Павлодар қаласында 1957 жылы ашылған "№1 Автобус паркі" ЖШС кезекті рет сатылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аталмыш парк 2015 жылы жекешелендіру бағдарламасы аясында 1,1 млрд теңгеге жеке компанияның қолына өткен болатын. Сол тұста жергілікті билік кәсіпорынның жаңа басшылығына кемінде 30 автобус сатып алу туралы талап қойды. "Қазақстандық құрылыс тобы" компаниясы бұл талапты асыра орындап, сол жылдың желтоқсан айында МАЗ маркалы 36 қоғамдық көліктің таныстырылымын өткізді. Бірақ жаңа автобустар облыс тұрғындарына небары үш ай қызмет көрсетті. Белгілі болғандай, автопарк басшылығы қаржылық қиындыққа тап болып, несиеге алған көліктердің қаржысын уақытылы төлей алмаған. Сондықтан автобустың барлығын өндірушіге қайтарып беруге тура келді.
Сондай-ақ, "Қазақстандық құрылыс тобы" ЖШС жергілікті әкімдікке келісімшартта көрсетілген 1,1 млрд теңгені толықтай өтей алмады. Мемлекеттің қазынасына 200 млн теңге аударумен шектелді. Сол себепті аталмыш компания мен Павлодар қаласының қаржы бөлімі арасында жасалған келісімшарт бұзылып, автобус паркі қайтадан мемлекеттің меншігіне өтті.
Араға бес жыл салып облыс билігі 60 жылдан астам тарихы бар кәсіпорынды қайта сатуды ұйғарды. gosreestr.kz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, сауда-саттық осы жылдың 31 тамызында өтеді. Нысанның бастапқы бағасы - 672,9 млн теңге. Конкурсқа қатысуға ниетті компаниялар алдымен 87,5 млн теңге көлемінде кепілдік жарнасын төлеуі тиіс.
Айта кетейік, бүгінде №1 автобус паркі 13 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Мұнда 95 адам жұмыс істейді. Парктің иелігінде 1989-2019 жылдары аралығында шығарылған 100-ден астам автобус бар.
Кәсіпорынның қаржылық есебі бойынша, 2019 жылы таза табысы 26 мың теңгені, шығыны 1,2 млн теңгені құраған. Ал осы жылдың алғашқы бес ай аралығындағы шығын көлемі 48,7 млн теңгеге жетіп отыр.
Кәсіпорынды бағалау құжатында компания шығынының көлемі бірнеше себеппен түсіндіріледі.
"Біріншіден, бағыттардың тең жартысының әлеуметтік маңызы бар деп саналады. Екіншіден, олар мемлекет тарапынан субсидияланбайды. Ал бұл ретте лизингке алған техниканы күтіп-ұстауға жұмсалатын шығын көлемі артып келеді", - делінген құжатта.
Шығыннан табысқа көшу үшін субсидия қарастыру, жеңілдікпен жүретін жолаушылардың шығынын өтеу, тарифті өсіру, электронды билет енгізу қажеттілігі де көрсетілген.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы №1 автобус паркі – мемлекеттің 100% үлесі бар еліміздегі 9 кәсіпорынның бірі. Жалпы, Қазақстанда барлығы 409 автобус паркі бар.
Ажар Дәулетова