Еуропа мен Қытай арасы осы күндері күрт суыды. Шығыс көрші еуропарламентшілерге және неміс ғалымдарына қарсы санкциялар енгізді. Еуроодақтың лидері Германия ҚХР-ды бұл "ағат қадамнан дереу бас тартуға" шақыруда.
"Қытай басшылығы еуропалық депутаттар мен ғалымдарға санкция енгізу шешімінің күшін шұғыл түрде жоюға тиіс! ЕО өзінің санкциялық тізіміне адам құқықтарын аяқасты етуге жауапты адамдарды қосты. Ал үн қату ретінде еуропарламентшілер мен ғалымдардың әлем бойынша жүріс-тұрысына шектеу қою – ойдан шығарылған және түсініксіз шешім", – деді ГФР Сыртқы істер министрі Хайко Мас.
Бірақ Қытай Халық Республикасы бұл райынан қайтар емес. Осының алдында Еуропалық Одақ 30 жыл ішінде алғаш рет Қытайға қатысты айыппұл шараларын енгізу бойынша келісімге келді. Бұл санкция "Қытайда адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылып жатқаны үшін" қолданылып отыр. ҚХР-дың жауабы да көп күттірмеді: ол еуропалық он депутат пен ғалымды, сонымен бірге 4 ұйымды санкциялық қысымға алды. Көршінің сыртқы саясат ведомствосы бұл жеке және заңды тұлғаларды "ҚХР егемендігі мен мүдделеріне салмақты нұқсан келтірді" және "қасақана дезинформация таратты" деп айыптады.
Еуроодақ өз санкцияларына Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданындағы ұйғырлар мен қазақтарға қысым жасалуы себеп болғанын алға тартады. Еуропаның санкциялық тізбесіне әзірге ҚХР-дың 4 тұлғасы және 1 ұйымы кіріп отыр. Олардың ЕО аумағындағы барлық активтері бұғатталады және өздеріне Еуропалық Одаққа келуіне қатаң тыйым салынды.
Ресми Брюссель "Бейжіңнің бұл ұстанымы адам құқықтарының бұзылуы үшін санкция енгізу мәселесінде тосқауыл бола алмайтынын" ескертті. Яғни, санкциялық шайқас күшеюі мүмкін.
Қытайда сонша қазақ қайдан жүр?
Қазақстан көршінің ішкі ісіне араласпайды. Дегенмен, Қазақстан халқын Қытайдағы қандастардың жағдайы алаңдататыны байқалады.
Жалпы, әр жылдарда Дүниежүзілік қазақтар құрылтайына келген Қытайдағы қандастар ол жерді ата-баба мекені санайтынын, ата-жұртты тастап, Қазақстанға көшуді қаламайтындарын ашық айтып жүрді.
Тарихшылардың айтуынша, бұл жалған сөз емес. Ол маңды көшпелілер бұрыннан мекен еткен. Мысалы, Ұлы даланы отарлауға кіріскен орыс патшасы 1848 жылғы қаңтарда Ұлы жүз қазақтарын басқару туралы нұсқаулық шығарады. Оған сәйкес, осы ұлан-ғайыр аумақты басқаратын орыс приставы тағайындалған. Ресей осы арқылы Цинь империясымен және Қоқан хандығымен іргелес жатқан Жетісу және Іле өлкесіндегі экономикалық, саяси мүдделерін қорғауға кіріседі.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың авторлығымен шыққан "Қазақстан тарихы" кітабында бұл маңда бұған дейін "Іле сұлтанаты" болғаны атап өтіледі. Бірлігі қашқан бұл мемлекеттік бірлестік ішкі қайшылықтар мен алауыздықтан қансырады. 1871 жылы орыс әскерлері осы аймақты басып алады да, Іле өлкесі Ресей патшасының қоластына көшеді. Сұлтанат лидері Жақыпбек (Якуб-бек) билігінен айырылады. Дегенмен, патша өкіметі аймақ тұрғындарының отбасылық және мүліктік қатынастарына араласпау, қол сұқпау саясатын жүргізген. Патша әкімшілігінің бақылауымен жергілікті билік органдары құрылды. Ахуал біршама тұрақталады.
Шыңжаң аумағындағы көтерілістер басып-жаншылған соң Ресей мен Қытай арасында Іле өлкесін Қытайға қайтару туралы келіссөздер басталады. 1881 жылы қос империя арасында "Санкт-Петербург бейбіт келісімі" бекітілді. Азшылық ұлттарға Ресейге көшу не Қытайда қалу құқығы берілген. Сонда алғаш рет 100 мыңдай ұйғыр, қазақ және дүнген Қазақстанның Ресей боданындағы бөлігіне қоныс аударды. Өзге қазақ Қытайда қалды.
1881 жылғы орыс-қытай келісіміне сәйкес, Іле өлкесі құрамында кезінде Қарлық қағанатының орталығы болған Іле-балық, Моғолистан астанасы – Алмалық, Шағатай ұлысының жері және басқасы Қытайға кірді. Осы аумақтың бәрін қазақ ру-тайпалары ежелден мекендегені мәлім. Олар бүгінде Қытай азаматтары саналады.
Куәгер тәрбиелеу лагерлерінің құпиясын ашты
Саясаттанушылардың байламынша, ҚХР олардан осы "статус-квоны" сақтауды, яғни біртұтас қытай халқынан бөле жарылмауды, азаттық сұрамауды талап етеді. Бұл тұрғыдан келгенде шығыс көрші "өзінің егемендігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін күресуде".
Әйткенмен, Human Rights Watch секілді халықаралық ұйымдардың дерегінше, қытайдың осы күрес тәсілі адам құқықтарының бұзылуына соқтыруда. Мысалы, қазақ қызы Сайрагүл Сауытбай Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерлерінен" өткен адамдардың бірі. Кейін Швецияда саяси бассауға тапты және сонда өзінің қандай тозақ пен азаптан өткенін баяндап, "Басты куәгер" атты кітап шығарды.
Deutsche Welle мәліметінше, Іле-Қазақ автономды округінде дүниеге келген Сайрагүл 2017 жылы, 43 жасында Шыңжаңдағы қытайлық "қайта тәрбиелеу лагеріне" түскен. ҚХР ресми билігі онда "тек ықтимал лаңкестер ғана қайта тәрбиелеуден өтеді, қытай тілі мен мәдениетін үйренеді" деп мәлімдеп жүр.
Ал Сайрагүл Сауытбай өз кітабында лагерлердегі жаппай зорлау оқиғалары, көзбояу сот процестері, адамдарға жасалған әлдебір дәрігерлік сынақтар және "қара бөлме" туралы жазады. Оның айтуынша, электрлі үстел орнатылған, азаптауға арналған бөлме солай аталатын көрінеді. Сайрагүл өзін де осы бөлмеде естен танғанша азаптағандарын баяндайды.
Синолог Адриан Ценц секілді батыс құқық қорғаушыларының мәліметінше, шамамен 1200-дей ұқсас лагер жұмыс істейді. Онда миллионға тарта тұтқын отырған көрінеді.
"Қазақтар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге Моңғолияда, ҚХР-дың солтүстік-батысында да өмір сүреді. Біз осы өлкедегі көшпелілердің өкіліміз. Сайын далада қой баққанбыз. Отбасымызда 9 бала бар. 1980 жылы ата-анамыз бірнеше көшпелі отбасылармен бірге арқырап аққан өзен жағасында орнығуға ұйғарады. Бірде сол жерге қытайлар келіп, алғашқы дүкен ашты. Ол сауда орнынан саналуан тауарларды сатып алуға болатын. Бірақ бұл тек басы ғана еді. Жергілікті қазақтар не болып жатқанын ұғынғанша, қытайлар бұл жерде үлкен фабрикалар салып, бөген тұрғыза бастады. Ақыр соңында жергілікті жұртшылықты асырап келген қайран өзен сасық батпаққа айналды", – деп еске алады С.Сауытбай.
Сайрагүл жергілікті қазақтардың жағдайының қаншалықты қиындағанын 2016 жылы түсінгенін жеткізді: балабақшада қазақша сөйлей бермеуі үшін баласының аузын пластырмен желімдеп тастапты. Осыдан кейін оның күйеуі екі баласын алып, Қазақстанға көшіп кеткен. Мемлекеттік жұмыста істейтін Сайрагүл отбасына ізінше қосылуға тиіс болыпты. Дегенмен, жергілікті билік мұсылман дінді этникалық азшылықтар өкілдерінен шетелдік паспортын алып қойған екен. Артынша "мәдениет алмасу және достық көмек" деп аталған бағдарлама іске қосылған. Оған сәйкес, қазақтар мен ұйғырлар айына 8 күн бойы қытай отбасымен бірге тұрып, олардың мәдениетінен сусындауы керек. Сайрагүл өз кітабында мұның іс жүзінде басқаша жүретінін әңгімелейді.
"Қазақ отбасылары қытай отбасыларының құлы мен күңіне айналды. Қазақ әйелдерін жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген жайттар болды. Олар атқаратын барлық жұмыстарды "қожайындар" суретке түсіріп, жергілікті органдарға жолдайды. Кейде намысына тию, мазақтау үшін интернетке салады", – дейді ол.
2016 жылы алғашқы "қайта тәрбиелеу лагерлері" ашылыпты. Адамдардың не себепті соған жіберілетінін ешкім білмеген. Мұғалім Сайрагүлді лагердегі адамдарға қытай тілін үйрету үшін алып кеткен. Оның тауқыметі де сонда басталыпты. Лагерде 5 ай өткізгеннен кейін С.Сауытбайды босатады. Ол бірден Қазақстанға қашады, жұбайымен және балаларымен қауышады. Алайда шекараны заңсыз кесіп өткендіктен, Қазақстан оған босқын мәртебесін бермеген. Кейін Швеция Сайрагүлдің отбасына саяси баспана беруге келіседі.
Бүгінде Қытай қарқынды түрде дамуда, ірі халықаралық экономикалық жобаларын жүзеге асыруда. Олардың көбі елдің солтүстік-батысынан өтеді. Синьцзян (Шыңжаң) "жаңа шекара" деп аударылатыны мәлім. Осы өңір геосаяси тұрғыдан өте маңызды саналады. ҚХР-дың мұнайының, газының және көмірінің бестен бірі осында орналасқан. Ал этникалық топтар бұл өлкені сол бұрынғыдай Шығыс Түркістан деп таниды. Сондықтан билік стратегиялық аймақта орталық саясатын кез келген жолмен тегеурінді "сіңдіруге" күш салуда.
Бақыт Көмекбайұлы