Ресей НАТО-ның Шығыс Еуропадан кетіп, Украинадан алыс жүруін талап етіп отыр

6976

Мәскеудің бұл ультиматумын Вашингтон мен Брюссельдің орындауы мүмкін емес. Кейбір сарапшылардың ойынша, Путин Батысқа қауіпсіздік жөнінде талап қоя отырып, Солтүстікатлантикалық альянс пен АҚШ-ты, әсіресе, постсоветтік кеңістіктен алшақ ұстағысы келеді.  

Ресей НАТО-ның Шығыс Еуропадан кетіп, Украинадан алыс жүруін талап етіп отыр

Жұма күні Ресей НАТО-ны Шығыс Еуропа мен Украинада кез-келген әскери әрекеттен бас тартуға міндеттейтін заңды кепілдікті қажет ететінін мәлімдеді. Бұл – Мәскеудің Батыспен бірлесіп мақұлдағысы келетін қауіпсіздік кепілдіктері тізімінің бір бөлігі.  

Кремль алғаш рет Еуропадағы шиеленісті төмендету мен Украина төңірегіндегі дағдарысты еңсеру жайлы талаптарын егжей-тегжейлі баяндап отыр. Айта кетсек, осы дағдарыс үшін Батыс РФ-ны айыптап келеді. Вашингтон мен Брюссельдің мәлімдеуінше, Мәскеу Украинаға басып кіру үшін Донбасс маңында мыңдап жауынгер шоғырландырып жатыр. Ресей болса, көрші елге әскер кіргізуді жоспарлап отырмағанын айтады. 

Ресейдің талаптарында Украинаның болашақта НАТО-ға кіруіне Мәскеудің тиімді вето қоюы сияқты Батыс қабылдауы мүмкін емес элементтер бар.

Сонымен қатар Ресей АҚШ-тың ядролық қаруын Еуропадан алып кетуді Польшадан және бір кездері Кеңес Одағына кірген Балтық жағалауындағы Эстония, Латвия, Литва елдерінен НАТО-ның көпұлтты батальондарын шығаруды да талап етіп отыр.

Вашингтондағы әкімшіліктің бір жоғары лауазымды қызметкері Америка Құрама Штаттарының бұл ұсыныстарды талқылауға дайын екенін айтқанымен, "бұл құжаттарда орыстардың өздері де қабылданбайтынын білетін кейбір жайттар бар екенін" ескертуді жөн көрген.

Шенеуніктің айтуынша, Вашингтон келесі аптада келіссөздердің кез-келген форматы бойынша нақты ұсыныстармен жауап береді.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки Вашингтонның одақтастарымен сөйлесетінін айта келіп, "Біз еуропалық қауіпсіздікті құрайтын негізгі қағидаттар бойынша компромиске бара алмаймыз. Барлық елдер өз болашағы мен халықаралық саясатын сыртқы араласусыз өзі айқындауға құқылы", – деді.

Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде НАТО дипломаттары альянстың одан әрі кеңейтуіне Ресейдің вето қоя алмайтынын және НАТО өзінің әскери ұстанымын өзі шешуге құқылы екенін мәлімдеді.

"Ресей НАТО-ның мүшесі емес және НАТО-ға қатысты мәселелерді ол шешпейді", – дейді Польша Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Лукаш Ясина.

Украина Сыртқы істер министрлігі болса, өз сыртқы саясатын жүргізуге "ерекше егемендік құқығы" бар екенін және Украинаның Солтүстікатлантикалық альянсқа мүшелік мәселесін НАТО мен Киев қана анықтай алатынын баса айтты.

Бұған қоса, аталған министрлік Мәскеуді Украинаның шығысындағы бітімгершілік процестерді қайта жандандыруға шақырды. Айта кетсек, бұл аймақта Украина армиясы мен ресейшіл сепаратистер арасындағы жеті жылдан бергі қақтығыстардан 14 мыңнан астам адам қаза тапты.

"Түтіннен құрылған шымылдық"

Кейбір батыстық саясаттанушылардың пікірінше, Ресей Украинаға әскери қысымды сақтай отырып, дипломатиялық алаңдаушылықты қамтамасыз ету үшін, орындалмайтын, шындыққа жанаспайтын талаптарды біле тұра ұсынып отыр.

Вирджиниядағы CNA зерттеу ұйымының Ресей жөніндегі маманы Майкл Кофман Twitter-де: "Бұл суретте бірдеңе дұрыс емес, саяси жағы түтіннен құрылған шымылдыққа ұқсайды", – деп жазды.

Лондон Корольдік колледжінің ресейлік саясат профессоры Сэм Гриннің ойынша, Президент Владимир Путиннің "посткеңестік кеңістікке шекара сызып, Батысқа "одан алыс жүр" деген белгі беріп отыр.

Мәскеудің талаптарын таныстыра отырып, РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Ресей мен Батыс қарым-қатынастарын қалпына келтіруді таза парақтан бастауы керек деген пікірде.

"АҚШ пен НАТО-ның соңғы жылдардағы қауіпсіздік жағдайын агрессивті түрде ушықтыру бағытындағы ұстанымы мүлдем қабылданбайды және бұндай ахуал өте қауіпті", – деді ол журналистерге.

Сонымен қатар Рябков Ресейдің қазіргі жағдайға бұдан былай шыдағысы келмейтінін айтып, Вашингтонды тез арада конструктивті жауап беруге шақырды.

Ресей қауіпсіздігін қарумен қамтамасыз етпек пе?

Мәскеу өз ұсыныстарын Құрама Штаттарға осы аптада, яғни Ресей әскері Украина маңына мыңдап шоғырланып, аймақтағы жағдай шиеленіске шақта тапсырды.

Ресейге сенсек, ол Украинаның НАТО-мен байланыстарды нығайтып, оған мүше болуға ұмтылуын өзі үшін үлкен қауіп деп есептейді. Алайда Украинаның Солтүстікатлантикалық альянсқа міндетті түрде қосылатынына әзірге ешқандай кепілдік жоқ.

Ресей ұсыныстары екі құжаттан тұрады – олардың біреуі НАТО-мен, екіншісі АҚШ-пен келісім жобасы деп аталады.

Алғашқысы Ресей мен НАТО-дан бұрын ондаған жылдар бойы Мәскеудің бақылауында болған экс-коммунистік елдерге қосымша жауынгер мен қару-жарақ шоғырландырмауды талап етеді. Бір жағынан бұл НАТО үшін Украинада, Орталық және Шығыс Еуропада, Кавказда, Орталық Азияда кез-келген әскери әрекетті тоқтатуды білдіреді.

АҚШ-қа ұсынылған келісім жобасы Мәскеу мен Вашингтонға өз ұлттық аумақтарынан тыс жерде ядролық қаруды орналастыруға жол бермейді. Бұл НАТО-ның еуропалық мүшелері АҚШ-тың ядролық қаруын тасымалдауға ұшақ бермеуге тиіс дегенді де білдіреді.

Мәскеудегі Карнеги орталығының директоры Дмитрий Трениннің ойынша, Кремльдің өзі де бұл талаптарды Батыстың қабылдауы екіталай деп санайды.

"Логикаға салсақ, мұның бәрі Ресей өз қауіпсіздігін әскери-техникалық құралдарды пайдалана отырып қамтамасыз етуі керек дегенді аңғартса керек", – деп жазды Тренин Twitter-дегі парақшасында.

Рябков сенбі күні "Интерфакс" агенттігіне берген сұқбатында мәлімдегендей, "егер АҚШ пен оның одақтастары арандатушылық әрекеттерін жалғастырып, Мәскеудің Украинаны НАТО-ға қоспауға кепілдік беру туралы талабын елемейтін болса, Ресей өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгісіз жаңа шаралар қабылдауы мүмкін".

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу