Экспорттаушылардың шығынын өтеп беруде

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5976

Мемлекет экспортқа бағдарланған жүзден астам павлодарлық компанияның шығынын төледі.  

Экспорттаушылардың шығынын өтеп беруде

Кез келген кәсіп мемлекеттің қолдау-көмегінсіз дами алмайды. Әсіресе, кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін ашуға мемлекеттің демеуі керек. Бұл ретте, "QazIndustry" қазақстандық индустрия және экспорт орталығының жәрдемі көп. Орталықтың Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша жауапты өкілі Аслан Бекбергенов айтуынша,
елімізде өнеркәсіптік кәсіпорындарға технологиялық шешімдерден бастап сертификаттауға, экспортқа және цифрлық технологияларды енгізуге дейінгі барлық кезеңдерде жәрдем көрсетіледі. Яғни, қайтарымсыз қолдау шаралары ұсынылады.

"Мәселен, мемлекет өңделген тауарларды экспорттаушылардың өнімдерін шетелде жарнамалауға, олардың шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелерге, фестивальдарға тікелей қатысуларына, ақпараттарды шет тілдеріне аударуға және арнайы каталог шығаруға, өнімді шетелде сертификаттауға, қойманы, сауда үй-жайларын жалға алуға байланысты шығындарды өтейді", ­- дейді Аслан Бекбергенов.

Елеулі шаралардың бірі – көлік шығындарының бір бөлігін өтеу. Экспорттаушылар 2020 жылдың 1 маусымына дейінгі аралықта мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын алуға өтінім бере алады. Сонымен қатар, қызметкерлерді оқытуға, кәсіпорындар жұмысына шетелдік мамандар тартуға байланысты шығындар да орталық арқылы өтеледі. Кәсіпорындар жабдықтарды монтаждау және іске қосу-баптау, автоматтандырылған жүйелерді, 4.0 Индустрия элементтерін енгізу және біздің отандық кәсіпорындар көтеретін басқа да шығындар бойынша "кэшбэк" ала алады. Еңбек өнімділігін арттыру бойынша шығындарды өтеуді алуға өтінімдер жыл бойы қабылданады. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну ережелері www.qazindustry.gov.kz. сайтында берілген.

"Мұндай қолдау көрсетілетін кәсіпорындар қатарына барлық санаттағы өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары кіреді. Яғни, көмекті шағын және орта әрі ірі бизнес пайдалана алады. Бірақ нақты талаптар бар. Мысалы, еңбек өнімділігін арттыруға байланысты кеткен шығындардың бір бөлігін қайтарып алу үшін кәсіпорын қызметін экономиканың басым секторларында кемінде 1 жыл жүзеге асыруы қажет. Ал экспорттық шығындарды өтегісі келетіндер отандық өңделген тауарларды өндіруші немесе өндірілген өнімді өткізетін оның еншілес компаниясы болуы қажет", - дейді Аслан Бекбергенов.

Орталық өкілінің сөзінше, былтыр ел бойынша "еңбек өнімділігін арттыру" бағыты шеңберінде 69 кәсіпорыннан жалпы сомасы 779,15 млн теңгенің 122 өтінімі бойынша шығындар өтелген. Ал "отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға шығару" бағыты аясында 139 кәсіпорыннан 3,9 млрд теңгеге 179 өтінім бойынша шығындар өтеліпті. Оның 3,5 млрд теңгесі - тауарларды жеткізуге байланысты шығындар, ал 350,5 млн теңгесі - тауарларды жылжытуға арналған шығындар.

"2019 жылы Павлодар облысы бойынша "Павлодарская соляная компания" және "Егер" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімді экспорттау кезінде жұмсалған көлік шығындары мемлекет тарапынан өтелді. "Проммашкомплект" ЖШС-іне жұмысқа шетелдік қызметкерді тарту шығындары төленді. "TROYA" компаниясы" ЖШС-іне монтаждау және іске қосу-реттеу жұмыстары бойынша шығындары өтелді", ­- дейді Аслан Бекбергенов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу