Әлемде ядролық соғыс басталғалы тұр ма?

11853

В. Путин Ресейдің ядролық күштерін "әскери кезекшіліктің ерекше режиміне" көшірді. Сарапшылар әлем ядролық соғысқа таяды деп жатыр. Солай ма? Бұл нені білдіреді?

Әлемде ядролық соғыс басталғалы тұр ма?

РФ Президенті Владимир Путиннің бұйрығымен 27 ақпанда құрамына стратегиялық ядролық күштер кіретін "тежеу күштері" әскери кезекшіліктің айрықша режиміне ауыстырылды. Путиннің өзі мұны келесідей түсіндірді:

"НАТО-ның жетекші елдерінің биік лауазымды тұлғалары біздің елімізге қатысты агрессивті мәлімдемеге жол берді. Сондықтан Қорғаныс министріне және Бас штаб бастығына ресейлік армияның тежеу күштерін әскери кезекшіліктің ерекше режимін өткеруге көшіруді бұйырамын!", – деді В. Путин.

РФ Қорғаныс министрлігі жариялаған "Қорғаныс саласындағы терминология бойынша анықтамалыққа" сәйкес, Тежеудің стратегиялық күштері (ТСК) – Ресей Қарулы күштерінің негізгі әскери қуаты саналады және Ресей мен оның одақтастарына қарсы агрессияны тежеуге, сондай-ақ ядролық қаруды қолдана отырып, агрессорды күйретуге бағдарланған.

ТСК-ге стратегиялық шабуылдаушы күштер және стратегиялық қорғаныс күштері кіреді. Олар континентаралық қашықтыққа ұшатын зымырандармен және авиациялық кешендермен, үлкен қашықтықты көздей алатын жоғары дәлдікті қару-жарақтармен жабдықталған.

Осының алдында Беларусь Президенті Александр Лукашенко "Батыс елдері Ресейге санкциялық қысымды өрістету арқылы оны үшінші Дүниежүзілік соғысқа итермелеп отыр" деп мәлімдеген еді.

"Біздің бәрімізге ұстамдылық таныту керек-ақ. Әйтпесе, әлем жамандыққа тап болады. Ядролық соғыс бәріне нүкте қояды", – деді А. Лукашенко.

Әлем ядролық соғыстың қарсаңында тұр ма?

Александр Алесин, халықаралық тәуелсіз әскери сарапшы, қорғаныс және әскери-өнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша беларусьтік жетекші маман:

– Бұл дегеніміз – ядролық соққы берудің қарсаңындағы қадам. Яғни ядролық зымырандардың бортындағы есептеуіш машиналарға оқтұмсықтардың қай елдегі нақты қандай өңірге ұшатынына қатысты тапсырмалар (полетные задания) жүктелгенін білдіреді. Ядролық соққыға жұмылдырылатын зымырандық әскерлер тез арада әскери патрульдеу маршрутына шығарылған, ормандарға енгізілген. Ядролық баллистикалық зымырандары бар сүңгуір қайықтар әлемдік мұхиттың алдын ала белгіленген аудандарында тұр деген сөз.

Келесі қадам – ұшыру кодтарын алып шығып, енгізу болады. Сонда ұзақ жылдар бойы ең үрейлі сценарийлерде айтылып келген, фантастикалық фильмдерде бейнеленген сұрапыл кезең, заманақыр басталуы мүмкін.

Ашығын айтқанда, бұл жерде әңгіме ядролық соғыс туралы болып отыруы ықтимал. Біз бұған дейін ондай соғыстың болуы ықтималдығына бей-жай, салғырт қарап, сенбей келдік. Шын мәнінде, адамзат жаппай апат құрдымына құлататын құздың алдында тұр.

Менің ойымша, Ресей басшылығы қатты ашу, ашыну үстінде. Халықаралық соғысты бастаған ол қазір жеңіліп қала алмайды. Жеңілсе, өзі күйрейді. Украинаны тез жаулап алу жоспарынан түк шықпады. Енді Кремль ең соңғы "көзірлерін" пайдалана бастауы мүмкін. Ол партияны кез келген жолмен жеңіп шығуға жанын салмақ, – деді ол "Дождь" телеарнасына түсініктемесінде. 

МемДума депутаты Евгений Попов:

– Сарапшылар державалардың бір-біріне ядролық қарумен соққы беруге, тіпті арнайы кодтарды енгізуге дайындалып жатқанын айтуда. Бірақ бұл жаңсақтық деген ойдамын. Бұл қадамның астарын түсіну үшін тежеу күштерінің не екенін түсінуіміз керек. Яғни әзірге ядролық оқтұмсығы бар зымырандарды ұшыруға, кодтарды енгізуге даярлық туралы ешқандай әңгіме болып отырған жоқ. Бұл "Тұманды Альбион" тарапынан көрсетілген доқ-көрсетуге жауап. Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Ресейге қарсы НАТО операциясын жүргізсе қалай болады деген ой-ұстаным барын мәлімдеді. Мұндай сөздерді елеусіз қалдыруға, оған құлақ аспауға болмайды.

Дегенмен қазіргі кезде ядролық күштердің шабуылға дайындығы төменгі дәрежеде. Бұл "дайындықтың жоғарғы дәрежесі" емес. Егер әлемдегі ең қуатты әскери блокқа кіретін держава: "Ресейге қарсы НАТО операциясын әзірлейік?" деп бастама көтерсе, әрине, біз оларға қарсы қандай да бір жауап қатуға тиіспіз.

Бір жақсысы, АҚШ тарапы бірнеше минут өте сала, НАТО Ресейге қарсы ешқандай әскери операция өткізуді жоспарламайды деп жоққа шығарып үлгерді. Яғни НАТО блогы Ресей-Беларусь блогына еш қауіп-қатер төндірмейді. Бұл мәлімдеме кернеуді азайтады. Ендеше Ұлыбританияның мәлімдемесі арандатушылық болды, өйткені сол кезде Украина-Беларусь шекарасында, Гомельдегі шекара өтпесінде келіссөздер өткелі жатқан. Бейбіт келіссөздер бүкіл әлем жұртшылығы тілеп отырған тілектің орындалуына жол ашуға тиіс, яғни қантөгіс тоқтағаны жөн. Олай болса, Батыс елдері Ресейге қарсы НАТО операциясын өткізу туралы мәлімдеуден аяқ тартқаны маңызды, – деді МемДума депутаты.

Айта кеткен жөн, Ұлыбритания Ресейге қарсы операция бастауға шақырған жоқ. Осының алдында Ұлыбританияның СІМ басшысы Элизабет Трасс Sky News телеарнасына сұхбатында Ресейдің әскери операциясының ақыр соңында Ресей мен НАТО арасындағы қақтығысқа ұласып кетуінен сақтандырды.

"Егер біз Украинада Путинді тоқтатпасақ, басқа елдерге – Балтық мемлекеттеріне, Польшаға, Молдоваға қауіп төнеді. Бұл ақырында НАТО-мен қақтығысқа ұласуы мүмкін, біз оны қаламаймыз!", – деді Э. Трасс.

Сарапшылар Ресей кезекті рет ядролық қолшоқпарымен қоқан-лоққы жасауға сылтау іздеп отыр деген пікірде. "Миропорядок 2018" деректі фильмінде В. Путин "ядролық соғыста ешкім жеңбейді, адамзат толық жойылады" дейтін ғалымдар мен эксперттерге жауап бере келе, "Егер Ресейге орын жоқ болса, ондай әлемнің бізге керегі не?" деп шорт кескен болатын.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу