Трамп, Путин, Си

4321

Жаңа зерттеу Трамптың әлемдегі ең сенімсіз, ең қауіпті Президент екенін анықтап берді.

Трамп, Путин, Си

Әлемде қай лидерге көбірек сенесіз? Бұл сауалға жауап бере келіп, планета тұрғындарының айтарлықтай бөлігі АҚШ президенті Дональд Трампқа иланбайтындарын айтқан. Оның рейтингі ресейлік және қытайлық әріптестері – Владимир Путин мен Си Цзиньпинмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болып шықты.

Жаңа сауалнаманы Американың әйгілі Pew зерттеу орталығы сәрсенбі күні жариялады. Ол жоғарыдағы сұрақты жер шарының 33 мемлекетінде 37 мыңға жуық адамға қойған. Солардың 64 пайызы Трамптың "дұрыс шаруа атқарып жатқанына" күмәндатындарын жеткізді. Ал, Путинді респонденттердің 57 пайызы, Сиді 43 пайызы қолдамайтыны анықталып отыр.

Жер жүзі тұрғындарының 29 пайызы Трампқа, 33 пайызы Путинге, 46 пайызы Германия канцлері Ангела Меркельге, 41 пайызы Франция Президенті Эмманюэль Макронға сенеді.

Зерттеу былтыр мамыр- қазан айлары арасында жүргізілген. Яғни, Америка Президентіне қарсы импичмент процесі мен АҚШ -Иран шиеленісі респонденттердің жауабына әсер етуі мүмкін емес. Дегенмен, халықаралық қауымдастық Трампқа сенімсіздік білдіргенімен, оның елі – АҚШ-ты сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі - 54 пайызы жағымды, қолайлы ел деп атаған. Салыстырып көрсек, қазір әлемде Құрама Штаттарды ұнатпайтындар саны 38 пайызға жетер-жетпес.

Зерттеулерге қарағанда, Ақ үй басшысына деген сенім ол басшылыққа келісімен күрт төмендеді. Pew орталығы 2017 жылдың маусымында жариялаған сауалнама нәтижесіне жүгінсек, Барак Обама билігінің соңғы айларында Трампты дүниежүзі тұрғындарының 64 пайызы қолдаған екен. Алайда, президенттік өкілеттігі басталғаннан кейін Трамптың рейтингі 22 пайызға құлдырады. Сонымен қатар, оны беделі төмендегенде, әлемде Құрама Штаттарды жақтаушылар қатары 64 пайыздан 49 пайызға дейін азайған.

Еуропа Трампқа сенбейді

Трамптың беделі неліктен төмен деген сауалға келсек, оның бірқатар сыртқы саяси бастамалары халықаралық аренада қолдау таппады. Респонденттердің 50 пайыздан астамы Трамптың өз елін Иранмен арадағы ядролық келісімнен шығаруын және Америка қабылдайтын иммигранттар санын шектеуін құптамай отыр. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 60 пайызы Трамптың Париж климаттық келісімінен шығуын, Мексикамен арадағы шекараға қабырға тұрғызуын және импорттық тауарларға тарифті көтеруін мақұлдамай отыр.

АҚШ Президентін, әсіресе, Еуропа елдері қолдамайды. Керісінше, Израиль мен Филиппин аралдарының тұрғындары Трампқа көбірек сенетіндерін айтқан. Бұл екі мемлекетте респонденттердің 70 пайыздан астамы Трампқа үлкен сенім артып отыр. Ал, германиялықтардың 85 пайызы, швециялықтардың 81 пайызы, франциялықтардың 78 пайызы, британдықтардың 67 пайызы Құрама Штаттар лидеріне сенбейді.

Трамптың рейтингі, әсіресе, Мексикада төмен. Бұл мемлекет тұрғындарының 89 пайызы солтүстіктегі көршісінің басшысына мүлде сенбейді. Ал, Түркияда респонденттердің 84 пайызы Трампты қолдамаса, украиналықтардың 44 пайызы, ресейліктердің 20 пайызы ғана оған сенетінін айтқан.

Әлемге ең қауіпті Президент

Pew Research Center-дің зерттеу қорытындысы жақында Германияның DPA жаңалықтар агенттігі жүргізген сауалнама нәтижесімен сәйкес келіп отыр. Германиялық респонденттердің 41 пайызы Трампты "әлемдік бейбітшілікке төнген ең зор қауіп" деп атаған. Дүниежүзіне қатерлі лидерлер қатарында екінші орында Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ын 17 пайызбен Трамптан кейінгі екінші орында, ал үшінші сатыда 8 пайызбен Президент Путин мен Аятолла Әли Хаменей тұрса, Қытай басшысы Си "үлкен қауіп" ретінде 7 пайызбен төртінші орыннан көрінген.

Құрама Штаттардың өз ішінде де Трамптың рейтингі 50 пайыздан төмен болып тұр. Таяуда Real Clear Politics агенттігі ұлттық сауалнама жүргізіп, Президентті америкалықтардың 45,1 пайызы қолдайтынын, 52,6 пайызы оған қарсы екенін анықтап берді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу