Қазақстандықтар "телекоммуникациялық құлдыққа" шағымдануда

3026

Әр тұрғын үйдің "нарығы" монополияландырылған.

Қазақстандықтар "телекоммуникациялық құлдыққа" шағымдануда

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында азаматтарды құлдықтың бір түрінен құтқару – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің биылғы басты екі міндетінің бірі ретінде белгіленіп отыр.

"Біз мұны "коммуналдық құлдық" деп атаймыз. Ел тұрғындары соған душар болды. Салдарынан, біз телефон байланысы, интернет, телевидение, домофон, лифт, қоқыс шығару бойынша жалғыз бір компанияның қызметін баламасыз пайдалануға мәжбүрміз. Олар тұрғын үйдің құрылысын жүргізу кезеңінде, құрылысқа техникалық шарттар беру кезінде тұрғын үй кешенін басыбайлы иеленіп алады. Сондай-ақ бұған ТКШ саласын цифрландыру кемшіліктері ықпал етеді", – деді агенттік төрағасы Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, бұл саладағы бәсекелестік кедергілері жойылуға тиіс, әйтпесе олар экономикаға теріс ықпал етуде және жүйелі реформаларға тежеу болуда.

"Бірінші кезекте "негізгі қуатқа" қол жеткізу бойынша проблемалар сақталуда. Негізгі қуатқа кіре алмаса, компанияның бәсекелестері тұтынушыларға өз қызметін ұсына алмайды. Ол қуаттардың көбін мемлекет жасаған. Мысалы, "Қазақтелеком" компаниясы еліміздегі барлық кабельдік канализацияларға және талшықты-оптикалық байланыс желісіне (ТОБЖ) иелік етеді. Оның бәсекелестері осы кабель канализацияларына кіріп, жерастымен өз кабельдерін төсегісі келеді, бірақ тоспаға кезігеді. ТОБЖ-ға енуде де кедергіге жолығады. Бұл әсіресе, бизнестің цифрлық түрлерін дамытуды айтарлықтай қиындатады", – деді Серік Мақашұлы.

Осындай заманауи құлдықта қалған тұрғындардан құзырлы органдарға көп шағым түседі. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қонаев көшесіндегі 12-үйдің тұрғындары өз баспаналарында 2011 жылы қоныс тойларын тойлағанын айтады.

"Содан бері "Қазақтелекомның" телефон және интернет қызметін пайдалануға көше алмай жатырмыз. Біздің тұрғын үйді кезінде "Базис-А" салған. Үйге "BT Com" ЖШС байланыс қызметін көрсетеді. Бұл жерде "BT" дегені "Базис Телеком" сөзінен туындаған. Қазір байланыс сапасыз, үнемі үзіліп қала береді. Дұрыс сервистің жоқтығы тұрғындарды "Қазақтелекомға" өтінішпен жүгінуге итермеледі. Тұрғындар қол жинады. Алайда "Қазақтелекомның" қалалық бөлімшесі – "Астанателеком" бізге қызмет көрсетуден бас тартты", – дейді тұрғын Кәмила Әскербекова.

"Астанателекомның" түсіндіруінше, 2018 жылы "Қазақтелекомның" инвестициялық бағдарламасында дәл осы ірі тұрғын үй кешеніне талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жоспарланыпты. Соның арқасында оның тұрғындары телефон байланысымен, интернетпен және телевидениемен қамтылатын еді. Бірақ ТК-ға қызмет көрсететін және "Базис-А"-ның еншілес компаниясы болған "Барит Сервис" сервистік компаниясы ТОБЖ төсеушілерді үй аумағына енгізбей қойған.  

"2020 жылдың қарашасында үйімізде сервистік компания орнына мүлік иелерінің бірлестігі ұйымдастырылды. МИБ те желі тартуды сұрап, "Астанателекомға" жүгінді. Алайда компания оның да меселін қайтарды. Себебі, үйдің "BT Com"-мен франчайзинг келісімі бар дейді. "Қазақтелеком" мен "BT Com" арасындағы осы ымыра біздің тұтынушы ретіндегі құқымызды бұзады. "Байланыс туралы" заңға сәйкес, абоненттер операторды өз бетінше таңдауға құқылы. Не үшін мыңнан астам тұрғын монополия кесірінен сапасыз байланыстан зардап шегуге тиіс?", – дейді тұрғындар.

Ал кейбір азаматтар қайта "Қазақтелекомға" қатысты шағымданып жүр. Өйткені еліміздің барлық өңірінде оптикалық-талшықты желімен пәтерлерге интернет қызметтерін жеткізуде ол үстем жағдайға ие.

"Осы монополиялық жағдайын пайдаланып, "Қазақтелеком" клиенттеріне ешқандай таңдау қалдырмайды, тұтынушыларды өздеріне тиімсіз шарттармен келісімге отыруға мәжбүрлейді. Мысалы, "Қазақтелеком" АҚ-ы клиентке 5 ГГц роутерін өз есебінен орнатуға да рұқсат етпейді. Оның орнына төл 2,4 ГГц роутерін арендаға алып, ай сайын жалдау ақысын төлеп тұруға міндеттейді. Бұл шарт орындалмаса, қызмет көрсетпейді. Алайда 2,4 ГГц роутері клиент ақысын төлейтін WiFi бойынша мәліметтер берудің тиісті жылдамдығын қамтамасыз етпейді. Клиентке ұсынылатын ең төменгі пакет 200 мегабит/cекунд жылдамдық үшін ақы төлеуді қарастырады. Ал 2,4 ГГц роутері 100 мегабит/c жылдамдықты зорға береді. Осылайша, "Қазақтелеком" жылдамдықты төл жабдығымен шектеп отыр", – дейді клиенті Анна Борисова.

2020 жылы "Қазақтелекомның" тіркелген (сымды) кең жолақты интернет абоненттерінің саны 1 миллион 700 мыңнан асты.

"Осы 1,7 миллион клиентке роутерді айына 400 теңгеден жалға беретінін ескерсек, "Қазақтелеком" тек осы арендадан ғана ай сайын 680 миллион теңгеден астам пайда көреді. Яғни, клиенттерге лайықты сапада қызмет алуға мүмкіндік бермейтін жабдықты жалға беруден жүздеге миллион табыс тауып отыр. Клиенттер уай-файды күшейту үшін 5 ГГц роутерін өз ақшасына сатып алып, қосымша орнатуға мәжбүр. Азаматтар антимонополиялық органға және биліктің басқа органдарына қаншама рет шағым жазды. Олар құлақ асатын емес. "Қазақтелекомға" қатысты ешқандай шара қолданбайды. Ол болса, пайдасыз жабдығы үшін ақша алуын жалғастыруда. Яғни, компания Қазақстан халқы үстінен баюда", – деді Анна Борисова.

Ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен телекоммуникация алпауытына қатысты шара қабылдауды және оны клиенттер ақысын төлеп отырған жылдамдықтағы интернетке жол ашатын жабдық орнатуға міндеттеуді сұрады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу