Мәскеу Мадуроға күмәндана бастады

4433

Венесуэла экономикасының апатты жағдайға жетуі оның социалистік билігіне Ресейдің сенімін сетінете түсті.

Мәскеу Мадуроға күмәндана бастады

Мәскеу Венесуэланың оппозициямен айқасқан президенті Николас Мадуроны осы күнге толық қолдап келді. Енді Ресейдің сол президенттің билікті сақтап қалу қауқарына күмәндана бастағаны айқындалып келеді.

Әрине, Мәскеу Мадуроны "сүйемелдеуден" әзірге бас тарта қойған жоқ. Дегенмен, Венесуэла экономикасының апатты жағдайға жетуі Мадуроға қоғамдық қолдауды әлсіретіп жатқанын РФ мойындауға мәжбүр. Мұны "Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында Кремльдің есімдерін атамаған екі өкілі мәлімдеді. Олардың сөзінше, Венесуэла армиясы халықтың ұлыққа қарсылығын күшпен басуға  құлықсыз. Бұл фактор да Мадуроның әскерге жүгіну мүмкіндігін шектеп отыр.  

"Өкініштісі сол, уақыт Мадуроның жағында емес. Экономикалық ахуал нашарлап бара жатқанда, қоғамның көңілі президентке қарсылыққа дереу ұласып кетуі мүмкін", – дейді Ресей парламенті Сенатының Халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары Владимир Джабаров.

Мәскеу Мадуроның АҚШ-қа арқа сүйеген оппоненттеріне күмәнмен қарайды. Сөйте тұра Ресей өзінде қаржылық проблемаларға терең батқан Венесуэла басшысын қолдайтын тетіктің тым аз қалғанын түсініп отыр. Оның үстіне, Мадуроны армиямен қолдайын десе, Венесуэла Ресей үшін  тым алыста орналасқан.

Ресей мен Қытай Венесуэланың социалистік үкіметін сонау 1999 жылы билікке Уго Чавес келгеннен бастап қолдап келеді. Содан бері Мәскеу бұл мемлекетке миллиардтаған доллар несие беріп, инвестиция құйды. Ол шығынның көбін "Роснефть" мемлекеттік мұнай компаниясы көтерген. АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла экономикасын санкциямен теңселтіп, Мадуро билігін құлату жолына түскенде, Ресей де қарап қалмай, Венесуэладағы мүддесін қайтсе де қорғап қалуға тырысып жатыр. Дегенмен, Путин үкіметі Латын Америкасындағы одақтасына тағы ақша бермей, бұрын берген қарыздарын қайта құрылымдауға мәжбүр.

Путиннің 10 миллиард доллары
Соңғы жылдары Ресей Венесуэлаға 10 миллиард доллар бөлген. РФ Әскери-техникалық ынтымақтастық қызметінің басшысы Дмитрий Шугаевтың сөзінше, Ресей Венесуэлаға қару-жарақ экспорттайтын негізгі елдердің бірі. Дегенмен, Мәскеу "бұл мемлекеттегі саяси жағдайға өте алаңдап отырса да, онымен ынтымақтастықты азайтпақ емес".

Соңғы күндері Кремльді алаңдатқан тағы бір жайт – Мадуро жаңа сайлау өткізуге келіспегеннен кейін Еуропаның басты державалары Венесуэла Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Хуан Гуайдоның билігін мойындады. Мұның алдында Венесуэла әуе күштерінің генералы оппозиция жағына өтсе, қол ақшаға өте-мөте мұқтаж  Мадуро  20 тоннадай алтынды шетелге сату үшін ел аумағынан шығара алмады.

Кремль үнсіз
Венесуэлада саяси дағдарыс күшейіп, оның лидерінің жақтастары азайып бара жатса да, Ресей президенті Владимир Путин Мадуроны қолдап ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Кремль басшысы социалистік мемлекет басшысына соңғы рет қаңтардың 24-інде телефон соққан екен.

Бірқатар сарапшылардың ойынша, Ресей үшін Венесуэланың стратегиялық маңызы шамалы. Бұл мемлекет Кремльге АҚШ-тың іргесінде де одақтасының бар екенін паш ету үшін қажет. Және де Сирия президенті Башар Асадты қолдауға жіберген әскерді Венесуэлаға жіберуге мүмкіндік шамалы. Сондықтан, былтыр желтоқсанда Ресей Венесуэлаға ядролық бомба тасушы екі ұшақ жіберіп, Батысқа айбынын көрсетумен ғана шектелген.

"Венесуэла үкіметі мен оппозициясы келіссөз жүргізгенде ғана бұл дағдарыстан шығуға болады. Керісінше жағдайда онда Батыстың қатысуымен режим ауысуы мүмкін", – деді өткен апта ішінде РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров Тәжікстанға сапарында.

Мәскеудегі Латын Америкасын зерттеу институтының Венесуэла жөніндегі сарапшысы Дмитрий Розентальдың ойынша, "бүгінде Мадуро елді бақылауда әлі ұстап тұрғанымен, онда билікті сақтап қалатын тетік азайып барады. Оның билікте қалу мүмкіндігі қыл үстінде тұр".

Гуайдо өткен аптада Қытайға үндеу жолдап, онымен жасалған келісімдерді сақтауға уәде берді. Оппозиция лидерінің мәлімдеуінше, демократиялық Венесуэла ғана Ресей мен Қытайдың инвестициясын қорғай алады.

Оппозиция бақылауындағы Венесуэла Ұлттық Ассамблеясы "Роснефть" компаниясының артып келе жатқан рөліне алаңдаулы. Айта кетсек, осы кәсіпорынның президенті Игорь Сечин Венесуэланың бес мұнай компаниясының акциясына ие. Сонымен қатар, жақында оның өкілдері  Венесуэланың PDVSA мұнай компаниясының "Роснефтьке" қарызының жартысын төлемей, 2018 жылдың соңында 2,3 миллиард доллар қарыз болып қалғанын ескертті.

"Роснефтьтің" рөлі
2016 жылы "Роснефть" PDVSA-ның америкалық еншілес компаниясы Citgo Petroleum-ның 49,9 пайыз акциясын сатып алып, 2017 жылы теңіздегі екі газ кенішін игеру туралы келісімге қол қойды. Алайда, бұл құжаттарды Венесуэланың оппозиция қарамағындағы парламенті әлі күнге дейін мақұлдамаған. Сондықтан, кейбір бақылаушылардың ойынша, Ресейге заң шығарушылармен мәмілелесуге тура келуі мүмкін.

Мәскеудегі Плеханов экономикалық универстетінің профессоры Ландабасо Ангуло "Блумбергке" берген сұқбатында айтқандай, Венесуэланың мұнай экспорты соңғы 28 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Және де АҚШ – тың PDVSA-ға жариялаған санкциялары өз күшіне енетін болса, шикізат сату дәрежесі тіпті азайып кетуі мүмкін. Ал, Ресей әлемдегі ең үлкен дәлелденген мұнай резервінің мұндай жағдайға жетуіне тиімсіз басқару жүйесі кінәлі екенін біліп отыр.

"АҚШ пен оның аймақтағы және өзге жақтағы одақтастары Мадуро билігін әйтеуір құлатуға бекініп отыр. Ал, Ресей сол үшін Вашингтонның арқасындағы тайталасуға тәуекел етпей отыр. Гуайдо Ресей үшін сондай трагедияға айналмайды", – дейді Мәскеудегі Стратегиялық тенденцияларды зерттеу орталығының директоры Иван Коновалов.  

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу