Санкцияға санкция

3073

Еуропа одағы ұйғырлар мен өзге де мұсылмандар қамалғаны үшін Қытай шенеуніктерін жазалауға кірісті. Бейжің жауапсыз емес.  

Санкцияға санкция

Еуропа одағы (ЕО) дүйсенбіде ұйғыр мұсылмандарына қатысты билікті асыра пайдаланды деп айыпталған қытайлық төрт шенеунікке санкция жариялады.  Бұл – бүкіл әлемдегі адам құқықтарын бұзушыларға қарсы бағытталған және Бейжіңді кек алуға итермелеген шаралар кешенінің бөлігі.

Брюссельдің жазалау тізіміне іліккен төртеу – Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында басшылық ететін жоғары лауазымды тұлғалар.

Санкциялар шенеуніктердің активтерін тоқтатуды және олардың ЕО аумағында жүруіне тыйым салуды көздейді. Және де осы шектеулер аясында еуропалық азаматтар мен компаниялардың оларға қаржылық көмек көрсетуіне рұқсат етілмейді.

Әу-баста Қытай Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да этникалық топтардың өкілдерін ұстайтын лагерлердің барын жоққа шығарған еді. Кейін компартия оларды радикалдық әрі жиһадтық ойлауға бейім адамдарды еңбекке үйрету мен қайта тәрбиелеу орталықтары ретінде сипаттады. Сонымен қатар, Қытай үкіметі бұл мекемелерде адам құқықтары бұзылды деген барлық айыптарды жоққа шығарып келеді.

Шыңжаң бір кездері билікке қарсы зорлық-зомбылықтардың ошағы саналды. Дегенмен, Бейжің коммунистік үкіметтің жаппай тойтарыс беру операциялары соңғы жылдары бұл аймаққа бейбітшілік әкелді деп есептейді.

Еуропаға жауап

Қытай Брюссельді жауапсыз қалдырмады. Оның сыртқы істер министрлігі еуропалық 10 жеке тұлға мен төрт институтқа санкция жариялап, олардың Қытай мүдделеріне нұқсан келтіріп, "жалған ақпарат таратқанын" мәлімдеп отыр.

"Осы тұлғалар мен олардың отбасы мүшелерінің материктік Қытайға, Гонконгқа немесе Макаоға кіруіне тыйым салынады және олар бұл аудандармен арадағы қаржылық операциялардан ажыратылады", – деп хабарлайды Қытай сыртқы саясат ведомоствосы.

Бейжіңнің нысанасына іліккендердің ішінде Тибет пен Шыңжаңдағы азшылық топтарға жасалған қысымды көпке жариялаған америкалық неміс ғалымы Адриан Зенц болды. Қытайдың мәлімдеуінше, жергілікті компаниялар мен жеке тұлғалар Зенцты сотқа берген. Бірақ, шағым түсіргендердің нақты кім екені белгісіз.

Бейжіңнің санкцияларына ұшыраған адамдардың қатарына Еуропарламенттің бес мүшесі кіреді: Рейнхард Бутикофер, Михаэль Галлер, Рафаэль Глюксман, Илхан Күчук және Мириам Лексман.

Министрлік бұл ұйымдарға қатысты қандай шаралар қабылданатынын нақтылаған жоқ. Олардың қатарында Еуропа одағы кеңесінің саясат және қауіпсіздік комитеті (бұл органда ЕО құрамындағы 27 елдің елшілері сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды); Еуропарламенттің Адам құқықтары жөніндегі кіші комитеті; немістің Қытайды зерттеу жөніндегі Меркатор институты; Даниядағы демократия Альянсының қоры бар.

Өткен аптада Қытайдың ЕО-дағы елшісі Чжан Минь Бейжіңнің Еуропаға жауап беретінін ескертті.

"Біз қарсыласуды емес, диалогты қалаймыз. ЕО тарапынан екі рет ойлануды сұраймыз. Егер біреулер тайталасты қажет етсе, артқа шегінбейміз, өйткені халық алдындағы міндеттерімізді орындаудан басқа амалымыз қалмайды", - дейді қытайлық дипломат.

ЕО санкцияларының жаңа жүйесі Магнитский Заңына ұқсас (Обама дәуірінде АҚШ үкіметінің адам құқығын бұзушыларды жазалауына, активтерін тоқтатуына және олардың Құрама Штаттарға кіруіне тыйым салуына мүмкіндік берген заң).

Осы жолғы кездесуде ЕО сыртқы істер министрлері Солтүстік Кореядағы репрессияға, Ливиядағы сотсыз өлім жазасы мен адамдардың жоғалуына, Шешенстандағы ЛГБТ мен саяси оппозиция өкілдерін азаптау мен қуғын-сүргінге ұшыратуға, сондай-ақ, Оңтүстік Судан мен Эритреядағы азаптауларға, соттан тыс жазалар мен кісі өлтірулерге де қарсы санкциялар жариялады.

1989-дан бергі бірінші санкция

ЕО-ның санкциялары символикалық сипатқа ие болғанымен, олар Брюссельдің Қытайға қатысты саясатының қатаңдай түскенін аңғартуы мүмкін. Бұрын одақ бұл мемлекетті сауда серіктесі деп қарастырса, қазір оны адам құқықтары мен бостандықтарын жүйелі түрде бұзушы деп санайтын болды.

1989 жылы Тяньаньмэнь алаңында демократияны талап еткен орасан көтеріліс күшпен басылып, қан төгілгеннен кейін, ЕО Қытайға қару-жарақ эмбаргосын жариялаған еді. Содан бері Еуропа одағы Бейжіңге бірінші рет айтарлықтай санкция салып отыр.

ЕО-ның барлық 27 елі бұл жазалау шараларымен келісіп отырғанымен,  Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто оларды "зиянды" әрі "мағынасыз" деп атап, интеграциялық блокта Қытайдың өсуімен күресу және бизнестік мүдделерді қорғауға қатысты келіспеушіліктердің бар екенін көрсетіп берді.

Қытай - ЕО-ның Америка Құрама Штаттарынан кейінгі екінші ірі сауда серіктесі. Сонымен бірге, Қытай одақ үшін ауқымды нарық және үлкен инвестор. Осыған қарамастан, өзін адам құқығының жанашыры санайтын ЕО бүгінде ұйғырлардың тағдырына қатты алаңдап отыр.

Белсенділер мен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі сарапшыларына сенсек, қазір Шыңжаңдағы лагерьлерде кем дегенде 1 миллион мұсылман ұсталып отыр. Батыс саясаткерлерінің айтуынша, Қытай ол орталықтарда азаптау, мәжбүрлеп жұмысқа жегу және мұсылмандар көбеймесі үшін оларды стерилизациядан өткізу тәжірибелерін қолданып жатыр.

Айта кетсек, Еуропа одағының санкциялары АҚШ пен Канададан кейін Голландия парламенті де Қытайдың ұйғырларға қатысты саясатын "геноцид" деп танығаннан кейін енгізіліп отыр. Алайда, Бейжің өзіне тағылған барлық кінәларды жоққа шығарып келеді.

Арыс Әділбекұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу