Путинге Лукашенконың батыс мемлекеттерінен оқшаулана бастағаны тиімді – саясаттанушы

3306

"Белоруссиямен одақтас мемлекет құрғаннан Ресей үшін де экономикалық қиындықтар туындауы мүмкін".  

Путинге Лукашенконың батыс мемлекеттерінен оқшаулана бастағаны тиімді – саясаттанушы

Лукашенконың "одақтас мемлекет" туралы ойы қандай?

Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей Беларусьты өз құрамына қосуды көздеп отырған жоқ деген пікірде. Бұл туралы ол 26 мамырда парламент өкілдерімен, конституциялық комиссия мүшелерімен және мемлекеттік басқару органдарының өкілдерімен кездесу барысында мәлім етті. Лукашенко Минск пен Мәскеудің күш-қуаты мол бірлік жүйесін құра алатынын атап өтті.

"Егемен, тәуелсіз мемлекеттер ретінде Беларусь пен Ресей қарым-қатынас пен бірліктің қуатты жүйесін құра алады. Бұл тіпті Ресейдің өзіндегі бірлік жүйесінен гөрі мықтырақ болады. Біз осы жолды таңдадық. Біз Ресей үшін қаншалықты құнды болсақ, Ресей біз үшін соншалықты құнды", – деді Лукашенко.

"Бүгінгі таңда қандай да бір жерді алып, оны қандай да бір мемлекеттің құрамына енгізу керек деп ойлау – ақымақтық. Бізді Ресей солай істейді деп қорқытатындар бар. Ресейге мұндай "бас ауруы" қажет емес. Егер Ресей Беларусьты өз құрамына қосуды мақсат етсе, бұл батыс елдері үшін сыйлық іспеттес болар еді. Бірақ заман өзгерді, бүгіннің күннің тәсілдері басқа", – деп басып айтты Беларусь басшысы.

Сочиде ол Путинмен не туралы сөйлесті?

Өткен аптада Беларусь президенті Александр Лукашенко Сочиде ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесіп, Путиннің АҚШ президенті Джо Байденмен алдағы уақытта өтетін кездесуін, Украинадағы жағдайды және пандемия мәселесін талқылады. Лукашенко Беларусь пен Ресей үкіметтеріне Батыстың санкцияларына бірлесе жауап беру тапсырылғанын мәлім етті.

"СБ.Беларусь сегодня" басылымының хабарлауынша, Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин Сочидегі келіссөздердің басым бөлігін санкциялар мәселесіне арнаған.

"Қос үкіметке қалай әрекет ететінімізді пысықтау жағы тапсырылды. Мен премьер-министр Роман Александровичтен бұл мәселені кешіктірмей шешуді сұраймын", – деді Лукашенко. 

Ол Сочиде ресейлік әріптесімен Путиннің АҚШ президенті Джо Байденмен алдағы уақытта өтетін кездесуді, Украинадағы жағдайды және пандемия мәселесін талқылаған.

Беларусь басшысының айтуынша, Одақтас мемлекетке қарсы белгілі бір сыртқы күштер бірігіп, Беларусь пен Ресейге қысым көрсетпекші. Путин бұл жағдайды жақсы түсініп отыр деген пікірде Лукашенко.

"Біздің бұған қатысты көзқарасымыз бір, сондықтан барлық шабуылдарға бірлесе қарсы тұруға бел будық", – деді ол.

Саясаттанушы не дейді?


Беларусь және Ресей басшыларының соңғы уақытта етене араласуы, Лукашенконың соңғы әрекеттері мен қос елдің одақтас мемлекет құруы  – қазір әлемдік саясаттағы қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Саясаттанушы Жұмабек Сарабековтың айтуынша, алдағы уақытта екі мемлекеттің экономикалық интеграциясы одан әрі қарай тереңдей түседі.

– Ресей мен Беларусьтың одақтас мемлекет құруы қандай қатер туғызуы мүмкін? Кімдерге және қандай елдерге?

– Ресей мен Белоруссияның одақтас мемлекет құруы іс жүзінде белорус экономикасының Ресей Федерациясының құрамына тереңдеп кіруін білдіреді.

Сондықтан бұл ең алдымен белорустардың ұлттық мүдделерін қозғайтын мәселе. Атап айтқанда, Минск алдында тұрған ең басты мәселе – экономикалық егемендік. Одақтас мемлекет аясында Беларусьтың көптеген экономикалық активтері ресейліктердің ықпалына өтіп кетуі мүмкін.

Ең басты себеп – мемлекеттердің экономикалық салмақтарындағы айырмашылық. Егер екі мемлекеттің ішкі жалпы өнімдерін салыстырсақ, Ресей экономикасының ауқымы белорус экономикасынан 23 еседей үлкен екенін байқаймыз. Бүгінде Ресейдің ЖІӨ 1,4 трлн долларға жуық, ал Беларустікі – 63 млрд. Яғни Ресейдің белорус экономикасын тез уақытта қорытып жіберуге толық мүмкіндігі бар.

Бұл қауіпті Минск те жақсы түсінеді деп ойлаймын, сондықтан белорус билігі бүгінде одақтас мемлекет құру жобасын барынша созуға, кейінге қалдыруға тырысуда. Бірақ орын алып отырған саяси дағдарыс жағдайында Минсктің Ресейге деген саяси тәуелділігі артып келеді. Сондықтан Лукашенко бастаған белорус билігі үшін маневр жасайтын мүмкіндіктер күрт азаюда.

Белгілі бір деңгейде Белоруссиямен одақтас мемлекет құрғаннан Ресей үшін де экономикалық қиындықтар туындауы мүмкін, себебі нарықтық реформалар бойынша белорус экономикасы біраз артта қалып келе жатқан экономика. Тиісінше екі мемлекеттің даму деңгейін бір ортақ нүктеге жеткізу үшін ресей билігі Минсктегі әріптестеріне үлкен көлемде қаржылық көмек көрсету керек болады, ал бүгінде Мәскеудің алдында өзінің экономикалық проблемалары толып жатыр.

– Ресей президенті Владимир Путинге Беларусь басшысы Александр Лукашенконың соңғы әрекеттері тиімді ме? Яғни "Лукашенконың қасында Путин әлдеқайда адекватты басшыға айналды" деген пікірлер әлеуметтік желілерде жазылып жүр.

– Путин үшін Лукашенконың бүгінгі жағдайы, яғни батыс мемлекеттері тарапынан оқшаулана бастағаны тиімді. Себебі Батыстың көмегінен қолы үзілген Лукашенко Ресейден көмек сұрауға мәжбүр. Және Минск пен Еуропа арасындағы кикілжің неғұрлым күшейе түссе, Лукашенко соғұрлым Мәскеудің қолдауына мұқтаж бола береді.

Сонымен бірге Кремль Лукашенко билігіне қарсы шығып жүрген белорустардың алдында өзінің позитивті имиджін сақтап қалуға тырысуда. Саяси дағдарысқа дейін белорустардың ішінде Ресеймен ынтымақтастықты қолдайтындардың қатары көп болатын. Бірақ соңғы уақытта көптеген белорус азаматтары Лукашенконың билікте қалуы тек Ресейдің тікелей қолдауының арқасында ғана мүмкін болып отыр деген пікірге келуде.

Бұл өз кезегінде халық арасындағы антиресейлік көңіл-күйлерді күшейтіп жіберуі мүмкін. Мәскеу бұл ретте саяси тағдыры аяқтала бастаған Лукашенко үшін белорустарды өзіне қарсы қойып алғысы келмейтіні түсінікті. Сондықтан ресейліктер өзінің ықпалын пайдалана отырып, Лукашенконы билік транзитін тезірек жүзеге асыруға итермелеуі әбден мүмкін.

– Путиннің Лукашенкоға 500 млн доллар көлемінде кредит беруінің сыры неде? Бұл шешім Беларусьтің болашағына қалай әсер етеді?

– Аталмыш сома Минск алдында тұрған қиындықтарды жеңілдетуге бір септігін тигізуі мүмкін, бірақ елдің негізгі экономикалық проблемаларын шешуге мүлдем жеткіліксіз. Оның үстіне бүгінде Белоруссияға қарсы Еуропа мен АҚШ-тың қосымша санкциялары салынып жатыр. Атап айтқанда, қазірдің өзінде батыс әуе компаниялары белорус әуе кеңістігін кесіп өтуден және белорус ұшақтарын өз әуежайларына отырғызудан бас тартып жатыр.

Бірақ еуропалықтардың айтуына қарағанда, санкциялар мұнымен шектелмей, ары қарай қатаңдауы мүмкін. Мысалы, келесі шектеулер Белоруссияның жетекші өнеркәсіп орындары мен тауар өндірушілеріне қарсы енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, калий өндірісі және мұнай-химия салаларындағы белорустық компаниялар сакциялардың объектісіне айналуы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде онсыз да дағдарыста отырған белорус экономикасына тағы да бір соққы болмақ.

  Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу