Егер сіз интернет қолдансаңыз, Google-ден қашып құтыла алмайсыз. Онымен бәрін табатынымыз тағы бар. Сондықтан "Google" іздеудің синониміне баяғыда-ақ айналып кеткен.
Жақында АҚШ-тың Әділет министрлігі Google-ді нысанаға алып, оған қарсы шағым түсірді. Технологиялық компания өз тарихында дәл мұндай ірі антимонополиялық істі көрмеген екен. Дүниенің үстем іздеушісі үшін бұның зардабы қандай болатыны әзірге белгісіз.
Егер мақсат Google-ды ауыздықтау болса, бір үлкен сауал туындайды: бұған Американың қауқары жеткілікті ме?
Келесі сандар таңғалдырады: StatCounter аналитикалық орталығының дерегінше, әлемнің іздеу нарығының 92 пайыздан астамы Google-дің үлесінде. Google Chrome болса, дүниежүзіндегі веб-браузингтің немесе интернет парақшасын қараудың 66 пайызын бақылап отыр. Ал смартфондардың төрттен үш бөлігі Google Android операциялық жүйесін қолданады.
Аталған министрлік осынау билікті шектеу жолында алғашқы қадам жасап отырса да, бұл шаруа орасан іс-әрекет пен нақты жоспарды қажет етеді.
Адамдар бір күні "гуглдауды" тоқтатуы мүмкін бе?
АҚШ-тың Әділет министрлігінің шағымында Google-дің іздеу жүйесі ретіндегі мәртебесі – басты аспектілердің бірі ретінде қарастырылған. Министрлікке сенсек, Google өзінің іздеуі бірінші тұруы үшін веб-браузерлермен, сымсыз байланыс операторларымен, смартфон шығарушылармен келісім жасауға миллиардтаған доллар жұмсап отыр.
Google-дың сөзінше, оның браузерлерге төлеу тәжірибесі кейбір компаниялардың өз тауарларын көрінетін сөреге қою үшін супермаркеттерге ақша төлеуінен еш айырмашылығы жоқ.
Google-дың ғаламдық мәселелер жөніндегі бірінші вице-президенті Кент Уокер сейсенбі күні жариялаған блогында Әділет министрлігінің шағымын "үлкен қателік" деп атады.
"Жұрт Google-ды басқа альтернатива таппағандықтан немесе біреулер мәжбүрлегендіктен емес, өздері қалағандықтан қолданып жүр", – дейді ол.
Google-ды ауыздықтаудың көш басында Еуропаның реттеуші органдары тұр. Олар америкалық әйгілі іздеушіге 9 миллиард доллардан астам антимонополиялық айыппұл салып, Google-ды Android қолданушыларына қалаған браузері мен іздеу жүйесін пайдалануына мүмкіндік беруге мәжбүр етті.
Бірақ бұл жазалау шарасы жұмыс істемеген тәрізді. "Гуглдан" іздеу "Қарт құрлықта" бәрібір тоқтамады. StatCounter-дің дерегінше, 2020 жылдың қыркүйегінде Еуропаның іздеу нарығының шамамен 93 пайызы дәл осы Google-дің үлесінде болған.
"Еуропа Google-ды қудалауда лидер болды. Олар тергеулер мен шағымдар бойынша жақсы жұмыс істеді деуге болады. Дегенмен қорытынды өзгеше", – дейді Вашингтондағы Ашық нарықтар институтының заңды қолдану стратегиясы бойынша директоры Салли Хаббард CNN телекомпаниясына берген сұхбатында.
Жаңа Google жасау неге соншалықты күрделі?
Google – әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Оның нарықтық құны 1 триллион доллардан асып кетті. 20 жыл бойы өз саласында үстемдік етіп, позициясын әбден нығайтқан корпорация үстемдігіне енді тойтарыс беру оңай болмас деген пікір бар.
Хаббардтың ойынша, Google-дың орасан көлемі мен қуаты Еуропа одағының жазалау тактикасын азусыз етті. "Google-ға айыппұлдар аса әсер етпейтін тәрізді және де оның қызметін тәртіптік құралдармен реттеу қиындап барады", – дейді Хаббард.
Google онлайн-іздеудегі билігін өзгелерге бермейді деуге тағы бір себеп – оны қайта құрудың аса күрделілігі.
"Google-дың іздеу индексінің көлемі 100000000 гигабайттан асады және де онда миллиардтаған веб-сайт бар. Мұндай ауқымдағы ортақ іздеу индексін жасау алдымен миллиардтаған доллар қаражат салуды талап етеді", – деп жазылған АҚШ-тың Әділет министрлігінің шағымында.
Бір кездері Microsoft компаниясында Google-мен бәселесетін қолайлы ресурстар болған. Дегенмен осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған Microsoft Bing аудиторияның айтарлықтай бөлігін өз жағына тарта алмады. StatCounter есебінше, "Бингтің" үлесіне қазір әлемдік іздеу нарығының 3 пайызы ғана тиесілі.
АҚШ үкіметі не істей алады?
АҚШ үкіметі Еуропаның ізімен жүріп, Google-дан қолданушыларға өзге іздеу жүйелерін пайдалануға мүмкіндік беруді талап етуі мүмкін. Бірақ мұндай жазалау шаралары Атлантиканың бергі жағында мардымды нәтиже бермегендіктен, Google монополиясына қарсы біршама агрессивті әрекет етуді ұсынып отырғандар бар.
Арыс Әділбекұлы