Ресей мен Украина соғысы қашан бітеді және немен тынады?

3177

Украиналық заңгер, "Әскери-құқықтық зерттеулер орталығы" мемлекеттік емес ұйымның басшысы Александр Мусиенко Ресейдің Украинаға қарсы соғысының қашан бітуі, оның енді қандай сценарийлер бойынша өрбуі мүмкін екенін айтып берді.  

Ресей мен Украина соғысы қашан бітеді және немен тынады?

– Мәскеу әскери жанжалды соғыс деп мойындар емес. Ресей Сыртқы істер министрі Лавров мырза: "Басқа елдерге басып кіру біздің ойымызда жоқ. Біз Украинаға да басып кірген жоқпыз!" деді. Жалпы, қарулы шайқас қашан және қалай бітуі мүмкін?

– Ресей Еуропаға, одан қалды бүкіл әлемге қауіпсіздіктің өзіне қолайлы ойын ережелерін таңғысы келеді. Өкінішке қарай, бұл ниетін посткеңестік кеңістіктегі өзге елдерге әскер кіргізу арқылы жүзеге асыруда. Америкалық және еуропалық эксперттер әскери шиеленіс қандай сценарий бойынша өрбитіні алдағы 2-3 апта ішінде анықталады деген пікірде.

Әзірге Ресей әскері Мариуполь, Харковь, Сумы, Одесса, ең бастысы – Киевті жаулап алуға, яғни бірнеше бағытта қатар шабуылдауға одан әрі ұмтылуда. Бұл енді бірінші және бастапқы сценарийі.

Біраз сарапшының байламынша, екінші сценарийге сәйкес, Украинаны басып алса, Мәскеу сонымен тоқтамауы мүмкін. Демек, Шығыс Еуропа елдеріне баса-көктей енеді. Байқасаңыз, Украина территориясына кірген ресейлік техникада "На Берлин!" деген жазулар жазылған және Кеңес Одағының қызыл туы ілінген.

Ресей Украинадан кейін НАТО-ға мүше болып табылмайтын Молдоваға, Грузияға әскер кіргізуі ықтимал.

Әрі қарай Балтық елдеріне немесе бұрынғы социалистік лагер елдеріне сұғынады деген тұспал бар. Себебі дәл осы елдер қазір Украинаға қуатты көмектесуде. Бірақ олар – НАТО мүшелері.

АҚШ Украина аспанын жаппайтынын, No Fly Zone орнатпайтынын, бұл елге тіпті әскери жойғыш ұшақтарды да бермейтінін ашық айтты. Осы арқылы ол Ресеймен қақтығыстан бойын ала қашып отыр. Сонымен бірге Пентагон егер Ресей НАТО елдерінің кез келгеніне қасақана соққы берсе, басып кірсе, онда Американың да осы соғысқа араласатынын ескертті.  

Бұл сценарий жүзеге аспайды деген үміттеміз. Себебі қазіргі кезде Американы айтпағанның өзінде, Еуропалық Одақ елдерінің армиясы күш-қуаты жөнінен Ресейдікінен 3 есе асып түседі. Еуропа елдері қазіргі кезде әскерлерін Шығыс Еуропа және Балтық елдеріне жақындатып, сыртқы жауға үйлесімді түрде бірлесе соққы беруге, тізе қосып қорғануға әзірленіп жатыр.

Менің ойымша, үшінші сценарий бойынша Ресей алдағы күндері Одессаны бағындыруға, соны өз қолына көшіруге талпынады. Соған қол жеткізе алса, Ресей тек Украинаның оңтүстік-шығысында ғана емес, енді оңтүстік-батысында да беки алады. Осы арқылы Ресейден Қырымға қарай Украина жері арқылы құрлықтық дәліз ашылады. Әйтпесе, бүгінде теңіз дәлізі ғана бар, яғни РФ-ны Қырыммен тек теңіздегі көпір байланыстырады.

Сондай-ақ бұл Ресейге Қырымды сумен жабдықтайтын каналды және су жолын толығымен өз бақылауына алуға мүмкіндік береді. Оны Киев жауып тастағаны мәлім. Осыған қол жеткізген соң Мәскеу уақытша қанағаттанып, ары қарай басқыншылықтан аяқ тартуы, соғысты тоқтатуы ықтимал. Осының өзі Кремльге өзінің жеңгенін насихаттауға, ішкі аудиториясына мұны үлкен жеңіс, жетістік ретінде көрсетіп, көңілін аулауға жетіп жатыр. Оның үстіне Мәскеу мұны Киевпен келіссөздерде пайдалана алады. Бұл жағдайда Киевке тек Қырым мен Донбасты ғана емес, осы аумақтарды да Ресей бақылауына беріп, капитуляция жасауға тура келмек.

– Неге бұл сценарийлердің бәрі пессимистік?

– Әрине, бұдан өзгеше сценарий де жүзеге асуы ғажап емес. Ол бойынша Украина жеңіске жетеді де, санкциялар мен соғыстан қансыраған Ресейдің әскерін өз жерінен ығыстырып шығарады. Бұл жағдайда Ресейге 2022 жылғы ақпандағы шекараларға дейін кері шегінуге тура келмек. Онда Ресейдегі империяшыл күштер бұлқан-талқан болып, өз билігіне қарсы шығуы, халық көтерілуі мүмкін. Сондықтан Кремль бұл сценарий шындыққа айналмауы үшін барын салады.

Сонымен бірге Батыс елдері де санкциялық соққыны күшейтіп, шиеленістің Украина мен Еуропа үшін оң тұрғыда шешілуіне күш салуда.

Мысалы, Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович "алдағы 2 апта ішінде соғыс тоқтайды" деген болжамын айтты. Оның жорамалдары көбіне дәл келеді, шындыққа айналып жатады. Ол неге сүйеніп отыр? Ресей және Украина арасындағы келіссөздер қазір сындарлы түрде, оң сипатта жүре бастады. Екі ел гуманитарлық дәліздер ашуға, босқындар Еуропа жаққа өтуі үшін оларды атқыламауға келісе алды. Киев келіссөздерде Мәскеуден барлық әскерін Украина жерінен әкетуді талап етіп отыр. А. Арестовичтің байламынша, алдағы он шақты күн ішінде соғыстың беталысын өз пайдасына қарай өзгертіп, салмақты жетістіктерге жете алмаса, онда Ресей кем дегенде биылғы 23 ақпандағы шекараға дейін шегінуге мәжбүр болады.

Алайда ол да Ресей әскерилерінің осы аптада қосымша қуат жиып, тың күшпен қайтадан соғысқа кіруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Осы мақсатта В. Путин РФ Қорғаныс министрлігіне шетелден жалдамалы әскерді тартуға да рұқсат берді. Егер жаңа күшпен соққы берген ресейлік күштерге де Украина лайықты тойтарыс жасай алса, онда Мәскеудің жеңісіне еш мүмкіндік қалмайды. Әрине, ядролық қаруын қолданбаса. Бүкіл әлем жұртшылығы Кремль ядролық құрдымға құламайды деп үміттеніп отыр.

– Кремль тұтас Украинаны бағындырмақ болды, енді оның белгілі бір бөлігіне ғана қанағаттанады дегенге сенесіз бе?

– В. Путин не үшін бұл әскери шапқыншылығын "соғыс" деп атаудан бас тартып, тек "әскери операция" деп атады? Осы арқылы бір жағынан, ақырғы маневрлар үшін кеңістік қалдырды. Егер жеңілгенін, жетістікке жете алмағанын сезсе, әскери операцияны доғара салады. Ал соғыста олай жасай алмас еді, өйткені соғыста тек жеңген және жеңіліп, капитуляцияланған тараптар болады.

Кремль қазірдің өзінде "жетістігімен" мақтана алады. Біріншіден, Украина Президенті В. Зеленский НАТО-ға кірмейтіндерін мәлімдеді. Себебі одан қатты көңілі қалды: Солтүстікатлантикалық альянс көмекке келмеді, ұшақтарын, заманауи әуе қорғанысы кешендерін бермеді. Аспанды жаппады, сөйтіп Ресей авиациясы мен артиллериясына Украина қалаларын жермен-жексен етуіне жол ашты. Кезінде Украина кеңестен қалған ядролық арсеналдан бас тартқанда, Батыс елдері оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік берген еді. Ол уәдесінде тұрмады. Ал Javelin қозғалмалы зениттік-зымырандық кешендерді, Bayraktar беспилотниктерін және басқа да қаруларды Украина НАТО-дан көмек түрінде емес, жекелеген мемлекеттермен екіжақты келісімдері арқасында, әрі ақшаға сатып алды.

Яғни В. Путин Украинаны тізе бүктірдім, НАТО-ға мүше болу райынан қайтардым деп мақтана алады. Альянс та Украинаны өз қатарына алмайтынын білдіре бастады. Осылайша, Кремль НАТО-ның кеңеюі процесін тоқтаттым деп айта алады.  

Екіншіден, Украинаны милитаризациялау мұратына да жетті: Украина Қарулы күштеріне алапат нұқсан келтірді. ПВО, авиациясын күл-талқан етті.

Ал "денацификация" деген идеяны Мәскеу өзі де ұмыта бастады, келіссөздерде ондай талап айтылмайтын болған.

Сондай-ақ Украинаның алда Еуропалық Одаққа мүше болғысы келетініне Владимир Путиннің өзі қарсы еместігін мәлімдеді, себебі ол әскери блок емес.

– Киев Қырымды, ДХР/ЛХР-ді Ресейдің бөлшегі деп тануға барады деп ойлайсыз ба?

– Бармауы мүмкін. Барғанның өзінде халықаралық қоғамдастық Украинаның бұған амалсыздан, өзіне кезенген қарудың ықпалымен барғанын біледі, ендеше дамыған елдер бәрібір мойындамайды. Мысалы, Кипрдің бір бөлігін Түркия өзімдікі деп санайды, оны әлемдегі өзге елдер мойындамайды. Бұл ретте Арестовичтің болжамынша, екі ел осы өңірлерді бірлесіп басқаруға уағдаласуы да мүмкін. Мұның бәрі жорамалдар ғана. Шиеленісті шешу жолдары бітім жолымен, келіссөздер арқылы шешілуге тиіс.

Қазіргі уақытта ең басты мақсат – соғысты, бейбіт тұрғындардың қырылуын тоқтату, Украинаның тып-типыл болып күйреген қалаларын қайта тұрғызу, бейбіт өмірге оралу.

Путин де, империяшыл күштер де мәңгілік емес қой. Кейінгі замандарда Украина өз территориясының тұтастығын қалпына келтіре алуы мүмкін. Батыл, жаужүрек Украина халқы қаншама басқыншылықты бастан кешкен, елді ен жайлаған қаншама жаудан арыла алған. Ал бүгіндегі басты міндет – елдің даму жолына орала алуы.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу