"Тарифті көтеруге жол бермейміз!"

3762

Павлодарда жолаушылар тасымалына қатысты мәселелер әлі шешілмей келеді.  

"Тарифті көтеруге жол бермейміз!"

Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов облыс орталығы тұрғындарын тасымалдайтын 6 кәсіпорын басшыларымен кездесіп, әкімдіктің көзқарасын нақты білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін "Павлодар облыстық жолаушылар Одағы" қауымдастығының басшысы Василий Рудаков трамвай, автобустар мен шағын автобустарда тура 4 жыл бұрын қабылданған 80 теңгелік жолақы шығындарды жаппайтынын алға тартып, тарифті 100 теңгеге дейін көтеруді талап еткен болатын. Тіпті, жергілікті биліктің назарын аударту үшін осы мәселе бойынша сотқа жүгінуге бекініп еді. Василий Рудаковтың сөзінше, соңғы 2017 жылдан бері басқа түгілі дизель отынының өзі екі есеге қымбаттады. Сондықтан қоғамдық көліктерде жүру ақысын өсіру – уақыт талабы.

Алайда Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов тарифті арттыруға жол берілмейтінін қадап айтты. Оған қоса, жергілікті билік алты кәсіпорынның барлығына жеңілдікпен жүретін 16 санат өкілдері үшін өтемақының уақытылы төлеп отырғанын атап өтті. Әкімнің сөзінше, жыл басынан бері жолаушыларды тасымалдайтын компанияларға 332 млн теңге төленді. Сондай-ақ өткен аптада қосымша бөлінген 192 млн теңгені төлеу басталды. Бүгінгі таңда алты кәсіпорынға оның 94 млн теңгесі аударылды. Қалған сома жыл соңына дейін толық беріледі.  

"Қала әкімдігіне тұрғындар тарапынын жүргізушілер мен кондукторларға қатысты шағым жиі түседі. Көп жағдайда автобус қызметкерлері жеңілдікпен, тегін жүретін жолаушыларға дөрекелік танытып, олардың қоғамдық көлікте қатынағаны үшін ешкім өтемақы бермейтінін айтатын көрінеді. Мұндай жалған ақпаратты таратуға, адамдарды алдауға жол беруге болмайды. Біз алты тасымалдаушы компания алдында міндетімізді орындап, тегін және жолақының жартысын төлеп жүретін тұрғындар үшін тиісті қаражат төлеп отырмыз", – деді Асайын Байханов.

Шаһар басшысы бұл мәселе төңірегінде автобустарды жалға алатын қосымша мердігерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін алға тартты. Себебі әр маршрут бойынша әкімдік пен ресми тіркелген алты кәсіпорын арасында ғана келісімшарт жасалды. Ал өтемақыны көліктерді жалға алушылармен бөлісу – кәсіпорындардың жұмысы. Қазіргі уақытта бір шағын автобус пен үлкен классты автобусты жалдау ақысы – күніне 5-15 мың теңге. Жүргізушілер компания басшылығына осы соманы төлеп, жолақыдан түскен қалған табысты қалтаға басады. Сондықтан қоғамдық көліктермен қанша жолаушы қатынайтынын нақты ешкім білмейді.

Бұл ретте Асайын Байханов электронды билет жүйесі бойынша бір ғана операторды таңдауды талап етті. Себебі "Avtobys" және "O-CITY" көлік карталарын қатар алып жүру, қай автобуста қандай көлік картасы жарамды екенін анықтау тұрғындарға қолайсыздықтар тудырады. Бүгіннен бастап трамвайларда "O-CITY" жүйесі жұмыс істемейтін болды. Мұнда енді тек "Avtobys" қалды. Оның карталарымен үлкен классты автобустардың барлығында жүруге болады. Ал "O-CITY" картасы кейбір үлкен автобустар мен шағын автобустарда ғана жарамды.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар осы айдың ортасына дейін бәріне ортақ болар бір операторды қалдыруға уәде берді. 30 мыңға жуық тұрғын екі компанияның да картасын алған тұста бір операторды таңдау, бірыңғай билет енгізу мәселесі қалай шешілері әзірше белгісіз.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу