Сауда соғысында кімдер ұтты?

4574

АҚШ пен Қытай экономикалық майданда бейбітшілікке бір қадам жасады. 

Сауда соғысында кімдер ұтты?

Сәрсенбі күн Америка Құрама Штаттары мен Қытай бастапқы сауда келісімін жасасты. Соның нәтижесінде тарифтер доғарылып, Бейжің Американың тауарлары мен қызмет түрлерін сатып алады. Осылайша, әлемнің екі алып экономикалық державасы арасында 18 айға созылған жанжал жеңілдеп отыр.

"Фаза-1" деген құжатқа президент Дональд Трамп пен Қытай вице-президенті Лю Хи Ақ үйде қол қойды. Оған сәйкес, азиялық ел АҚШ-тан 200 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуы керек. Ал Вашингтон Қытайдың құны 160 млрд доллардан астам тауарларына жарияланған импорттық тарифті алып тастауы керек.

Тараптарды сауда соғысында бейбітшілікке бір табан жақындатқан пәтуаның негізгі элементтері төмендегідей:

АҚШ экспорты: Қытай  биыл және келесі жылы АҚШ-тың қызметтерін, фабрикалық тауарлары мен энергетикалық және ауылшаруашылығы өнімдерін 200 миллиард долларға сатып алуға келісті. Осы жерде айта кететін бір жайт – Бейжің Құрама Штаттардан жылына 40 млрд доллардың агроөнімдерін импорттайын деп отыр. Бұл – амбициялық мақсат. Бұрын Қытай Америкадан жылына тек 26 млрд долларға ауыл өнімдерін сатып алушы еді.

Тарифтер: Осы уағдаластыққа сәйкес, АҚШ Қытайдың құны 160 млрд долларлық импортына жарияланған тарифті доғарады. Сонымен қатар, президент Дональд Трамп әкімшілігі Қытайдан келетін 110 млрд доллардың тауарларына тарифті жартылай төмендетіп, 7,5 пайызға дейін түсірді. Дегенмен, Америка Қытайдан әкелінетін 360 млрд доллардың немесе барлық импорттың үштен екі бөлігіне енгізілген кедендік баж салығын көтерілген күйінде сақтап отыр. Бұндай цифрлар мен Қытайға, саудаға деген осынша агрессивтік тәсілді Трамп билікке келгенге дейін көзге елестету мүмкін емес еді.  Ал, Бейжің АҚШ-қа жариялаған тарифтерін не істеуі мүмкін? Бұл сауалға әзірге анық жауап жоқ.

Технология талап  етілмейді: Жаңа келісімге сәйкес, Қытай Американың және өзге мемлекеттердің компанияларынан өз нарығына кіргені үшін технология талап етуді тоқтатуға уәде берді. Кез келген технология бизнес үшін беріліп, ол шетелдіктерден мәжбүрлеу тәсілімен алынбауы керек.

Интеллектуалдық мүлік: Екіжақты пәтуа Қытайда сауда құпияларын ұрлады деп айыпталғандарға қарсы қылмыстық іс қозғау тетіктерін жеңілдетеді. Сол тетіктердің біріне сай, Қытай үкіметі шенеуніктерінің әкімшілік және реттеу процедураларын қолданып, шетелдік компаниялардың коммерциялық құпияларын әшкерелеуге және сол жасырын ақпаратты қытайлық бәсекелестерге табыстауына тыйым салынады.

Сонымен қатар, бұл келісім Қытайдан пираттық тауарларды сатумен айналысатын веб-сайттарды жоюға мүмкіндік беретін әдістер жасақтауды талап етіп отыр.

Ұтқандар: ТРАМП пен СИ

Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл келісімнен пайда сондай үлкен емес, бірақ Трамп осының өзін алға тартып, 2020 жылы өтетін сайлау қарсаңында оны үлкен жетістік ретінде көрсетіп, ұпай жинауға тырысуы мүмкін.

Соңғы сауалнама қорытындыларына қарағанда, америкалықтардың көбі Ақ үй басшысының "Қытай саудасы әділетсіз" деген уәжімен келісіп отыр. Дегенмен, жалпы алғанда, олар еркін сауданы да жақтап, тарифке қарсылық білдіріп келеді.

Президент Си Цзиньпин болса, Американың талабына бас имедім деп мақтана алады. Алайда Қытай жеңісті мерекелеуі керек деген сөз емес. АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің есебінше, Қытай экономикасы сауда соғысынан 0,25 %-ға зардап шеккен, себебі оның АҚШ-қа жіберетін тауарлары өз көлемінің төрттен үш бөлігін жоғалтты.

Ұтылғандар: америкалық компаниялар, тұтынушылар, фермерлер, зауыт-фабрикалар

Қытайдың 360 млрд долларлық, ал АҚШ-тың 100 млрд долларлық тауарларына тариф сақталып қалды. Бұдан америкалық компаниялар мен тұтынушылар 40 млрд долларға шығындалған.  

Конгресстің Бюджеттік басқармасының дерегінше, тарифтермен байланысты белгісіздіктер мен шығындардан АҚШ-тың экономикалық өсімі 0,3 %-ға қысқарса, үй шаруашылықтарының кірісі 2018 жылдан бері орта есеппен 580 долларға кеміген.

Америкалық фермерлерге келсек, Қытайға өнім өткізе алмағандықтан, олардың арасында банкротқа ұшырағандары көбейіп отыр. Сондықтан бұл саланы құтқаруға федералдық үкімет 28 млрд доллар көмек бөлді.

Зауыт-фабрикалар болса, Қытайдың кек қайтару әрекеттерінен және импорттық тарифтердің өсуінен, талай жұмыс орнын жоғалтқан. Болжамдарға қарағанда, америкалық фирмалар жоғары кедендік салықтан қауіптеніп, Қытайдан құрал-жабдық алуды доғаруы мүмкін. Алайда оларды өзге елдерден тасымалдау тым қымбатқа түсуі мүмкін.

Ұтқандар: Тайван, Вьетнам, Мексика

Экономистердің есебінше, АҚШ-Қытай сауда соғысы ғалам экономикасының өсімін 0,5 %-ға төмендетті. Бірақ бұл тайталастан ұтқан мемлекеттер де бар. Nomura агенттігінің дерегінше, солардың бірі – Вьетнам. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуі анықтап бергендей, Вьетнаммен бірге Мексика мен Тайвань тауарларына да Америкадан тапсырыс ұлғайған.

АҚШ Орталық банкінің мәлімдеуінше, Құрама Штаттардан сұраныс артқандықтан, Мексиканың экономикалық өсімі 0,2 %-ға көтерілді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу