Қазақстан Ресейдің "прокладка-еліне" айналып кетпей ме?

3233

Ресейліктер Батыстың санкцияларын көлеңкелі жолдармен еңсеруге тырысуда. Осы мақсатта ол Қазақстанды пайдалана бастағанға ұқсайды. Сонымен бірге елге жұмыс іздеп, ресейліктер ағылып жатқан көрінеді.  

Қазақстан Ресейдің "прокладка-еліне" айналып кетпей ме?

Алматылық кеңесші-консультант Анна Андрееваның айтуынша, Мәскеу "арнайы әскери операциясын" бастағалы бері Қазақстаннан жұмыс іздеген көршілердің қатары күрт артты.

"Еңбек министрлігі тек жұмыс іздеп келген және мигрант ретінде ресми тіркелген шетелдіктер бойынша ғана мәліметтерге ие. Негізі, отандық статистика "ақсап" жатыр, көп жайт ескерілмейді. Мысалы, Ресейден мамандар Қазақстандағы компанияларға жұмысқа тұрып, қашықтан, онлайн қызмет көрсетуге көшуде. Өйткені санкция салдарынан оларда көптеген компания жабылып, қалғандары ұжымын қысқартып жатыр. Отандық компаниялар ресейлік мамандармен еңбек келісімшартын бекітуде: ол қызметкерлер Қазақстанға келмей-ақ, жұмысты қашықтан, Ресейден орындайды. Олардың арасында айти-мамандар, жобалаушы-инженерлер, дизайнерлер, маркетологтар, пиаршылар, SEO-ілгерілетушілер, тестілеушілер және басқасы бар. Ұлттық компаниялардың бірі қомақты қаржыға ресейлік блогерлерді тартты. Қазақстан үшін кейбір ролик Ресейде дайындалады", – дейді Анна.

Ол ресейліктердің Қазақстан НҚА-ларының талаптарына сәйкес құжаттамаларды дайындай алмайтынын, біздің заңды білмейтінін жеткізді: "Олардан талап етілетін құжаттарды, келісімшарттарды, бұйрықтарды, жобалау-сметалық құжаттаманы, басқасын біздің фирма әзірлейді". Айтпақшы, ол Еңбек министрі Тамара Дүйсеноваға хат жазып, "осы құжаттамалардың бәрін тек орыс тілінде жүргізуге бола ма?" деп сұраған. Өйткені "фирмамыз шағын, жұмыс ауқымы орасан әрі ұлғаюда, олардың бәрін мемлекеттік тілге аударып отыру қиын" дейді. Министрден әзірге жауап келмепті.    

Таксиші Василий Сергеевич бұған дейін Тольяттидегі "Автоваз" зауытында жұмыс істеген. Батыс санкциялары кесірінен кәсіпорын жабылыпты. Қазір Қарағандыда жеке көлігімен "Индрайвер" арқылы қалааралық жолаушы және жүк тасымалы қызметімен айналысады.

"Біздің зауыттың құрал-жабдықтары, қондырғылары Мәскеуге әкетіліп жатыр деп естідім. Сонда "Москич" өндірісі жолға қойылады-мыс. Бірақ біздің мамандарды Мәскеуге шақырмады. Содан бірнеше әріптесіммен бірге Қазақстанға тарттым. Хостелде тұрып жатырмын, су-тегін екен, 250 рублдей ғана (1,5 мың теңге). Тольяттиде хостелдер бұдан он-жиырма еседей қымбат тұрады. Табысым қомақты. Алғашқы бөлігін рублге аударып, үйге жіберіп те қойдым. Қазақстанда тіпті тіркелмей жұмыс істеуге жол ашық екенін білдім. Бірақ алда жеке кәсіпкер ретінде тіркелу ойымда бар, таныстарымның мәліметінше, ол үшін тіпті Қазақстан азаматы болудың да қажеті жоқ екен", – дейді Василий.

Ресей азаматтары Қазақстанда кәсіпкерлік қызметпен еркін айналыса алатынын салық органы растады. Олар тіпті жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ең минималды салық төлей алады. Сондай-ақ Еуразиялық одақ елдерінен ауған келімсектерге елімізде бизнеспен айналысу үшін рұқсат не лицензия алу да қажет емес болып шықты.

"Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения азаматтары елімізде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыра алатынын хабарлайды. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою  рұқсат беру тәртібінен – хабарлама жіберу тәртібіне ауыстырылды. Оған сәйкес, жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелу үшін мемкірістер органына жеке кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама ұсынады. Ол хабарламаны eGov.kz, "e-Salyq business" ұялы қосымшасы, банктердің мобильді қосымшалары арқылы жіберуге болады. Яғни, өзінің жеке келуі талап етілмейді. Сондай-ақ мемкірістер органдарының "Қызмет көрсету орталықтарында" қағаз түрінде де хабарлама бере алады", – деп хабарлады салық органы.

Тіркеу хабарлама жолданғаннан бастап 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы ақпаратты  www.kgd.gov.kz порталында "Салық төлеушіні іздеу" батырмасы арқылы электронды сервистерден ала алады.

Әділет министрі Қанат Мусин өз блогында отандық заңнамаға сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу хабарлама тәртібімен, тіркеуші органның қатысуынсыз іске асырылатынын түсіндірді. Оның айтуынша, "бұл процесс толығымен автоматтандырылған".

Қарап тұрсаңыз, ресейліктерге елімізде жеке кәсіпкерге берілетін барлық артықшылықтарды пайдалануы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер қызметін тексеруге мораторий қойылған мәлім. Демек, ресейлік "бизнесмендердің" немен айналысып жүргенін құзырлы органдар кем дегенде 2023 жылға дейін тексеріп, қадағалай алмауы мүмкін. Оның үстіне қазір отандық бизнес ұйымдары ел басшылығынан мораторийді тағы ұзарту сұрап жатыр.

Сонымен бірге ресейліктер мұны да азсынып, өздеріне қазақстандықтар сияқты, "бірыңғай жиынтық төлем" төлеуге көшу мүмкіндігін беруді сұрайды. Ол мүмкіндік берілсе, төлейтін салығы тиын-тебенге теңеспек.  

Әрине, бизнесмендер санының көбейгеніне қуану керек те шығар. Алайда сарапшылардың пікірінше, ресейлік капиталдың қатысуымен не солардың жасырын қолдауымен құрылып жатқан бизнес нысандары Ресейге Батыстың санкцияларын айналып өтуге жол ашуы ықтимал.

"Қазақстан аумағында Ресейдің 20% және Қазақстанның 80% үлесі бар компанияны тіркедік. Ол Ресейдің АҚШ, Молдова сияқты елдермен арасында делдал болады. Осы арқылы Америка мен Молдова аумағында ресейлік телеарналарды трансляциялау жолға қойылады. Барлық есепайырысулар Қазақстан арқылы жүреді. Алайда лизензиары – Ресей. Мысал үшін америкалық абонент Қазақстанға 1 мың доллар жолдайды, Қазақстандағы компания делдалдығы үшін оның 1%-ын өзіне қалдырады, қалғанын тегіс РФ-ға жолдайды", – дейді Әлия Қ.

Ольга Левкова Мемкірістер комитетіне жолдаған сұрауында Ресейдің ірі компаниясы Қазақстанда филиалын ашқанын, бірақ қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелмегенін жеткізді. Сондай-ақ осы бөлімшесі арқылы Ресейде қатқа айналған тауарлық-материалдық құндылықтарды, жабдықтарды Қазақстан атынан сатып алып, соңынан Ресейге жөнелтетінін жеткізе келе, еліміздің бас салықшысынан "бұл операцияны экспортқа жатқызуға бола ма?" деп сұрады. Әзірге жауап алмапты. Ал Қазақстанда экспорттаушыларға жеңілдіктер беріліп, қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілетіні белгілі.

"Ресейдің санкцияға тап болып, алыс шетелге банктік аударымдар жасай алмай қалуына байланысты, ресейлік кәсіпорын біздің ЖШС-ға ұсыныспен шықты. Осыған орай кәсіпорнымыз Ресейден тауарларды импорттап, оны Еуразиялық одақтан тыс, алыс шетелге экспорттаумен айналысатын болды. Бұған дейін ЖШС-ымыз шетелге тауар экспорттауды жүзеге асырған емес. Тауарлар санкция салынған өнімдер тізіміне кірмейді", – дейді А.Садуақас.

Сарапшылар санкцияны айналып өтуге көмектесетін ел, бизнестің жаргонында "прокладка" деп аталатынына назар аудартады. Әлеуметтік желіде Украина тарапының "Қазақстан, жалпы Еуразиялық одақ Ресейдің "прокладкасына" айналып кеткен жоқ па?" деген алаңдаушылығын аңғаруға болады.

Украиналық, ресейлік, тіпті батыстық басылымдар ресейліктердің Қазақстан және Өзбекстан арқылы Visa және MasterCard төлем жүйелерінің шектеулерін айналып өтіп жатқанын хабарлады.

Ресей туроператорлары қауымдастығының (АТОР) атқарушы директоры Майя Ломидзенің дерегінше, көптеген туроператорлар "банк картасы үшін саяхатты" ұйымдастыруды ойластырды. Осы мақсатта Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Армения, Әзербайжан, Түркия ұсынылатын көрінеді.  

"Тағы бір вариант – банк картасын қашықтан иелену. Мұндай қызметті ресейліктерге Easypay сервисі ұсынады. Компания Ресей тұрғындарына қазақстандық ЖСН алуға, қазақстандық ұялы оператордың SIM-картасын рәсімдеуге, жергілікті банктің өкілдерімен видеосұхбат өткізуге және есепшот ашуға көмектеседі. Осыдан кейін Visa немесе MasterCard виртуалды картасын ашады. Қазақстандық картаға, есепшотқа қаражатты тікелей Ресейде отырып енгізуге болады. Бұл үшін "Золотая Корона" пайдаланылады. Соның көмегімен Қазақстаннан ресейлік карталарға аударымдар жасауға болады", – дейді сарапшы.

Ресейлік компанияның отандық өкілдігінің басшысы Алексей Никифоровтың мәліметінше, олар Қазақстанда мемсатып алуларға қатысады. Өкілдік мемлекеттік контракт аясында жеткізіліп жатқан тауарларға электронды шот-фактура жазумен шұғылданады. Тендерден түскен түсім, қаражат Ресейдегі бас ұйымның есепшотына аударады.  

Жалпы, схемалар көп. Нақтылай кететін жайт, Қазақстан Үкіметі Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге көмектеспейтінін ресми мәлімдеді. Бұл сөзінде тұрды және мемлекеттік деңгейге ондай жәрдем көрсетіп отырған жоқ. Сарапшылар ондай көмектер бизнес деңгейінде жүзеге асуы мүмкін деген тұжырымға келді.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу