ҰҚШҰ-дағы "одақтасымыз" Армения Еуроодаққа және НАТО-ға кіргісі келеді

7133

Әзербайжанмен соғыста көмекке келмеген, қауқарсыздық танытқан Мәскеуден және оның ұйымдарынан армян халқының көңілі қалды.  

ҰҚШҰ-дағы "одақтасымыз" Армения Еуроодаққа және НАТО-ға кіргісі келеді

Армения – Еуразиялық одақтың да, ҰҚШҰ-ның да мүшесі. Алайда оның ЕАЭО-ға кіретін өзге 4 елмен (Қазақстанмен, Ресеймен, Беларусьпен және Қырғызстанмен), сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының 5 елімен (Қазақстанмен, Беларуспен, Қырғызстанмен, Ресеймен және Тәжікстанмен) ортақ шекарасы жоқ.

Армения батысында – НАТО мүшесі Түркиямен, шығысында – Әзербайжанмен, солтүстігінде – Грузиямен, оңтүстігінде – Иранмен шектеседі. Сарапшылардың байламынша, болашақта Армения тек географиялық тұрғыдан ғана емес, саяси, экономикалық, идеологиялық тұрғыдан да Еуразиялық одақ елдерінен іргесін аулақ салуы ғажап емес.

Мұны таяуда осы республикада жүргізілген кең ауқымды сауалнаманың нәтижесі көрсетті. Армяндардың үштен бірінен көбі НАТО-ға кіруді жақтайтыны белгілі болды.

"Армения жолайырықта: бағдар, басымдықтар, сыртқысаяси үміттер" аталған ауқымды әлеуметтік зерттеуді Ереван мемлекеттік университетінің, Конрад Аденауэр халықаралық қорының қолдауымен жергілікті SOCIES сарапшылық орталығының мамандары жүргізді.

Оның қорытындысы көрсеткендей, Армения тұрғындарының 34,1%-ы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін сақтап қалу үшін армян елі НАТО-ға кіруге тиіс деген пікірін білдіріпті.

Қызығы сол, Армения азаматтарының тек 29,1%-ы ғана әрі қарай ҰҚШҰ (ОДКБ) ұйымында қала беру керек деп есептейді және соны "қауіпсіздік қолшатыры" ретінде мойындайды.

Қалғандары ше? Қалғандары қамығуға, пессимизмге берілген, Армения жаһанда жападан жалғыз қалды деген, 26%-ы Армения үшін бірде бір әскери блок қауіпсіздік кепілі бола алмайтынын, не ҰҚШҰ-дан, не НАТО-дан қайыр болмайтынын айтыпты. Сұралғандардың тағы 10,7%-ы саясатпен айналыспайтынын, сондықтан бұл ұйымдар туралы еш хабары жоқтығын мәлім еткен. 

Қайран қалдыратыны сол, Арменияның Еуразиялық одақтан шығуын қалайтындар саны күрт көбейіпті. Сауалнамаға жауап берген Армения тұрғындарының жартысына жуығы – 46,1%-ы республиканы Еуропалық одақтың мүшесі ретінде көргісі келетінін білдірді.

ЕАЭО-да қала беруді респонденттердің тек 28,7%-ы жақтайды. 12,5%-ы бірде бір экономикалық одаққа кірмеген жөн деген ұстанымда. Армяндардың 12,6%-ы бұл бірлестіктер туралы білмейтін болып шықты.

Әлеуметтік зерттеу анықтаған келесі бір дерек Кремльдегілердің тұнжыраған көңілін тіптен торықтыра түссе керек. Армения жұртшылығының 69,7%-ы "Армения бұдан былай Ресеймен қарым-қатынасын шектеп, оның орнына АҚШ-пен және Еуроодақпен ынтымақтастығын кеңейтуі қажет" деп есептейтінін мәлімдеген.

Демек егер жергілікті билік адал референдум өткізсе, республиканың бағдары қай жаққа өзгеріп кетуі мүмкін екені аңғарылады.

Өйткені Лента.ru және басқа ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, Ресеймен стратегиялық әріптестікті жақтайтын және соны "Армения үшін пайдалы жалғыз нұсқа" дейтін армяндардың үлесі қазір азшылықта қалды (26,4%). Өйткені олардың пайымдауынша, "Батыспен жақсы қарым-қатынастардың дамуына Армения мен Ресейдің тығыз байланыстары кедергі келтіріп отыр".

Сонымен бірге ел халқының тағы 3,9%-ы – Ресеймен ынтымақтастықты толығымен тоқтатуды қалайтыны анықталды. Сауалнамаға 18 жастан ересектер, Ереванның ғана емес, барлық облыстардың және ауылдардың тұрғындары қатысқан.

Сарапшылар, Армения қоғамындағы бұл көңіл-күйдің негізі барына назар аудартады. Шетелдік ақпарат құралдарының жазуынша, 47 күн бұрын, таңалакеуімде Украинаға тұтқиылдан тап бергенімен, содан бері өз дегеніне жете алмаған Мәскеу енді жаңадан жойқын соққы беру үшін "империясының" әр түкпірінен, соның ішінде Қарабақтан бітімгершілік әскерінің үлкен бөлігін алып кеткен. Армения мен Әзербайжан арасында буферлік аймақ түзіп, сес көрсетіп тұрған ресейлік әскердің бір бөлігінің әкетілуі Қарабақ дауын қайта ушықтырды.

Әзербайжан тарапының дерегінше, алдымен бітімгершілерден босаған аудандарға армян әскері кіруге ниеттенген. Бұл қозғалысты байқаған әзербайжан армиясы да дереу ілгері ұмтылып, қарсыласын кері серпілтті. Бұған жауап ретінде Кремль Баку жаққа жұдырығын түйіп қойғанымен, әкеткен әскери бөлімшелерін қайтармады, Әзербайжанға қарсы санкция қолдана алмады.

Бұдан бөлек, былтырғы 27 қыркүйекте болған "әзербайжан-армян үшінші соғысы" барысында Армения ҰҚШҰ-дан, ең бастысы Ресейден әскери көмек келеді деп күтті. Алайда Әзербайжан айласын асырып кетті. Баку тек Батыс елдеріне ғана сүйенбей, Ресейдің де көңілін аулады. Владимир Путинмен байланысын үзбеген, ұдайы хабарласқан Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев онымен одақтастыққа беріктігін, бұл шайқас РФ мүддесіне қарсы бағытталмағанын айтумен болды. Сөйтіп, "ағасының" қолдауынсыз қалған Армения ойсырай жеңіліп, Қарабақтың басым бөлігін заңды иесіне қайтаруға мәжбүр болды.

Енді Баку өз аумағы саналатын бұл өлкені толығымен өз иелігіне қайтаруға ниетті. Украинамен соғыста біраз әлсіреп қалған Ресей оған қарсыласуға қауқар да, ықылас-ынта да танытпай отыр.

Мәскеудің қорғауға шамасы келмейтінін байқаған армяндардың үлкен бөлігі "НАТО-ға немесе Еуроодаққа кірсек, Батыс әлемі әзербайжандардың даулы жерді әскери жолмен қайтаруға құлшынысын тойтарады" деп сенетін көрінеді.

Кейінгі жылдары Әзербайжан Түркияның заманауи қаруларымен мұздай қаруланды. Ал Ресейдің ескі әскери қару-жарағы мен техникасын ҰҚШҰ аясында жеңілдікпен сатып алып келген Армения көршісінің мұндай қуатты, озық армиясымен соғысуға, оған қарсы тұруға күші жетпейтінін түсінеді. "Біздің әскерді де Батыстың үздік қаруымен жабдықтау керек" деген ұсыныстар еревандық сарапшылар тарапынан айтылып жүр.

Оның үстіне қазіргі кезде екі ел арасындағы жанжалды жойып, мәселені шешу ісінде Мәскеу емес, Брюссель араағайын "шапанын" өз бойына шақтай бастады. Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабақ бойынша келіссөздердің соңғы раунды Еуропалық одақтың астанасы Брюссельде өтті. Оған бітімгер саналатын Ресейдің өкілдері шақырылмады. Ереванның "жат жерде" ұйымдастырылған келіссөздерге келіскеніне ресейлік "пропагандистер" өкпелеп қалды. Ресей делегациясы оған қатысқысы келсе де қатыса алмайтын еді, себебі ЕО виза бермейді. Ендеше Мәскеудің одақтасы әрі ықпал аймағы саналатын екі республиканың бітімдесу орны ретінде Брюсселді таңдауының өзі – Кремльге соққы болды.

Ал Арменияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Арарат Мирзоянның НАТО-ның штаб-пәтеріне кеңес-консультацияға шақырылуы Кремльдегілерді "шапалақпен бетінен осып жібергендей" сезімде қалдырса керек. Армения басылымдарының хабарлауынша, ол Солтүстікатлантикалық альянстың Бас хатшысының орынбасары М. Джоанэмен жабық кездесу өткізді және "НАТО-мен саяси диалогтың орнығуына көңілі толатынын" мәлімдеді. Арарат Мирзоян мен Мирча Джоанэ Армения мен Түркия арасындағы шиеленісті қарым-қатынасты қалпына келтіру процесі туралы ақылдасыпты. Таулы Қарабаққа халықаралық ұйымдарды жіберу мәселесін талқылаған. Соңынан Армения Сыртқы істер министрі Солтүстікатлантикалық Кеңес алдында сөз сөйлеп, Армения–НАТО ынтымақтастығы мәселелеріне тоқталды.

Армян қоғамының көңіл-күйінен әлгіндегі сауалнаманың тағы бір нәтижесі хабар береді. Ел жұртшылығының 56%-ы жастарға Еуропа елдерінің білімін берген жөн депті. 37%-ы – Американың білімін оңды санайды. Жастар білім мен ғылым шыңын Ресейде бағындыруы керек дейтін армяндардың үлесі 29%-ы ғана. Төртінші орынға 15% дауыспен Қытай шыққан. Осыдан-ақ Армения халқының батысқа бет бұра бастағанын аңғаруға болады.

Армения басшылығы үшін де енді Батыстың бағасы мен ұстанымы құнды екенін паш ететін бір дерек бар. Таяуда, 28 наурызда спутниктік түсірілімдерді талдаған Түркияның ақпаратына сілтеме жасай келе, Украина тарапы "Армения бірнеше Су-30СМ көп нысаналы жойғыш ұшағын Ресейге берді" деп хабарлады. Ереван бұл ақпаратты дереу жоққа шығарды. Әрі жай сөзбен шектелмеді, Арменияның Қорғаныс министрлігі НАТО және Еуроодақтың әскери атташелерін стратегиялық, құпия әскери-әуе объектісіне жіберіп, әскери авиабазаға "ревизия" жасатты. Авиабаза командирі, авиация полковнигі Самвел Тавадян шетелдік мәртебелі меймандарға бүкіл әскери бөлімнің территориясын аралатқан, өз қолданысындағы кеңестік-ресейлік заманауи әскери техникалармен және қару-жарақтармен таныстырған. Ең бастысы, "жоғалып кетті" делінген истребителдерді көрсетіп, барлық Су-30СМ-дердің тегіс өз орнында екеніне НАТО өкілдерінің көзін жеткізіпті.

Ресейлік саясаттанушы, Саяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дарья Гревцова армяндардың ұстанымы – Мәскеудің халықаралық аренадағы статусының төмендеуімен байланысты дейді.

"Арменияда батысшыл күштер бұрыннан болған. Ресей проблемаға тап болған соң, армян қоғамының бір бөлігі Ресеймен арадағы барлық байланысты үзіп, соның ішінде ҰҚШҰ-дан шығып, Батыс жаққа толық бет бұруды насихаттауда. Біраз армян бұған дейін де батыстық құндылықтарды жақтайтын, еуропалық өмір салтына бейім. Арменияда АҚШ-тың "жұмсақ күштері" жұмыс істеуде. Олар әртүрлі құрылымдар арқылы осы елде Батыстың мүддесіне сай қоғамдық пікірді қалыптастырады. Егер Ресейдің ықпалы әрі қарай әлсірей берсе, Армения қоғамының басым бөлігі толығымен батыс ықпалына түсіп кетуі мүмкін", – дейді Дарья Гревцова.

Айтқандай, ҰҚШҰ-дан тіпті ресейліктердің көңілі қалғанын Рунеттегі пікір-комментарийлерден аңғаруға болады. Ресейлік әскери сарапшылар да Украинамен соғыста Ресейге ҰҚШҰ елдері әскери көмек көрсетпегеніне өкпелі. Қырғыздардың да бұл ұйымға көңілі толмайды. Осы одақтың жұртында тағы да Қазақстан жалғыз қалып қоймаса...

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу