Путиннің жер астындағы бункер-қаласының сыры белгілі болған ба?

11197

Кейбір жорамалдар бойынша ол Қазақстанға жақын жерде орналасқан. Таудың астында тұтас шаһар жасақталғаны және оған жалпы саны қанша адамның сиюы мүмкін екені айтылды.

Путиннің жер астындағы бункер-қаласының сыры белгілі болған ба?

Солтүстік көршінің Президенті Владимир Путиннің көптен бері "бункерде өмір сүретінін және одан сыртқа сирек шығатынын" ресейлік ақпарат құралдары ауызға алып жүр. Кейбір ресейлік және шетелдік сарапшылар осы себепті де оның ядролық соғыстан еш тайсалмауы мүмкін екенін алға тартады.

Дегенмен ел аузында жүргенімен, бункер туралы егжей-тегжейлі ақпарат жоқтың қасы. Оның тек Орал жақта екенін халықаралық ақпарат құралдары хабарлайды. Жаһандағы бар мен жоқтың бәрін біледі деп есептелетін Уикипедияда да, Encyclopedia Britannica энциклопедиясында да ол туралы ештеңе табылмады.

Бірақ бункердің, дұрысы – бункерлердің мән-жайын ресейлік саясаткер, МемДуманың төрт шақырылымының депутаты, отставкадағы ФСФ полковнигі Геннадий Гудков ресейлік тележүргізуші, жазушы Юлия Латынинаға сұхбатында айтып берді.

Геннадий Владимирович ол бункерлерді өз көзімен көрмегенін, басқалардың әңгімелеуінен білетінін бірден ескертті.

"Тау ішінде геологиялық процестер нәтижесінде табиғи қуыстар пайда болады. Бұл ретте Орал тауының жотасындағы орасан зор көлемдегі үңгірлер жүйесі қажетке жаратылған. Олардың ауқымының ғаламаттығы сонша, солардың негізінде тау астындағы, көп деңгейлі қала жасалған. Оларда екі, кей жерінде үш жолақты, жерасты автокөлік жолдары салынған. Мен кезінде КСРО мемлекеттік қауіпсіздік органдарында (КГБ) ұзақ жыл жұмыс істедім ғой. Бұл бункер-қала кеңес кезінде салына бастады. Бұдан бөлек, Алтай тауында да ұқсас бункер бар деп естідім", – деп мәлім етті Г. Гудков.

Оның айтуынша, жерасты шаһарында шағын қала-мемлекеттің экономикасын қамтамасыз ететін өндірістер де орналастырылған көрінеді.

"Бастапқыда ол тау астындағы жасырын қала ретінде жұмыс істеп, құпия жағдайда өнеркәсіптік өндірістермен айналысуы керек болған. Бірақ кейін нысаналы мақсаты өзгертіліп, ұзақ, әрі ауыр ядролық соғыс жағдайында Кеңес Одағының саяси басшылығына арналған алып "бункер" ретінде қайта жасақталды. Бертінде ол Ресей лидерінің қажеттіліктеріне қарай жаңғыртылды. Оның ішінде не бар дегенде, ең алдымен, әрине, инженерлік жүйелерді, электр қуатын өндіріп, жабдықтау, су тазалау, ауа тазалау және сүзгіден өткізу желілерін атап өтуге болады. Білуімше, қазіргі заманғы бірде бір ядролық қару ол бункердің қабырғасын тесіп өте алмайды. Өйткені кез келген ядролық бомбаның жару қуаты шектелген. 150 метр, ең қаһарлылары 300 метр тереңдікке дейін жете алуы мүмкін. Бұл ретте ол бункердің беткі қабатының өзі жартастармен, тау жыныстарымен қорғалғанын, табиғи қалқаны барын ұмытпаған жөн", – деді Геннадий Гудков.

Тау жыныстары ішкі жағынан темірбетон және басқа да материалдармен нығайтылған. Бункер ядролық ластанудан қорғалып, гидроизоляцияланған көрінеді.   

Сұхбат беруші РФ президентінің қолдан жасалған бункерлері де барын жеткізді.

"Басшылыққа арналған алғашқы бункер жаңылмасам, "Чехов-16" деп аталады. Ядролық шайқас кезінде пайдалану үшін толығымен қолдан салынған нысан. Оның өзі 350 метрден асатын тереңдікте жатыр. Мәскеу облысындағы Чехов қаласының астында. Бірақ ол қала емес, темір-бетоннан соғылған, алып жұмыртқа түрінде болып келеді. "Жұмыртқа" арнайы амортизаторларға орнатылған, олар жерді солқылдататын ядролық алапат толқындардың импульстерін өшіреді, ішке дарытпайды. Бұл бункер Мәскеумен жерасты метросымен байланыстырылған. Ара-қашықтығы білуімше, 60-70 шақырым. Пойыз тікелей Кремльден қатынайды. Бұл метро ұдайы дайындықта ұсталады. Әрине, бұл өзгелермен салыстырғанда шағындау пана", – деді Г. Гудков.

Оның дерегінше, содан кейін жасақталған Орал жақтағы "бункер" – ең ірісі және ол ядролық соғыс жағдайында командалық басқару пункті ретінде де жұмыс істей алады.

"Ол қала-бункерде ұзақ жылдар бойы өмір сүруге болады. Тіршілік үшін қажеттінің бәрі бүге-шігесіне дейін ойластырылған, ұсақ-түйегіне дейін қарастырылған. Мысалы, заманауи кварцты лампалар күн сәулесін белгілі бір дәрежеде алмастыра алады. Әйтпесе, күннің көзін көрмесе адам сарғайып өледі, денесінде қажетті D дәрумені, басқа да ферменттер түзілмейді. Яғни, соған жасырыну мүмкіндігіне ие болған адамдар ондаған жылдар бойы аман-есен, бақуатты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған", – деп тұспалдады Геннадий Гудков.

Жүргізуші Юлия Латынина мұндай жағдайда жерасты қаласына қызмет көрсету үшін тек жеке аспаз, күтуші, даяшы ғана емес, басқа да қаптаған мамандық иелері қажет болатынын ескертті. Мұны құптаған сұхбат беруші ол жер бірнеше мың, тіпті 10-15 мың адамды сидыра алатынын болжады.

"Ол мыңдықтардан басқалары о дүниеге аттана ма? Бұл бір Нұх пайғамбардың көш-кемесі сияқты болды ғой?!", – деп таңданды Ю. Латынина.

"Бұл көш-кемеден де мықты қамал", – деп қосты Г. Гудков.

Жасыратыны жоқ, мұның бәрі аңызға жақын әңгімелер болса керек. Себебі ол бункерді былайғы жұрт көрген емес, көргендер сыртқа тіс жармайды.

"СпецОборона" порталының дерегінше, жерастындағы қала Оңтүстік Орал тауларында, яғни осы тау сілемінің ең биік шыңы – Жамантау тауында орналасқан. Оның биіктігі – 1 640 метр. Тіпті жақын жатқан елді мекендердің жергілікті тұрғындары "қырғи-қабақ соғыс" кезінен бері тау ішінде әлдебір тылсым объектілер құрылысы жүргенін білгенімен, оның нақты не екенін сол бойы анықтай алмапты.

Тау ішінде құпия объектінің бар екенін алғаш рет әлем жұртшылығына америкалық ақпарат құралдары хабарлады. The New York Times 1996 жылғы 16 сәуірдегі мақаласында жұмбақ әскери база туралы жазды.   

"Қырғи-қабақ соғыстың жантүршігерлік кезеңдерінен сыр шертетін құпия жобаның жалғасы ретінде Ресей Орал таулары ауданында, жер астында орасан зор әскер кешен құрылысымен айналысуда. Бұл жайында Батыс елдерінің ресми тұлғалары да, Ресейдегі куәгерлер де айтады. Оңтүстік Оралдағы Жамантау тауының ішіне жасырылған алып кешенге теміржол және автомагистраль тартылған. Ондағы жұмысқа мыңдаған жұмысшы жұмылдырылған", – деп жазды сонда Нью-Йорк Таймс газеті.

Содан бері бұл әңгіме бірнеше рет көтерілгенімен, оқырман қызығушылық таныта қоймаған соң басылған. Енді міне, әлемге ядролық соғыс қаупі төнгенде бұл мәселе қайтадан өзекті болып отырғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу