Ресей мен Украина соғысының басталғанына тура 2 ай...

2552

Бүгін Ресей әскерінің көршісінің жеріне басып кіргеніне 60 күн толды. Осы мерзім ішінде тараптар нендей нәтижеге жетті, неде кері кетті?

Ресей мен Украина соғысының басталғанына тура 2 ай...

24 ақпан күні, таңғы 4-те алдымен Украинаның стратегиялық әскери нысандарына – әуе қорғанысы жүйелеріне, әскери ұшақтар мен тікұшақтар сақталған база-аэродромдарға, танктер мен басқа сауытты техникалардың ангарларына, қару-жарақ, оқ-дәрі қоймаларына зымырандармен соққы берген Ресей ізінше Украина жеріне қаптатып әскер кіргізді. Сарапшылардың бағалауынша, ресейлік әскер саны 150 мыңға жеткен. Тағы елу мыңы шекара маңында, резервте дайын тұрды.

Ресей әскері Украина аумағына бес бағыттан, соның ішінде өз облыстарынан, теңізден, Қырымнан және Беларусь жерінен сау ете қалды. Тұтқиылдан тиген қарсылас "тосындық эффектісін" пайдаланып, Киев іргесіне дейін жетті. Ұсақ қалаларды жапырып, ірі қалаларды қоршауға кірісті.

АҚШ барлаушылары анықтағандай, Мәскеу Киевті екі күнде құлатып, Украинаның батысынан басқа аумағын екі апта ішінде толық бағындыруды жоспарлады. Бұл байламды кейін кері шегінген ресейлік әскерден украиналық әскер тартып алған карталар растапты.

Екі күнге есептелген майданның қызу кезеңі міне, екі айға созылды және әзір бітетін түрі жоқ.

Осы мерзім ішінде Мәскеу "әскери арнайы операциясының" мақсат-мұратын бірнеше рет өзгертті. Алдымен ол бұл шабуылдың Украина халқына қарсы бағытталмағанын, тек "украиналық ұлтшылдарды" қарусыздандыруды көздейтінін мәлімдеді. 24 ақпан күні В.Путин Украинаның әскерилеріне үндеу жолдап, оларды "билікті өз қолына алуға", яғни әскери төңкеріс жасауға шақырды.

"Украина Қарулы күштерінің әскери қызметшілеріне қайрыламын. Неонацистер мен бандерашылдардың балаларыңызды, әйелдеріңізді және қарияларды тірі қалқан ретінде пайдалануына жол бермеңіздер! Билікті өз қолдарыңызға алыңыздар! Бізге Киевте отырған нашақорлар мен неонацистерге қарағанда, сіздермен келісімге келу оңай болатын түрі бар", – деп соқты Путин мырза.

Бірақ Украина Қарулы күштері де, халқы да, Киев те дұшпанның сөзіне ермейтінін, Отанды басқыншыдан қорғауға дайын екенін көрсетті. Осыдан кейін Кремль Киев пен әскерилерді бір-бірінен бөлек қарастыруды қойды. Әскери нысандарды ғана емес, Украинаның барлық дерлік қаласын жаппай бомбалауға кірісті. 

Мұндай кең ауқымды соғыстың ХХІ ғасырда болатынына сенбегенімен, Киев Қырымнан, Луганск пен Донбасс облыстарының үлкен бөлігінен айырылып қалған 2014 жылдан бері шайқасқа дайындалған еді. Киев түбіне Ресей әскери тасымалдаушы ұшақтарымен десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің 21 тобын техникасымен бірге түсірген. Оларға ізінше құрлық әскерлері келіп қосылуы керек еді. Қосыла алмады. Десантталған әскердің үлкен бөлігі жойылды.

Ақыры 2 сәуірде Мәскеу тып-типыл болып қырылмауы үшін Киев және Чернигов облыстарынан әскерінің қалған жұрнағын әкетуге мәжбүр болды. УР Қарулы күштері оларды Сумы облысынан да түре қуды. Ресейдің Чернобыль АЭС-і аумағын да босатудан басқа амалы қалмады.

Осылайша, екі айда Ресей Украинаның миллиондық тұрғыны бар бірде бір мегаполисін басып ала алмады. Сонымен бірге "ұлтшылдардың ошағы" деп атаған Мариупольдегі басты "цитадель", ішкі қамал – "Азовстальді" қанша шабуылдаса да, нәтиже шығара алатын емес.

Басқа да жеңілістері, опыныстары жетерлік. Мысалы, 13 сәуірде Қырымның қорғаны саналатын ресейлік Черномор флотының флагманын – "Мәскеу" зымыранды крейсерін Украина төл "Нептун" зымырандарымен соққы беріп, теңіз түбіне батырып жіберді. РФ Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, "Мәскеу" экипажының 1 мүшесі қаза тапқан, тағы 27-сі із-түзсіз кеткен. Крейсердің қалған 396 мүшесі эвакуацияланған. Ал Украина жағының дерегінше, 500-ден аса мүшесінің тек 48-і ғана құтқарылған, қалғандары опат болған, із-түзсіз кеткен. 

Осыдан бір апта бұрын Мәскеу "әскери операциясының" жаңа кезеңін бастады, ондағы мақсат ретінде "Украинаның Донбасын украиналық әскерден толық тазарту" белгіленіп отыр. Кейбір деректер бойынша Кремль сонымен бірге Украинаның Харьковь, Николаев, Одесса облыстарын ірі мегаполистерімен бірге бағындыруға ниетті.

Киевтің мәліметінше, Мәскеу басып алған аумақтарда 27 сәуірде референдум өткізуге әзірленуде. Ресейлік саясаткерлер "Украинаның оңтүстігі, атап айтқанда Херсон облысының, сондай-ақ Николаев облысы мен Запорожьенің бір бөлігінің тұрғындарының үштен екісі Ресей құрамына кіруді жақтап дауыс береді" деп болжады.

"Тағы бір мәлімет бойынша Мәскеу псевдореферендум арқылы ол аумақта ЛХР/ДХР үлгісінде "ХерХР" (Херсон халық республикасын) құрмақ, бастапқыда ХХР жасамақ болған. Бірақ Харьковті басып алса, шатасады: содан ерекшеленуі үшін ХерХР және ХарХР құруға ниетті", – дейді Украинада тұратын ресейлік әскери сарапшы Иван Яковина.

Бұған жауап ретінде Президент Владимир Зеленский егер Ресей оккупацияланған территорияларда референдум өткізсе, Украина келіссөздерден шығатынын мәлімдеді.

"Егер Ресей біздің Мариупольдегі адамдарымызды тегіс қырып тастаса, егер оккупацияланған жерлерде псевдореферендум өткізсе, Украина кез келген келіссөздерден шығатын болады", – деді В.Зеленский 23 сәуірдегі үлкен баспасөз мәслихатында.

Осының алдында, 21 сәуірде РФ Президенті В.Путин Қорғаныс министрі С.Шойгуге Мариупольдегі бейбіт тұрғындар мен 2,5 мыңға жуық украиналық әскер паналаған "Азовсталь" металлургиялық зауытын шабуылдауды тоқтатуға бұйрық берген. Алайда В.Зеленский мұның жалған екенін, 23 сәуір Мариуполь қаласын қорғаушылар үшін ең күрделі күн болғанын мәлімдеді.

"Баспасөз конференциясының алдында "Азовстальдегі" "Азов" полкінің жауынгерлерімен сөйлестім. Жау қаланы, зауыт аумағын теңізден, құрлықтан, танктерден, артиллериядан, ұшақтардан бомбалауда", – деді Украина Президенті. 

Әскери сарапшы Олег Ждановтың айтуынша, бұл жағдай бір жағынан, Мәскеудің кез келген жолмен, тіпті жермен-жексен етсе де Мариуполь қаласын өз иелігіне көшіруді қалайтынын көрсетеді, екінші жағынан, бұл Киевтің Кремльге ультиматум қоя алатын дәрежеге жеткенін паш етеді. Өйткені келіссөздер Мәскеуге де аса қажет. Ол Ресей экономикасын күл-талқан еткелі тұрған Батыстың санкцияларын жоюға жол ашады.

Сарапшылардың пайымдауынша, егер Ресей Украинаны екі күн ішінде жедел басып алғанда, Батыс ауыр санкцияға бармас та еді. Мысалы, 24 ақпанда Германияның Қаржы министрі Кристиан Линднер еліне көмек сұрап жүгінген украиналық әріптесі Андрей Мельниктің бетіне күле қарап, "Қайдағы Украинаны айтасыз?! Украинаның өмір сүруіне бірнеше сағат қана қалды!" деп, Киевке қару-жарақ жеткізуге және Ресейді SWIFT-тен ағытуға қарсы екенін мәлімдеген.

Бірақ Украинаның Отан қорғаушылары қайсарлық, қажырлылық, батылдық танытты, беріле салмады. Енді әу баста Ресей соғыс бастаса, оны SWIFT-тен ағыту-ағытпау жайында ғана пікір таластырған Батыс бүгінде әлсіздігін аңдатып алған "еуразиялық державаны" аясыз санкциялық соққыға алуда. Францияның Экономика министрі Бруно Ле Мер BFMTV телеарнасына сұхбатында РФ экономикасының тірегі саналатын мұнайға қатысты Еуроодақ елдерінің эмбарго енгізетін күн де алыс қалмағанын жария етті.

"Бұл позицияны Президент Эмманюэль Макрон қолдайды. Президент санкцияларды ары қарай қатайту керектігіне табандап отыр. Таяу уақытта ЕО-ға мүше елдер ресейлік мұнай импортын толық тоқтату туралы шешім қабылдайды. Президент газ импортына тыйым салу туралы әзір айтып отырған жоқ, себебі дәл қазір соған барсақ, кейбір еуропалық мемлекеттердің бүкіл экономикасы тоқтайды. Сондықтан бүгінде Ресейдің мұнайын сатып алуға тоқтау салуға әзірленудеміз, келіссөздер жүруде. Бұл Ресейге ағындаған валюта тасқынын тыюға мүмкіндік береді, өйткені Ресей табыстың басым бөлігін мұнай экспортынан табады. Күніне осы ресурсты өткізуден 700 млн доллар кіріс көріп отыр", – деді Бруно Ле Мер.

Ресей әскерлері Луганск пен Донецк облыстарының Украина қолында қалған өңірлеріне, сондай-ақ Харьков, Херсон, Николаев облыстарына шабуылын үдетті. Артиллериялық соққыдан бейбіт адамдар қаза тапты. 

Өз кезегінде Британияның Қорғаныс министрлігі өз барлаушыларының мәліметіне жүгіне отырып, ресейлік әскер жекелеген деревняларды алғанымен, Украинаның жаңа жерлерін жаулауда елеулі табысқа жете алмағанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, Ресей тарапының күш-жігеріне контршабуылға шыққан Украина әскерлері кедергі болды. Ал Мариупольдегі шайқастардың жалғасуы Ресейдің бүкіл Донбасс аумағында ілгерілеуін тежеп отыр.

"Украина әуе және теңіз қорғанысының тиімділігі арқасында ресейлік әскери-әуе және теңіз күштері бірде-бір облысқа бақылау орната алмады. Бұл олардың айтарлықтай ілгерілеу қабілетін төмендетті", – делінген Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің шолуында.

Еуроодақ болса, Ресей Украинаның шығысында және теңіз жағалауларында шабуылды күшейтеді деп болжайды.

Өз кезегінде Ресей "арнайы операцияның екінші фазасы" ретінде "Донбассқа және Украинаның оңтүстігіне толық бақылау орнатуды" белгіледі. Яғни, Одессаға дейін басып алуға ниетті. Бірақ бұл жоспары іске аспауы мүмкін. Себебі Ресей Кеңес Одағы кезінен бері жиған қаруларының қорын тауысуда. Ал Батыс елдері Украинаны қаруландыруды бірте-бірте болса да тоқтаусыз арттырып жатыр.

УР Бас прокуратурасының дерегінше, Ресейдің шабуылдары барысында 595-тен астам бала зардап шекті, оның ішінде ең кемі 208 бала қаза тапты. Нақты саны белгісіз, өйткені қаншама қалалардағы үйінділер астында балалардың да денесі жатуы мүмкін. 7 миллионнан астам украиналық босқынға айналды.

Украина Бас штабының мәліметі бойынша соғыс басталғалы Ресей 21 600 солдатынан, 854 танкінен, 2 мыңдай бронды машинасынан, 177 ұшағынан, 154 тікұшағынан айырылған.

РФ Қорғаныс министрлігінің дерегінше, Украина армиясы 23 мыңнан астам жауынгерінен айырылды. Қос тарап та қарсыластарының шығынын өсіріп көрсетуі мүмкін.

Өкінішке қарай қан-қасап қырғын жалғасуда. Бейбітшілікке жақ әлем қос елге тек қайғы мен қиындық әкелетін қақтығыстың тезірек бітіммен біткенін қаласа керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу