Павлодарда радиоактивті қалдықтарды сақтайтын қойма салынбақ

5990

Бірақ оның жобасына қатысты сын-пікір көп.

Павлодарда радиоактивті қалдықтарды сақтайтын қойма салынбақ

Семей полигонындағы атомдық жарылыстардан соң құнарлығын жоғалтып, қауіпті жерге айналған топырақ Павлодар облысының Май ауданында сақталатын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сынақтар жүргізілген аумақ бүгінгі күні дәл осы ауданның территориясына кіреді және ҚР Ұлттық ядорлық орталығының құзырында болып саналады. Сондықтан бұл орталық аталмыш аудан аумағында топырақты сақтайтын қойма салуды көздеп отыр. Қойманың жобасын Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласындағы Атомдық энергия орталығы дайындады.

Бұл жобаға сәйкес, жалпы ауданы 1800 шаршы метр болатын нысан металл құрылымдардан салынады. Оның ішінде 1500 тонна радиоактивті қалдық, яғни залалданған топырақ сақталады. Мұнда Ұлттық ядорлық орталық мамандары жұмыс істейді. Орталықтың бас инженері Александр Коровиковтың айтуына қарағанда, қызметкерлер 30 жылға жуық уақыт аралығында айтарлықтай тәжірибе жинап, білікті мамандарға айналды.

"Болжамды түрде қоймада қандай да бір апат болып, контейнер бұзылуы мүмкін дегеннің өзінде тек сол жерге залал келеді. Одан әрі қарай ешқайда тарамайды", - дейді Александр Коровиков.

Алайда бұл жоба талқыланған қоғамдық тыңдауға қатысушылар қоймадан қауіптеніп отыр. Павлодарлық эколог Юрий Павленконың ойынша, оны металл құралымдардан емес, бетоннан салу керек.

"Сынақ алаңының суреті жоқ, сол себепті ол жерде қазір ненің қандай көлемде бары белгісіз. Ұсынылып отырған әдіс ешқандай нәтиже бермейді. Металл контейнерлер 30 жыл қызмет көрсетіп, кейін герметизациясын жояды.Бұл тағы да қиындықтар тудыруы әбден мүмкін. Жұмысшыларды жеке қорғаныс заттарымен қамту, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де қарастырылмаған. Қысқасы, жоба әлі шикі", – деп санайды эколог.

Сондай-ақ, қоғам белсенділері қалдықтың жалпыға ортақ жолдармен елді мекендердің жанынан өтуі қауіпті болуы ықтимал дегенді алға тартып отыр. Осыны ескеріп, топырақты сынақ алаңынан сақтау орнына төте жолмен жеткізу керек деп пайымдайды.

"Радиоактивті қалдықтарды тасымалдау туралы құжаттарда оларды жалпыға ортақ жолдармен тасымалдауға болатыны туралы жазылған. Себебі радиоактивті материалдар мен топырақтар тиелген көлікті ешқандай талаптар мен стандарттарға сай келмейтін жолмен жеткізу мүмкін емес. Қалдықтарды контейнерге салған соң тиісті талдамалық жұмыстар жүргізіледі. Егер дозаның қуаттылығы белгіленген нормадан асатын болса, ондай контейнерлер тасымалданбайды", – дейді бас инженер.

"Эком" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, эколог Светлана Могилюк жобаның қоршаған әсері туралы құжатты әлі де жетілдіру керектігін жеткізді. Оған қоса, Май ауданының аумағындағы қоймаға басқа өңірлердің қалдықтарын әкелуі мүмкін деген ойын бүгіп қалмады.

Жобаны жасаушылардың айтуынша, қоймаға тек 1500 тонна қалдық сыяды. Полигонның өзінде қалдықтың көлемі бұдан едәуір көп. Семейдің радиоактивті қалдықтарының өзі түгел сыймайтын тұста басқа аймақтардан жеткізу – қисынға келмейді, дейді олар.

Курчатов қалалық мәслихатының депутаты Владимир Демышев керісінше жобаға қолдау білдірді.

"Радиоактивті қалдық қазір ашық аспан астында жатыр. Кез келген қалдықты жинап, тазалау керек емес пе? Сол сияқты оларды да қоймаға апарып сақтау керек", – дейді депутат.

50-ден астам адам қатысқан қоғамдық тыңдау өтті деп есептелді. Жобаны жасаушылар онлайн режимде өткен кездесу барысында айтылған ескертулерді ензіуі керек. Кейін ол мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу