Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың желтоқсанында елімізде АИ-95/АИ-96 маркалы жанармай 0,8% қымбаттап, литріне 171,3 теңгеге жеткен. Ал АИ-98 бағасы 1,4% қымбаттап, литріне 190,2 теңгеге, АИ-92 бағасы 2,7% өсіп, литрі 150,6 теңгеге бағаланды.
Қазақстан әлемдік жанармай ең арзан мемлекеттер рейтингінде 8 сатыға тұрақтағанын ескерсек, уайымдауға негіз жоқ сияқты. Алайда 2025 жылы біз бұл тізімнен шығуып қалуымыз мүмкін. Себебі ЕАЭО аясында бірыңғай энергетикалық нарық құрылмақ. Бұл мұнай, газ өнімдерінің бағасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бағасымен теңесуі мүмкін деген сөз.
Бұл пікірмен экономист Бауыржан Ысқақов та келіседі. Оның айтуынша, еліміздегі баға саясаты көршілер мемлекеттермен тікелей байланысты. Қазірдің өзінде көрші Қырғызстанда АИ-92 маркалы жанармай 230 теңгенің шамасында. Ал Ресейде 240 теңгеге бағаланып отыр. Былтырғы жылдың желтоқсанында батыстағы көршімізде жанармай 8%-ға қымбаттады. Ал жыл басынан бері баға 1-2%-ға өскен.
"Еуразиялық экономикалық одақта баға ортақ нарықпен реттеледі. Одақ аясында шекаралас мемлекеттердегі жанар-жағармай бағасының теңестірілмеуі Қазақстан үшін тиімсіз болады. Мәселен, Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекаралас Қаракемер деген ауыл бар. Сонда жанармай бағасы 150 теңге болатын болса, сол ауылдан 2 шақырым өткеннен кейін 212 теңге тұрады. Онда күн сайын Қазақстанға бактарын босатып, қаншама көлік келеді. Тіпті 200-300 литр бензинді ыдыстарға құйып алып, заңсыз жолмен өз елдерінде қымбатырақ бағамен сатады. Осындай жағдай Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтарында да бар. Сондықтан біртіндеп баға теңестіріледі", – дейді маман.
Сарапшының бұл сөзіне GlobalPetrolPrices.com сайтында келтірген деректер дәлел. 2021 жылдың 15 ақпанындағы жағдай бойынша Ресейде жанармайдың 1 литрі орта есеппен 270 теңге (0,652 доллар), Өзбекстанда – 310 теңге (0,745 доллар), Түркіменстанда – 185 теңге (0,428 доллар), Кырғызстанда – 210 теңгені (0,472 доллар) құрады. Салыстырмалы түрде алып қарасақ Қазақстанда жанармайдың литрі –150-170 теңге (0,408 доллар) тұрады.
"Иә, ішкі нарықтағы жанармай құнына мұнай бағасы, салықтар мен акциздер, логистика мәселесі әсер ететіні анық. Бірақ баға 5 теңге, 10 теңгеден қосылып, аталған мемлекеттердің көрсеткішіне жетеді. Мәселен, АИ 92-нің өзі 80-100 теңге шамасында қымбаттауы мүмкін", – дейді Бауыржан Ысқақов.
Tickmill халақаралық брокерлік топ сарапшысы Арман Бейсембаев бұл айырмашылық алып сатарлыққа алып келетінін айтады.
"Бір жерде бағаның жоғары, бір жерде төмен болуы – бұл нарықтың тиімсіздігін көрсетеді. Осылайша арбитраждық басталады, яғни, арзанырақ сатып алып, қымбатырақ сату мүмкіндігі туады. Бұған қоса өндірушілер үшін жанармайды ішкі нарықта сату тиімсіз", – дейді спикер.
Visasam.ru сайтында көрсетілген деректерге сүйенсек Ресейдегі орташа жалақы 788 доллар, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 486 доллар шамасында. Бұған сәйкес жанармай бағасының да айырмашылығы бар. Мысалы, Ресейде литріне 0,652 доллар, Қазақстанда литрі 0,408 доллар. Алайда бұл көрсеткіш басқа көршілермен салыстырғанда жанармай бағасына әсер етпейді. Мысалы, Өзбекстанда орташа жалақы 184 доллар, Қырғызстанда 253 доллар. Өзбекстанда екі МӨЗ бар, алайда өз шикізаты жетіспейтіндіктен жанармай бағасы бізден жоғары. Қырғызстанда шикізат та, өндіріс те жоқ болғандықтан бензин бағасы шарықтап тұр.
Құралай Құдайберген