"Ресейлік есептегі" көліктер мәселесі қалай шешілмек?

6645

Қазақстан аумағында көрші Ресейден әкелінген 200 мыңнан астам көлік жүр.  

"Ресейлік есептегі" көліктер мәселесі қалай шешілмек?

Дені сатып алу сату шарты арқылы кіргізілген. Бірақ барлығының құжаты дұрыс деп айтуға келмейді. Жақында ҚР Ішкі істер министрлігі елде сақтандыру полисін алған "Ресейлік есептегі" автокөліктердің тізімін алып, Ресейлік әріптестеріне сұрау жіберген. Жауап көп күттірмей келіпті. Ресей ІІМ қылмыстық полициясы берген тізім бойынша, 600 автокөлік ұрланған болып шықты. Қазірдің өзінде 200-ге жуық көліктің қайда екенін анықталыпты. Бұдан басқа, 80 мыңнан аса көлік Ресей Федерациясының есебінен шығарылған, бірақ Қазақстанда есепке тұрмаған. Міне, осы дерек пайда болғалы ресейлік нөмірлі көліктер тексеріле бастады.

БАЗЫНАСЫ БАР ЖҰРТ БАС ҚОСТЫ

Бұл автолардың құжаты тек тексеріліп қойған жоқ. Ресейден тіркеуден алынып тасталған қозғалыс құралдары айып тұрағына жіберіле бастады. Мұны естіген 100-ге жуық азамат Нұр-Сұлтандағы арнайы ХҚКО ғимараты маңына жиналды. Солардың бірі – Батырбек Бекжан. Осыдан 6 ай бұрын ресейлік тіркеудегі көлікті қолдан сатып алған.

"Көлік алғаныма 6-7 ай болды. Ресейлік тіркеудегі бұл автоның құны 3-4 миллион теңгенің айналасында. Қазақстандық тіркеудегі дәл осындай авто 7-8 миллион тұрады. Менің ондай қаражатым жоқ. Сондықтан осы темір тұлпарды тізгіндедім. Автоны көрші мемлекеттегі түп иесі атынан шығарып тастағанын білген жоқпын. Бізге ешкім ештеңе айтпады. Үкіметтен сұрайтынымыз бір ғана нәрсе. Бізге Армениядан әкелінген көліктерге сияқты сары нөмір берілсін немесе қалта көтеретіндей етіп төлем алып, атымызға шығаруға рұқсат етсін!", – дейді көлік иесі.

Еліміздің қай өңірін алып қарасаңыз да, ресейлік тіркеудегі көліктер, көбіне қызмет көрсету саласында қолданылып жүр. Негізінен зат жеткізу және таксиде көп төбе көрсетеді. Ішкі істер министрлігінің рейдтік шараларына қарсы шыққан тағы бір тұрғын Байдос Нұрқанов. Ол бұл автолар бір-бір отбасының жалғыз табыс көзі деп кесіп айтты. 

"Біз ерікеннен бас қосып, жиналып жүрген жоқпыз. Мен бұл жерге әлі айып тұрағына алып кетпеген көлігіммен жеттім. Бізді ресейлік көлік алуға не итермеледі? Біріншіден, ол өз нарығымызда автоның шамадан тыс қымбаттауы. Осы арзан әрі ескі техникамен бала-шағамызды асырап жүрміз. Мақтан не қызық көру үшін сатып алмадық. Ресейлік көліктермен осындай мәселе болатынын неге тиісті органдардағы мамандар алдын ала ескертпеді? Алдын ала айтса, алмас едік қой. Ел қатарлы "страховка" төлеп, айыппұл келсе оны уақытылы жауып отырмын", – дейді  Байдос Нұрқанов.

ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Қараша халықпен кездесуге Ішкі істер органдарының өкілдері шықты. Нұр-Сұлтан полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаевқа жиналған жұрт реніштерін білдірді. Полиция қызметкері өз дәлелдерін келтірді. 

"Ресейден сенім хатпен келген көлікті ел территориясына кіргізбеуге құқығымыз жоқ. Оны мінген азамат Қазақстанға құжаты дұрыс болса кіре алады. Мәселе басқада. Ары қарай түрлі жолмен, тіпті алаяқтықпен автосын сатып жіберуі мүмкін. Полиция қызметкерлері  әрқайсысын қадағалап жүрмейді", – деді ІІМ өкілі.

Яғни кез келген азамат Ресейден сатып алу сату шарты арқылы авто әкелуге құқылы. Кейін, өзге адамға құжаттарды қолына беріп, ақшаны санап алып, еш келісім жасамай, басы бүтін беріп жібере алады. Бұл біздің нарықта сауданың "қалыпты" жағдайына айналып кетті. Міне, 200 мың көрші елдің темір тұлпары Қазақстанда шауып жүргенінің себебі осында жатыр.

"Көлік басқа мемлекетте тіркелген болса, кедендік рәсімдеуден өту керек. Мемлекеттік баж салығын төлеңіз. Әркімнің жағдайы әртүрлі. Сол жақ рөлді көліктер бізге тіркеле алады, ал оң жақ рөлді көліктер өкінішке қарай, жоқ", – дейді Нұр-Сұлтан қалалық ІІБ өкілі, полиция подполковнигі Елжан Чубеков.

ЗАҢДЫ БІЛМЕУ, ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БОСАТПАЙДЫ

Бұл оқиға күні кеше ғана шумен аяқталған Армениялық автолардың оқиғасын еске түсіреді. Нақтырақ айтсақ, сол сценарий айна қатесіз қайталанып отыр. Ол кезде де, халық сол мемлекеттен көлік тасып, өзі мінді, өзгеге сатып кәсіп қылған еді. Соңында тіркеуге техникаларын қоймай, наразылық акцияларын өткізді. Соңында сары нөмір тағатын болып тынышталды. Заңгер Жандос Тұяқов, сол кезде қарапайым халық сабақ алу керек еді деген пікірде.

"Сіз өз қаражатыңыздың иесісіз. Заңды білмесеңіз, мемлекет сізді оқытуға міндетті емес. Егер тәртіп бұзсаңыз, құзырлы орган жазаға тартуға міндетті. Көлікті алып, сосын ғана оның қандай проблемасы болуы мүмкін деп ойлану ақылға қонымсыз. Сондықтан ресейлік тіркеудегі көлікті қолдан алмас бұрын, барлық қауіп қатерді есепке алу керек еді", – дейді заңгер.

БАҒАСЫ У-ДАЙ УТИЛИЗАЦИЯЛЫҚ АЛЫМ

Халықтың шетелден әкелген көліктерін Қазақстанға тіркемеуінің негізгі бір себебі бар. Нақтырақ айтсақ, тіркей алмауының түбі қайда жатқаны анық. Қып-қызыл құны бар утилизациялық алымды, көптің қалтасы көтермейді. Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда бұл алым базалық ставкамен есептеледі және көлік түріне қарай көбейтіледі. Яғни базалық ставка – 50 АЕК (2021 жыл – 145 850 теңге). Осы базалық ставка автокөліктің түрі мен категориясына қарай арнайы шығарылған коэффициентке көбейтіледі. Біздің үкімет реформаның қай түрін алса да, кәрі құрлыққа қарап бой түзеуге ұмтылады. Бірақ бұл жолы емес сияқты. Мысалы, Еуропа одағы елдерінің утилизациялық алымы бәріне ортақ. Шамамен, жаңадан сатып алған көлікті тіркеу үшін 100 еуро төлеу керек. Нидерландыда мүлде 45 еуро ғана. Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуар Эдоков жаза ұстатар бір мысал келтірді.

"Мысалы, мен 2000 жылғы "Toyota RAV4" көлігін АҚШ-тан 4 мың долларға алдым. Мемлекет менен оны елде тіркеу үшін 10 000 доллар талап етті. Бұл сұмдық сома! Үкімет бізден бұл ақшаны сығып алып отыр. Жоғарыдағы аталған қаражаттың бір бөлігі утилизациялық алымға, екінші бөлігі алғашқы тіркеуге деп көрсетіледі. Бұл ақша өз кезегінде отандық автоөнеркәсіпті дамытуға бағытталады дейді. Бірақ біздің мемлекетте көлік шығару керемет дамып кетті деп айта алмаймын. Бұл ережеге өзгеріс керек екені айдан анық. Мұндай төлем жасай алмаған соң, отандастарымыз ресейлік көліктерді алуға мәжбүр болғанын жасырмаймын. Бірақ олар да заңнан аттай алмайды. Жауап беруге тура келеді", – дейді сарапшы Эдуард Эдоков.     

Не Қазақстанда не Ресейде тіркеуде тұрмаған көліктің саны 80 мыңға жетті. Алдағы уақытта бұл цифр өсе беруі мүмкін. Себебі ел аумағында көрші мемлекеттің 200 мыңнан астам автосы жүр. "Ресейлік есептегі" автокөлік иелерінің алдында енді тек бірер таңдау ғана қалды. Не алым мен салымды төлеп "KZ" деген нөмір тағады, немесе сатып алу-сату шарты қолында болса, Қазақстаннан темір тұлпарын шығарып, Ресейге апарып сатады не өзге жолын қарастырады. Ал құжаты жоқ не дұрыс емес азаматтарға тіптен қиын. Олар басы бүтін көлігін бөлшектеп сатпаса, басқа амал жоқ.  

 Айбек Айдархан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу