Утилизациялық алым көлік бағасын аспандатып тұр

3361

Себебі, утилизациялық алым өте қымбат.  

Утилизациялық алым көлік бағасын аспандатып тұр

Мәселен, биыл қозғалтқыш көлемі 2,5 литр болатын көлікке алым 1,5 млн теңгеге өскен. Сондықтан бір топ белсенді утилизациялық алымды тоқтату туралы ұсыныспен петицияға қол жинап жатыр. Толығырақ іnbussiness.kz тілшісінің материалында.

Белсенді топтың мүшесі Нұраддин Садықовтың айтуынша, петицияның мақсаты – көлік бағасын арзандату.

«2016 жылы елімізде утилизациялық алым енгізілді. Ондағы мақсат – экологияны жақсарту мен отандық автопаркті жаңарту болды. Менің ойымша, бұл реформа өзін ақтаған жоқ. Мысалы, 2016 жылдан 2018 жылға дейін жаңа көліктердің саны 416 мыңға азайды. Ал 5 жылда отандық автопарк 72%-ға ескіріп, көлік бағасы шарықтап кетті», - деді азаматтық белсенді.

Утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) белгіленеді. Оның көлемі де жыл сайын өсіп отырады. Мысалы, 2021 жылғы 1 қаңтарда АЕК 2 917 теңге болды.

Алымның базалық мөлшерлемесі 50 АЕК. Биыл ол 145 850 теңгеге теңгеге тең.

Осы жылы қозғалтқыш көлемі 2,5 литр болатын Toyota Camry Қазақстанға кіргенде төленетін утилизациялық алым мөлшері 1 млн 458 мың 500  теңге болса, ал 3,5 литрлік көлікке 3 млн 354 мың 550 теңге төлеу керек.

«Шетелден әкелінген көлікті тіркеу үшін 5 негізгі алымды төлеу керек: кедендік рәсімдеу, утилизациялық алым, көлікті алғашқы есепке қою алымы (первичное регистрация), еуростандарт сертификаты (көлік Еуро-4, Еуро-5 стандартына сай келуі тиіс), мемлекеттік нөмірді сатып аларда төленетін алым. Мұндағы утилизация және көлікті алғашқы есепке қою алымдарын ақылға қонымсыз деп санаймын. Себебі, олар нарықтағы көлік бағасын бірнеше есе өсірді, сондықтан шетелден көлік әкелу азайды», - деді Нұраддин Садықов.

«Утилизациялық алымды алып тастау керек»

Азаматтық белсенді бұл алымды алып тастау керек дейді.

«Менің ойымша, жеңіл көліктер үшін утилизациялық алымды алып тастау керек. Себебі, олар қоршаған ортаға көп зиянын тигізбейді. Ал ауыр жүк көліктері үшін бұл алымды 200 доллар (85 мың 748 теңге, 1 доллар – 428,74 теңге) көлемінде белгілеу қажет», - деді белсенді топтың мүшесі.

«Көлік арзандайды»

Нұраддин Садықов утилизациялық алым алынса, Қазақстанда көлік бағасы арзандауы мүмкін екенін айтады.

«Алымның алынуы көлік бағасына міндетті түрде әсер етеді. Мысалы, қозғалтқыш көлемі 2,5 литр болатын Toyota Camry көлігіне шамамен 1,5 млн теңге утилизациялық алым төлеу керек. Оны алып тастасақ, нарықта бұл көлік бағасы 25-30%-ға арзандайды. Осылайша, халықтың көлік сатып алуға мүмкіндігі артады», - деді азаматтық белсенді.

Iskermen өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының төрағасы Тимур Жаркенов шарықтаған бағаны түсіру үшін утилизация алымын төмендету керек деп санайды.

«Менің ойымша, алымның мөлшерін төмендету керек. Мысалы, Жапония және Еуропа елдерінде утилизациялық алым шамамен 50-200 доллар (21 мың 436 теңге – 85 мың 748 теңге, 1 доллар – 428,74 теңге) Бұл – ақылға қонымды баға. Ол экологияны қорғауға да, көлікті кәдеге жаратуға да жеткілікті», - деді сарапшы.

«Сатылып жатқан көліктерге алымның бағасы қосылған»

Сондай-ақ, ол көліктің қымбат болуына қатысты жеке пікірін білдірді. Оның пікірінше, қымбатшылық қолдан жасалып отыр.

«Әлемде утилизациялық алым көлік бағасына айтарлықтай әсерін тигізбейді. Алайда елімізде барлығы керісінше. Мысалы, қозғалтқыш көлемі 2,5 литр болатын көліктің алымы – 1,5 млн теңге. Елімізде сатылып жатқан көлік бағасына осы алым қосылып отыр. Сондай-ақ, оған көлікті алғашқы есепке қою алымын (первичное регистрация) қосыңыз. Мұның барлығы Қазақстанға сапалы көліктерді алып келуге кедергі жасайды», - деді Тимур Жаркенов.

«Олар тек өз көлігін сатқысы келеді»

Ол бағаның шарықтап кетуіне лоббистер кінәлі екенін айтады.

«Салада өз  мүддесін қорғап отырған лоббистер бар. Олар өз көліктерін ғана сатқысы келеді. Мүдделі топ шетелден көлік әкелінбес үшін осындай қадамға барып отыр. Адамдар шетелден көлік алып келе алмаса, белгілі бір деңгейде монополия пайда болады ғой.  Ондай жағдайда сіз тек ірі бизнес өкілдерінен көлік сатып алуға мәжбүр боласыз. Сондықтан олар бағаны қалағанынша көтереді», - деді сарапшы.

Экономист Мақсат Халық «утилизациялық алым керек» деген пікірді ұстанады.

«Себебі, қандай да бір тауар өндіріледі, белгілі бір уақыттан кейін ол тозып, қоқысқа айналады. Қоршаған ортаны қорғау үшін бұл алым болуы шарт. Алайда оның мөлшері қымбат болмауы керек. Мәселе осыған келіп тіреледі. Жиналған қаржының қайда жұмсалғаны туралы есеп ашық жариялануы қажет», - деді сарапшы.

Ол бұл алымның мөлшері төмендесе де көлік айтарлықтай арзандамауы мүмкін екенін жеткізді.

«Көліктің бағасы сәл төмендеуі мүмкін, айтарлықтай емес. Оған әсер ететін басқа да факторлар бар. Мысалы, көліктің қымбат болуына Еуразиялық экономикалық одақ аясында жасалған келісімдер де әсерін тигізіп отыр», - деп түйіндеді сөзін Мақсат Халық.

Оның пікірінше, бұл мәселелер Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте талқылануы керек. Биыл кеңеске Қазақстан төрағалық етеді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу