АҚШ Қытайға ұйғыр мәселесімен қарсы тұрмақ

6079

Құрама Штаттар Шыңжаңда қамалған 1 миллион мұсылман проблемасын БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында көтеру жолдарын қарастырып жатыр.

АҚШ Қытайға ұйғыр мәселесімен қарсы тұрмақ

Қытайдың әлемдегі айбыны артып келе жатқан шақта Америка Құрама Штаттары оған қарсы тұрудың тағы бір жолын қарастырып жатыр. Ол – Шыңжаңда ұсталған 1 миллион ұйғыр мен өзге де мұсылмандар мәселесін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының келесі аптада Нью-Йоркте ашылатын сессиясында көтеру. Кейбір дипломаттардың пікірінше, өйтпеске шара жоқ. Себебі, АҚШ-тың ғаламдық институттардағы жетекші рөлі семіп бара жатыр, ал Қытайдың ықпалы өсіп келеді.

АҚШ – БҰҰ бюджетіне ең көп қаржы бөлетін ел. Бірақ, соған қарамастан, президент Дональд Трамп  әлемдік аренадағы көпжақты қатынастардың құндылығына күмән келтіріп, "Ең алдымен Америка" деген саясат пен Құрама Штаттардың тәуелсіздігін қорғауды басты ұранға айналдырып алды.

Трамптың БҰҰ-дағы бірінші елшісі Никки Хейли былтырғы жылдың соңында отставкаға кетті. Ал, оның орнын өткен аптада басқан Келли Крафт сыртқы саясаттағы тәжірибесіздігі мен Қауіпсіздік кеңесіндегі вето құқығына ие ресейлік, қытайлық, франциялық, британдық әріптестерінің қасында осалдығы үшін қазір үлкен сынға ұшырап отыр.

"Қытай БҰҰ-да басымдыққа ие болып, ауқымды кеңістіктерді жаулап, ықпалын бұрынғыдан арттыра түсті. АҚШ болса БҰҰ-ға сын айтумен ерекшеленіп келеді", - дейді өз есімін атаудан бас тартқан еуропалық дипломаттардың бірі "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

БҰҰ-ның келесі аптада басталатын жоғары деңгейдегі жиналысында Мемлекеттік хатшы Майк Помпео Қытайдың Шыңжаңдағы адамдарды жаппай ұстау саясатын көтеруге қолдау іздейтінін мәлімдеп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Шыңжаңда бір миллиондай мұсылман қамалған. Олардың дені – ұйғырлар.

"Ғасыр масқарасы"

Шілдеде Вашингтонда өткен халықаралық конференцияда жасаған мәлімдемесінде Помпео Қытайдың ұйғырларға қатынасын "ғасыр масқарасы" деп атады.

БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы сейсенбі күні ашылып, оған әлемнің 190-нан астам елінің өкілдері қатысады. Сол жиында Трамп сөз сөйлеп, Қытайдың ұйғырларға байланысты саясатын көтеруі мүмкін.

“Президент халықаралық қауымдастықты адамдарға діни наным-сеніміне қарап, шабуыл жасауға жол бермеуге және барлық конфессиялардың мінәжат ететін орындарына қол сұқпауға шақырады", - дейді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришам.

Ресми Бейжің Шыңжаңдағы кешендерді экстремизмді жойып, адамдарды мамандыққа дағдыландыратын "кәсіби оқыту орталықтары" деп сипаттап отыр. Дегенмен, сол лагерлер үшін халықаралық сынға алаңдаған Қытай Бас Ассамблея сессиясы қарсаңында шетелдік елшілермен кездесу өткізген. "Ассоушиэйтид пресстің" хабарлауынша, мұны бейжіңдік төрт дипломат айтты.

Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдерінің сөзінше, бас дипломат Помпео мен вице-президент Майк Пенс те Қытайдың ұйғырларға қатынасын БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы кездесулерде көтеруі мүмкін.

Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Гэн Шуанның мәлімдеуінше, Бас Ассамблея өзге елдердің ішкі істеріне қатысты "мағынасыз сөз" айтатын жер емес. "Бұл көптің қолдауын табатын жайт емес, олардың жоспары сәтсіздікке ұшырайды", - дейді көрші елдің дипломатиялық ведомоствосының ресми өкілі.

Қытай мен АҚШ сауда келіссөздерін қазан айында қайта жалғастыруға бекініп отыр. Бірақ, көптеген сарапшылардың пікірінше, онда тараптардың сенімді уағдаластыққа қол жеткізуі екіталай. Тіпті екі жақ экономикалық майдандағы шиеленісті айтарлықтай жеңілдете алмауы мүмкін.

Қытайдың БҰҰ-дағы елшісі Чжан Цзюнь өткен айда осы қызметіне кірісіп жатып, репортерлер алдында мәлімдегендей, Бейжің Біріккен Ұлттар Ұйымының өзге мүше-елдерімен ынтымақтасуға ниетті, бірақ Қытай Шыңжаңға, Тибетке, Гонконгке қатысты ішкі істерге басқа мемлекеттердің араласуына жол бермек емес.

Сонымен қатар, өткен аптада ресми Бейжің АҚШ үкіметін Шыңжаңдағы жағдай үшін Қытайға қысымды күшейтуге шақыратын заңды қатаң айыптады. "Бұл құжат Қытайдың ішкі істеріне өрескел араласуды білдіреді және де ол халқымызды тіпті ашындырады", - дейді осы елдің сыртқы істер министрлігі жақында таратқан мәлімдемесінде.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу