Қара металл нарығы: Кәсіпкерлер мемлекеттен көмек сұрады

2941

2020 жылдың мамырынан қара метал сынығын экспорттап жүрген қазақстандық кәсіпкерлер шығынға белшесінен батқан.  

Қара металл нарығы: Кәсіпкерлер мемлекеттен көмек сұрады

Олар қомақты табыстан айырылғанын, құқығы бұзылғанын айтып, мемлекеттік органнан көмек сұрады, деп хабарлайды іnbusiness.kz тілшісі.

Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері одағының төрағасы Владимир Дворецкийдің айтуынша, өткен жылдың мамырында Қазақстанда металл сынығын экспорттауға тыйым салынған.

"2020 жылдың мамырынан осы уақытқа дейін Ресейге металл сынығын шығармау салдарынан Қазақстан 70 млрд теңгеден айырылды. Бұл кірістің 60%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің үлесінде. Яғни елімізде 100 мың адам темір теріп, күнін көріп жүр. Оның 50 мыңы 500-600 мың теңге табысынан айырылды. Олар үшін бұл қомақты ақша. Ал "ҚТЖ" ҰК" АҚ металл сынығын вагондарға тиемеу салдарынан 4 млрд теңгеден қағылды", – деді төраға елордада өткен отырыста.

Ол бұл мәселеге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) және "ҚТЖ" ұлттық компаниясы жауап беруі керек деген пікірде.

"ИИДМ (бізге – автор) кедергі жасап отыр. Министрлік "ҚТЖ" АҚ-ға метал сынығын вагондарға тиемеуге пәрмен берген. Ол жасырын берілген. Менің ойымша, олар заңды бұзып отыр. Бізде дәлелдер бар... Сауда және интеграция министрлігі кедергілерді жоюы керек", – деді Владимир Дворецкий.

Одақтың мәліметінше, металл сынығын экспорттауға тыйым салынғаннан кейін отандық 140 кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Ал қалған кәсіпкерлер шығынға белшесінен батқанын айтады.

"2020 жылдың мамырынан кәсібім тұралап қалды. Металл сынығын

Ресей мен Өзбекстанға сата алмай отырмын. Бізге ИИДМ, "ҚТЖ" АҚ

кедергі келтіріп отыр. Салдарынан компания шығынға батып жатыр. Ал мен кредит алып, оған метал сынығын алған едім", – деді "Асыл трэк и брэнд стиль" ЖШС-ның өкілі Асылбек Әбілдинов.

Кәсіпкер отандық металлургия зауыттары қара металл сынығын арзанға алатынын, оның өзінде ақшаны бірден бермейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Ресейде металл сынығы 30%-ға қымбат. Сондықтан кәсіпкерлер өз өнімін шетелге сатуға тырысады екен.

Ал "ҚТЖ-жүк тасымалы" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Қанат Көбесов елімізде металл сынығын экспорттауға тыйым салынғанбағанын атап өтті.

"Біріншіден, қара металл сынығын шетелге шығаруға тыйым салынған жоқ. Біз ешкімнің құқын бұзған жоқпыз. Екіншіден, 2019 жылы 1,5 млн тонна металл сынығы тиелді. 2020 жылғы көрсеткіш осыған ұқсас. Үшіншіден, жоспарға тоқталайын. Менің ойымша, кәсіпкерлер (металл сынығын – автор) көбірек жібергісі келген сияқты. Осылайша, алыпсатарлыққа сұраныс артқан", – деді басшы.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов мұндай тыйымның мүлдем салынбағанын, кәсіпкерлер мен ведомство арасында түсінбестік туындағанын айтты.

"Қазақстанда көліктің барлық түрімен металл сынығын экспорттауға тыйым салынбаған. Шектеу тек

автокөлікпен тасымалдауға байланысты. Қазір біз бұл құжатты премьер-министр кеңсесімен талқылап жатырмыз. Наурыздың соңына дейін бір шешімге келсек, оны қабылдайтын шығармыз", - деді министрдің орынбасары.

Аманияз Ержанов құжат көлеңкелі металл сынығы экспортымен күресуге, салық түсімін арттыруға, жолдың сапасын сақтауға мүмкіндік беретінін айтады.

Сонымен қатар вице-министр металл сынығын экспортқа шығару барысында туындаған қиындыққа тоқталды.

Оның айтуынша, 2021 жылдың маусымында қара металл сынығын өндіретін компаниялар және қауымдастықтармен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.

"Мұнда тараптар бірінші кезекте металлургия зауыттарын тиісті өніммен қамтамасыз етуге келіскен. Осылайша, металл сынығын өндірітін 164 кәсіпорын жауапкершілік

мойнына алды. Ал қалған өнімді қайда жіберсеңіздер де өздеріңіз білесіздер. Мұнда проблема жоқ. Жауапты тұлға ретінде бұл мәселе бойынша сіздермен ақылдасуға, көмектесуге дайынмын", - деді Аманияз Ержанов.

Сонымен қатар ол металл сынығын өндіретін кәсіпорындардан түсетін салықтың аз болуы күмән тудыратынын ашық айтты.

"Мемлекеттік кірістер комитетінің 2020 жылғы статистикасына тоқталайын. Өткен жылы отандық металлургия зауыттары 190 млрд теңге салық төледі. Ал металл сынығын өндіретін кәсіпорындар шетелге 580 мың тонна өнім шығарғанымен 1 млрд теңге салық төлеген. Сіздер металлургия зауыттары мен металл сынығын өндіретін кәсіпорындардан түсетін салықтың айырмашылығын көріп тұрсыздар ма?", – деді вице-министр.

Сөз соңында Аманияз Ержанов ЕАЭО-ға мүше кейбір мемлекет металл сынығын экспорттауға тыйым салғанын, бұл салада Қазақстан да өз мүддесін қорғайтынын атап өтті.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу