Павлодардың Тұздысорынан тұз өндірілмек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4648

"Павлодартұз" компаниясы биыл жаңа кен орнын іске қосуды жоспарлап отыр.  

Павлодардың Тұздысорынан тұз өндірілмек

"Павлодартұз" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылы жаңа кен орнын іске қосады. Кен орны ретінде Екібастұз қаласының аумағындағы Тұздысор көлі таңдалып алынды. Бұл жердегі тұздың қоры 6 млн 376 мың тоннаға бағаланып отыр.

Осы уақытқа дейін барлау, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы көктемде құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары басталады. Оған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысады деп күтілуде. Өйткені, компания мен университет арасында қызмет көрсету бойынша тиісті келісімшарт жасалған.

2019 жылы жаңа кен орнында құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, электр энергиясын тарту желісі, тұзды өндіру және өңдеу учаскелері салынды. Жобаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде 250 млн теңге жұмсалған. Енді бұған сатып алынатын құрал-жабдықтардың қаражаты қосылады.

Кәсіпорын директоры Денис Семеновтің сөзінше, университет өкілдері кен байыту фабрикасын сенімді электрмен жабдықтауы керек.

"Университет мамандары әзірлеушілермен және мердігер компаниялармен бірге жабдықтарды монтаждау жұмыстарына қатысады деп күтілуде. Аталған жұмыс барысында электр қозғалтқышты түрлі факторлардың, оның ішінде тұз, шамадан тыс жүктеме және тағы да басқа дүниелердің әсерінен қорғауды ұйымдастыру бойынша белгілі бір ұсыныстар жасалуы мүмкін. Жергілікті ғалымдардың бұл бағытта айтарлықтай жетістіктері бар. Солардың бірқатары өндіріс барысында қолданылмақ", – деді "Павлодартұз" ЖШС директоры.

Университет ғалымдарын энергетика факультетінің деканы Александр Кислов бастап барады. Профессордың сөзінше, білім, ғылым және өндіріс секілді үш тағанның бір арнада түйісуі – уақыттың талабы.

"Біздің ғалымдардың аталған бағытта қол жеткізген нақты жетістіктері бар. Олардың барлығы компания жұмысында қолданылады деген сенімдеміз. Біздің кафедраның мамандары кәсіпорындарды аралап, өз жетістіктерін жарнамалайды. Бүгінде Павлодар мұнай-химия зауытымен, Екібастұз қалалық электр торабымен, "Нефтехим ЛТД" компаниясымен бірлескен жұмыстарды қолға алу жоспарлануда", – дейді Александр Кислов.

Компания директорының сөзінше, жаңа кен орнын игерудегі негізгі мақсат – тұз экспортын ұлғайту емес. Дұрысы – болашақта салынатын кальцилендірілген сода зауытын шикізатпен қамту. Аталған зауытқа жылына 300 мың тонна тұз қажет.

Бүгінде "Павлодартұз" ЖШС-ның құрамына үш кен орны кіреді. Олар – Үлкен Қалқаман көлі, Үлкен Тобылжан көлі және Тұздысор көлі. Алғашқысынан жылына 50-60 мың тонна шикізат өндіріледі. Өндірілген жалпы өнімнің 90 пайызы Ресей Федерациясына экспортталады. Компания бұл бағытқа бес жыл қатарынан өнім жеткізуде. Экспорт көлемі жыл сайын шамамен 10 пайызға өсіп келеді.

Биыл іске қосылатын жаңа кен орнынан жыл соңына дейін 30-50 мың тонна өнім өндіру жоспарлануда. Мақсат – алдағы үш жылда толық қуаттылыққа шығу. Яғни, жылына 150 мың тонна тұз өндірілуі керек.

Еске сала кетейік, "Павлодартұз" ЖШС Павлодар өңіріндегі ірі компаниялардың бірі. Оның жұмыс істеп келе жатқанына 95 жыл болды. Компания өнеркәсіптік тұтыну үшін тұз өндіруге, өңдеуге және сатуға мамандандырылған. Серіктестіктегі жұмыстар маусымдық сипатқа ие. Яғни, өндіру жұмыстары сәуір айында басталып, қарашада аяқталады. Ал өнімді өңдеу және тиеу жұмыстары жыл бойы жүргізіледі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу