Путин ірі бизнестен экономикаға 120 млрд доллар қалап отыр

5124

Кремль фирмаларды көбірек шығындандырып, ішкі жалпы өнімдегі инвестицияның үлесін 25 пайызға жеткізу жолдарын қарастырып жатыр.

Путин ірі бизнестен экономикаға 120 млрд доллар қалап отыр

Ресей үкіметі үлкен бизнестен салықты көбірек алу жоспарын жүзеге асыруды кейінге қалдырды. Сөйте тұра, РФ министрлер кабинеті Владимир Путиннің президенттік мерзімі аяқталғанша, олигархтардың экономиканы қайта жандандыруға 120 миллиард доллар инвестиция салғанын қалап отыр.

Бұл – бұрынғыдан 15-20 пайызға жоғары көрсеткіш. Путиннің жаңа жоспары бойынша, инвестиция көлемі жалпы ішкі өнімнің 25 пайызына жетуі керек. "Егер Кремльдің бұл идеясы іске асатын болса, акционерлерде ақша азаяды. Өйткені, компаниялардың капиталдық шығындары кірістің есебінен қаржыландырылады", – деп хабарлайды "Блумберг" агенттігі.

Батыстың санкциялары шетелдік капитал мен технология импорттауға бөгет болып отырғандықтан, Кремльде Путиннің халық тұрмысын жақсарту уәдесін орындайтын басқа амал қалмағандай. Мәскеудегі "Альфа-Банктің" бас экономисі Наталья Орлованың сөзінше, компанияларды нақты жобаларға инвестиция салуға мәжбүрлеу немесе олардың қорын тәркілеу ескі тәртіпке жатады. Және де мұндай тәсіл кәсіпорындар жұмысының тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін.  

Бірқатар бақылаушылардың ойынша, Батыстың санкцияларымен бірге экономиканың бұлыңғыр болашағы және жағымсыз іскерлік климат компанияларды сақтануға итермелеп, Кремльдің экономикалық секіріске деген үмітіне селкеу түсіріп отыр. Сондықтан болар, шенеуніктер қолма-қол ақшаны басқа жолмен алу жолындағы қысымды күшейтуге кіріскендей.

Аталған агенттікке берген сұхбатында Мәскеудегі Макроэкономикалық талдау және қысқа мерзімдік болжамдар сараптамалық орталығы директорының орынбасары Владимир Сальников мәлімдегендей, бұл тәсіл фирмаларды іске ынталандырмаса да, әйтеуір жұмыс істеуі мүмкін. 

"Инвестициялық қозғалтқыш"
Бірқатар сарапшылардың ойынша, Путин капитал жұмсауды өсімнің қозғалтқышына, моторына айналдырғысы келеді. Ал, өткен айда Кремльдегі жоғары лауазымды көмекшілердің бірі салықты көтеріп, кейбір ірі тау-кен, металлургия және химиялық компаниялар мен жеке фирмалардан 500 миллиард рубль тарту жайлы ұсыныс жасап, инвесторлар мен магнаттарды бір елеңдетіп тастады. Дегенмен, бизнес қауымның кейбір өкілдері мен үкіметтегі бірқатар тұлғалар бұл жоспарды қабылдамады. Сондықтан, Кремль осы мәселеге қатысты позициясын біршама жұмсартып, жаңа әрі ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысамын деушілерге арнайы заңдық және салықтық жеңілдіктер жасау бастамасын көтеріп отыр.

 

Жалпы алғанда, Ресей қаржы министрлігі Путиннің президенттік мерзімі аяқталғанша, яғни, 2024 жылға дейін экономикаға 8 триллион рубль тартудан үмітті. 

"Қаржы зая кетпеуі керек"
Лауазымды өкілдер жобаларды анықтап, оларға қол қою үшін компаниялардың басшыларымен жекеше кездесіп жатыр. Әзірге ресейлік кәсіпорындар қосымша шығынға батпау үшін инвестициялық жобаларды жүзеге асырарда, өздеріне арнайы жағдай жасалады деп үміттеніп отыр. 

"Саяси басшылық шығындалуға мәжбүрлеудің халықаралық деңгейдегі ең қатаң формасына жүгінсе де немесе мемлекет пен жекеменшік серіктестігін желеу етсе де, түрлі жобаларға салынған қаржының зая кетпеуі керек екенін түсінуі тиіс", – дейді Мәскеу жоғары экономика мектебі даму орталығы басшысының орынбасары Валерий Миронов.

РФ үкіметінің мәлімлеуінше, жыл сайынғы инвестиция көлемі  2024 жылға дейін  19 триллион рубльге жетуге тиіс. Сонда ғана Путиннің халықтың тұрмысын жақсарту бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, Кремль жаңа жолдар мен темір жолдарды және өзге де инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мемлекет те қаржы жұмсайды деп сенім артып  отыр.

Бірақ, Мироновтың пікірінше, үкімет қайда инвестиция салу қажеттігін өзі де білмейді. Сонымен қатар, оның сөзінше, билік инвестицияға емес, экономикалық өсімді ынталандыруға көбірек мән беруі қажет.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу