Орыс олигархтарын жазалаудан Франция мол пайда, АҚШ зор зиян көруде

4665

Ресей байлары соғыс аяқталғасын, кейбір елдердегі бұғатталған мүлкін қайтарып алудан үмітті. Соғыс ұзаған сайын ол арманы алыстай бермек.  

Орыс олигархтарын жазалаудан Франция мол пайда, АҚШ зор зиян көруде

Ресей алғаш рет Украина жеріне 2014 жылғы 1 наурызда шапқыншылық жасағаны белгілі. "Жасыл адамдар" аталып кеткен, әскери айырым белгілері жоқ, бірақ мұздай қаруланған десантын Қырым әуежайына түсіріп, бұл түбекті бір оқ шығармай басып алды. Ізінше, Украинаның Луганск және Донецк облыстарының үлкен бөлігін оккупациялап, онда ЛХР/ДХР атты әлем мойындамаған псевдореспубликалар құрды.

Ал 2022 жылғы 24 ақпанда бүкіл Украинаны жаулау үшін соғыс ашты.

Бұл ретте Батыс елдері 2014 жылдан бері ресейлік олигархтардың бірінен соң бірінің шетелдік есепшоттарына, қыруар мүлкіне бұғат салды.

Ресейдің қандай және қанша мүлкі тұтқындалды?

Сарапшылар бұған қатысты әртүрлі дерек келтіреді. Мейлінше нақты мәліметті Украина жағы жинап жатыр: олар соның бәрін өз пайдасына алып қоюға ниетті. Украина Премьер-министрі Денис Шмыгаль таяуда осыған қатысты ақпаратты жария етті.

"Шетелдік әріптестеріміз осынау орасан зор ресурс біздің қолымызға түсуі үшін көмектесуге дайын. Бүгінде Ресейдің шамамен 300 миллиард доллар активін АҚШ, Канада, басқа елдер тұтқындады. Бұл – Ресейдің алтын-валюталық резерві, ұлттық әл-ауқат қоры, мемлекеттің шетелдік есепшоттардағы қаражаты. Егер ресейлік олигархтардың капиталы мен мүлкін алсақ, онысы шамамен 500 миллиард долларға жуықтайды. Біз серіктестерімізбен бірге осы қаражаттардың, мүліктің бәрін Украина пайдасы үшін тәркілеуге тырысудамыз", – деді Д.Шмыгаль.

Оның дерегінше, ресейлік "қатырылған" активтерді кәмпескелеп, Украинаны қалпына келтіруге табыстауды қарастыратын ұлттық заңды күшіне енгізетін бірінші ел – Канада болмақ. Украина Үкіметінің басшысы қазіргі уақытта Канаданың Премьер-министрі Джастин Трюдомен, осы елдің Үкіметімен және Қаржы министрлігімен келіссөздер, кеңес-консультациялар жүргізіп жатқанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ АҚШ Президенті Джо Байден де ресейлік олигархтардың капиталы мен дүние-мүлкін Украинаға беруді ұсынды. Бірақ бұл бастамаға Конгрестің қос палатасының құптауын алу қажет болады. Бұған ресейлік олигархтардың үстінен сот болмағаны және үкім шықпағаны кедергі келтіруі мүмкін. Әйтпесе "әрбір меншік – қасиетті" деген қағида қолданылады. Әзірге тиісті заң жобасын Конгрестің Өкілдер палатасы құптаған. Алда оны АҚШ Конгресінің жоғарғы палатасы – Сенат қарауға тиіс. Онда Республикалық партияның үстемдігі жүреді.

Украина тарапының ұстанымынша, егер АҚШ осы жолға түссе, бүкіл Еуропа соның соңынан ереді. Осы орайда еуропалық саясаткерлер "Ресей әскері қиратқан Украинаны қалпына келтіру жүгін еуропалық қоғам жалғыз көтермеуі керек" деп дауыс көтере бастады.

"Оккупант өз агрессиясы үшін өзі жауап беруге тиіс. Сонда ғана болашақта басқа елді басып алуға ынтыққан агрессорлар алдымен он рет ойланатын болады. Себебі, өзінен зардап шеккен елдің шығынын өзі төлейтінін түсінеді", – дейді Денис Шмыгаль.

Ресейлік сарапшылар да "меншік құқығы – қасиетті" формуласы қатігез жауға қолданылмайтынын алға тартуда: Ресей Еуропа аумағында соғыс бастау арқылы әлемдік тәртіпті өзгертті. Демек, оның активтерін тартып алып, құрбан елді қалпына келтіруге бағыттау – халықаралық тәртіптің жаңа ережесіне айналуы керек.

Ресей элитасының қандай активтеріне тұтқын қойылды дегенге келсек, құзырлы органдар Сулейман Керимовтың Фиджи аралындағы алып яхтасын конфискациялады. 300 миллион доллардан қымбат тұратын кемені ұстап алуға АҚШ-тың Колумбия округінің соты ордер берген.

Францияның Бас қазынашылығы Михаил Фридманның Сен-Тропедегі Copab сарай-вилласын "бұғатталған ресейлік активтер" тізіміне қосты. Ресейлік олигарх оны жалға беріп келген: айына 440 мың еуроға дейін табыс тауыпты. Сондай-ақ Фридманның және оның серіктестерінің "Альфа-банкке" тиесілі қаражаттары, мүліктері тұтқындалды.

Германия өзбек-орыс олигархы Алишер Усмановтың меншігіндегі Dilbar атты 156 метрлік суперяхтаны бұғаттады. Оның құны 600 миллион долларға тең көрінеді. Италия қаржы гвардиясы Андрей Мельниченконың 530 млн еуро тұратын Sailing Yacht A суперяхтасына тұтқын салды.

7 мамырда Италия билігі "Шахерезада" (Scheherazade) атты 140 метрлік алып суперяхтаны қамады: ол Марина ди Каррара портында қаңтарылып, бос тұр. А.Навальныйдың командасы өз зерттеуінде бұл жеке кемені Путиннің атымен байланыстырады. Италияның экономика және қаржы министрлігінің мәліметінше, "Италия қаржы полициясының зерттеуі көрсеткендей, бұл су көлігі РФ басшылығындағы Еуроодақтың санкциясы салынған жоғары лауазымды элементтермен байланысты". Аталған SuperYachtFan құны 700 миллион долларға бағаланады.

Финляндия Кремльге жақын ресейлік байлардың ең кемі 21 яхтасын тұтқындады. Кейінгі апталарда Еуропалық одақтың порттарында да ресейлік бірнеше суперяхта ұсталды. Олар ресейлік миллиардерлер Алексей Мордашов, Геннадий Тимченко, Алишер Усманов, Виктор Вексельбергтерге тиесілі екені әшкереленген. Бұл тізім жалғаса береді.

Ресейлік элита өкілдері санкцияларды айналып өтіп, қымбат мүлкін сатып жіберуге күш салуда. Мысалы, олар Батыстың мегаполистеріндегі элиталы жылжымайтын мүліктерін Дубайдағы тұрғын үйлерге айырбастап жатыр.

Тіпті Бірінші, Екінші Дүниежүзілік соғыстарда бейтараптылықты ұстанып келген Швейцарияның өзі санкциядағы ресейліктердің активтеріне бұғат қойып тастады.

АҚШ-та, Еуропада, Балтық елдерінде және басқа мемлекеттерде орыс олигархтарының меншігін іздеу және тұтқындау жөнінде арнайы жедел топтар құрылып, жұмыс істеуде. Олар РФ Президенті В.Путиннің өзіне, туыстарына, бұрынғы әйеліне және қазіргі нақсүйеріне, оның достарына, тегі ресейлік олигархтарға, Ресей МемДумасының депутаттарына, пропагандистерге тиесілі капиталды, жылжитын және жылжымайтын мүлікті Батыс юрисдикциясына жататын аумақта жаппай бұғаттап жатыр.

Тұтқындалған мүлік күтіп ұсталады

Ескеретін жайт, ол мүліктердің бәрі әзірше тәркілеген жоқ, тек бұғат қойылды. Осы арқылы о баста түрлі маневрларға жол қалдырылған еді: егер санкцияға іліккен әлдебір ресейлік тұлға Батыс әлеміне жағатын әрекет жасаса, ол мүлкін толығымен не ішінара қайтарып алуға мүмкіндігі болады.  Яғни, заң оның бәрін күтіп ұстауды талап етеді. Ал бұл – қып-қызыл шығын.

Мысалы, яхталар жүзуге қабілетті күйде болуы үшін оған қызмет көрсетіледі, вилла-особняктар күзетіледі, осы барлық мүліктің салықтары және басқа шығыстары төленеді. Оның бәрі кімнің есебінен жасалады?

Бұл жөнінен ұжымдық батыстың әр елінің тәжірибесі әрбасқа болып шықты. Салдарынан, кейбір мемлекетте осы мәселе дау-дамай, қызу пікірталас тудырды. Мысалы, Италияда мүлікті бұғаттау – қылмыстық емес, әкімшілік жаза есептеледі. Сондықтан жергілікті атқарушы билік әрбір вилла мен яхта үшін жауапкершілік арқалайды. Тиісінше, сот кейін меншік иесінің пайдасына шешім қабылдаса, ол мүлікті бүтін күйде қайтаруы керек. Егер әлденесі бұзылса, жергілікті бюджеттен мол өтемақы төленуге тиіс. Осы себепті тұтқындалған ресейлік удай қымбат мүліктерді ұстап тұру да Италияны шығынға батыруда.

Мысалы, жоғарыда айтылған Мельниченконың Sailing Yacht A атты әлемдегі ең ірі желкенді суперяхтасын порттағы аялдамада ұстау, оған қызмет ететін персоналдың ақысын, салықтарын, электр және басқа шығындарын төлеу айына 200 мың еуроға түседі екен. Италиялық сарапшылар қазірге дейін ұсталған ресейлік яхталарға, виллаларға, бау-бақша және басқасына кем дегенде 14 миллион еуро кететінін есептеді.

АҚШ-та да ұқсас жағдай қалыптасты. Джо Байденнің ол мүлікті тезірек тәркілеп, Украинаға тапсыруға асығуының да мәнісі осында сияқты. Тиісті заң жобасы Конгреске сәуір айының соңында енгізілді. Қазір Президент ұсынған бастаманы жүзеге асырудың тиімді тәсілдері, заңды рәсімдері талқыланып жатыр.

"Қатырылған" активтерді ел бюджетіне нұқсансыз ұстап тұрудың тиімді, ұтымды үлгісін Франция көрсетті. Францияның экономика министрі Бруно Ле Мэрдің хабарлауынша, соңғы бірнеше аптада елде жалпы құны бірнеше миллиард еуродан асатын түрлі-түрлі 64 ірі объекті тұтқындалған. Арасында виллалар, үлкен бау-бақшалар, тіпті XII ғасырда салынған көне қамал да бар. Мысалы, Роман Абрамовичтің Château de la Croë вилласы 100 миллион еуродан қымбат тұрады.

Бірақ бұл объектілерді ұстап тұру үшін ел бюджеті бір еуроцент шығын шекпейді. Францияның Мемлекеттік қаржы бас басқармасының басшысы Жером Фурнельдің айтуынша, елде тұтқындалған мүлікке қызмет көрсетуді қарастыратын заңнамалық норма жоқ. Бұған қоса, француз заңнамасына сәйкес, мүлік тәркіленбейді, "қатырылады". Тиісінше, мүлік иесі өзгермейді, сондықтан ол өз мүлкін өзі күтіп-баптауы шарт. Жером Фурнель ресейлік байлардың мүлкі сыртында, есепшоттары да бұғатталғанын еске салды: егер әлгілер салықтарын, коммуналдық шығыстарын және басқасын төлемесе, қаражат есепшотынан алынады. Ол қаражат таусылса, көп қарызы қордаланса, мүлкі мемлекет меншігіне өтіп, аукционда сатылады. Қалай болғанда, бұғатталған ресейлік мүліктерден жыл соңына қарай француз бюджетіне салық, баж, банктік кепілдік және басқасы түрінде шамамен 200 миллион еуро түсім түседі.  

Батыстық сарапшылар тұтқындалған мүлікті басқарудың француздық алгоритмін "ең дұрысы" деп таныды. Оны өзге елдер қабылдауы мүмкін.

Қорыта айтқанда, Батыс әлемі Ресей мүлкін тартып алудың алгоритмдерін, тәсілдерін жолға қойып, ретке келтіруде, құқықтық-заңнамалық база түзуде. Ендеше солтүстік көршінің "мал-мүлкін кәмпескелеу" кең сипат алып қана қоймай, ұзақ уақытқа, бәлкім, жылдарға созылуы ғажап емес. Қазақ мұндайда "мүйіз сұрап, құлақтан айырылды" десе керек.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу