана қойылды.

Bloomberg Ресейдің SWIFT жүйесінен ажыратылуын Еуропа елдері қолдамай отыр деп хабарлады.

"Әу баста Франция, Германия, Италия Ресейдің SWIFT жүйесінен ажыратылуына қарсы болды. Олар бұл шара өз экономикаларына соққы береді, ресейлік мұнай мен газды тасымалына төленетін төлемді қиындатады деп қауіптенді. Кейін Франция мен Италия ойларын өзгертті", – деп нақтылады Bloomberg Еуроодақтың сыртқы саяси қызметінің басшысы Жозеп Боррельдің сөзіне сілтеме жасап.

Нақтылайық, Ресейді SWIFT жүйесінен ажырату үшін Еуроодақтың 27 мемлекеті бірауыздан шешім қабылдауы керек. Бұл идеяны Британия, Польша, Литва, Кипр, Венгрия, Франция, Италия қолдады. Германия "Газпромнан" газ сатып алатындықтан, нақты шешім қабылдай алмай отыр.

SWIFT деген не?

Бұл – Бельгияда орналасқан Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunications атты қаржы институттарының жаһандық кооперативі.

1973 жылы дүниеге келген ұйым 15 елдің 239 банкін халықаралық төлемдерді өңдеу үшін біріктірді. Қазір SWIFT жүйесі 200-ден астам елдің 11 мыңнан астам қаржы институтының қызметін реттеп отыр.

SWIFT жүйесі арқылы күніне шамамамен 40 млн операция орындалаы. SWIFT іс жүзінде ешқандай ақша аударымын жүзеге асырмайды, бірақ халықаралық ақша ағынын қамтамасыз ететін байланыс инфрақұрылымының маңызды бөлігі болып табылады. Ол банктер арасында SMS отырады.

SWIFT саяси ұйым болмаса да, санкциялар пакетінде геосаяси құрал ретінде қолданылады. SWIFT жүйесінен ажыратылған елдің банктері ақша аударымын жасау мүмкіндігінен айырылады. Бұл кез келген елді экономикалық шығынға ұшыратады.

2012 жылы Иран SWIFT жүйесінен ажыратылды. 2013-14 жылдары Ресейдің Қырымдағы әрекетіне қарсы осы тәсілді қолдану бастамасы көтерілді. Бірақ іс аяқсыз қалды.

Әзірше Ресей SWIFT жүйесінен ажыратыла ма, ажыратылмай ма белгісіз. Себебі ол Еуропа мен бүкіл әлемге энергия ресурстарының негізгі жеткізушісі болып табылады.

Ресей SWIFT жүйесінен ажыратылса, әлемдік тізбек үзіледі. Бұдан Ресейді ғана емес, әлем елдері шығын шегеді.

Айтпақшы SWIFT жүйесінің баламасы бар. 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін қаржылық хабарлама беру жүйесі SPFS деп аталады. Бұл жүйе АҚШ санкциясына ұшыраған банктердің төлемін жүзеге асыру үшін құрылған. Бүгінге дейін бұл жүйені 300-ден астам компания қолданды.

Олардың арасында негізгі үлесін ресейліктер құрайтын шетелдік ұйымдар да болды.

Айбын Асқарұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу