Қазақстан емес, әлем 5G ендіру үшін альянстар мен одақтарға бірігіп жатыр

7818

Мемлекет ұялы байланыс нарығының 90 пайызын ұстап отырған "Қазақтелекомды" жекенің, соның ішінде шетелдіктердің қолына өтіп кетпеуін бақылап, қадағалап отыруға тиіс. 

Қазақстан емес, әлем 5G ендіру үшін альянстар мен одақтарға бірігіп жатыр

Өтіп бара жатқан мамыр айының басты жаңалығы Tele2 мен "Қазақтелеком" арасында өткен жылдан бері айтылып келе жатқан мәселелерге нүкте қойылғанымен еске қалды.

Өткен аптаның соңында "Қазақтелеком" Tele2 ұялы байланыс операторының 49 пайыз акциясын сатып алды: бұған дейін ол "Khan Tengri Holding B.V" швед компаниясының иелегінде болған еді. Tele2 ұялы байланыс операторының президенті және атқарушы директоры Андерс Нильссон өткен аптада алматылық журналистермен кездескен кезде өздерінің Қазақстандағы бизнесіне жоғары баға бергенін және нарықтың осы сегментінің дамуына үлес қосқандарын айтты.

Осыған дейін мұндай мәміле Kcell мен "Қазақтелекомның" арасында болғаны және алғашқысының екіншісінің иелегіне өткені жөнінде талай рет жазылды. Ел арасында Kcell-дің қызмет көрсету жүйесіндегі кемшіліктер туралы жиі сөз бола бастады. "Қосымша активке ие болған "Қазақтелеком" жыл аяғына дейін нарықтағы үлесін арттыруы мүмкін" деген сөз бір жыл бұрын да сарапшылар тарапынан жиі айтылған. Енді арада жыл айналмай жатып Қазақстандағы тұтынушысы көп Tele2 "Қазақтелекомның" құшағында жұтылып кетті.

Tele2 AB тобы мен "Қазақтелеком" мобильді байланыс саласындағы бизнестерін біріктіру туралы 2015 жылдың қарашасында келіскен болатын. Швециялық оператордың 3 жылдан кейін акциядағы өз үлесін сату құқығы болған, 2018 жылдың соңында компания сол құқығын пайдаланатын болып шешті. Ал сол 2018 жылдың желтоқсан айында компанияның несиесі 88 млрд теңге болған. Арадағы мәміле толық аяқталған соң, ол қарыз "Қазақтелеком" есебінен төленеді.

Қазақстаннан Tele2 кеткеннен кейін, "Қазақтелеком" АҚ елдегі 4 оператордың үшеуін – Kcell, Tele2 және Altel-ді бақылайтын болады. Енді еліміздегі мобильді байланыс нарығында тек Beeline ғана тәуелсіз ойыншы болып қалады.

Қазір ішкі нарық "ұялы байланыс нарығында бәсекелестік жойылса, баға қымбаттап кетпей ме? " деген күмәнді сұрақта іште тынып тұр."Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Исекешев апта басында Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында компанияның бизнес-жоспары туралы жазба қалдырған. "Бизнес әртараптандырылады, 5G жүзеге асыруға мүмкіндік туады, орталықтан алыс аймақтарда цифрлы теңгерімсіздіктен туған проблемалар жойылады" деген жазба қалдырыпты. Айтпақшы, "Қазақтелекомға" қосылғаннан кейін Kcell-дің siм-картасы 9 млн-нан асып кеткенін де Қуанышбек Исекешевтің жазбасынан білдік. Демек ресми ұстаным ештеңені өзгертейтінін айтып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі де алаңдауға негіз жоғын білдіреді. "Қазақстан тұтынушылары Ұлттық лигасының" басқарма төрайымы Светлана Романовская бізге берген сұхбатында монополистер көп болғанына қарсы екенін кесіп айтты.

Бәсеке болмаған жерде монополистер өздеріне тиімді қызметті таңады, ал тұтынушыларда оған көнуден өзге жол жоқ

Светлана Романовскаяның пайымдауынша, ұялы байланыс сапасына қатысты арыз көп түседі. Олардың басым көпшілігі байланыстың нашарлығы, Интернет сапасының төмендігіне қатысты.

"Бізде қызмет көлемін сапалы түрде ұсынатын мінсіз оператор жоқ. Бізді көбіне адастырып жібереді", – деді тұтынушылар лигасының басшысы. 

"Ренессанс Капитал" ресейлік инвестициялық компаниясының өкілі Максим Орловский әлеуметтік желідегі паракшасында бұл мәмілеге "Kcell мен "Қазақтелеком" арасындағы интеграцияның жалғасы" деп баға беріпті. Оның пайымдауынша, нәтижесінде "Қазақтелекомның" байланыс нарығындағы ұстанымы күшейеді екен. Нарықтағы жалғыз бәсекелес Beeline компаниясының әлсіреуі мобильді бизнес нарығының монополиялануын тездетеді және сапасын арттырады. Бірақ сарапшының пайымдауынша, мұндай келісімдердің нәтижесі бірден байқала бермеуі де мүмкін.

"Интеграция нәтижесі 1,5-2 жылда өзінің жемісін береді. "Бірақ мәселе "Қазақтелеком" менеджментінің біліктілігіне, қабылданған шешімдердің өзектілігі және оның имплементациясына (халықаралық деңгейдегі жауапкершілігіне) байланысты. "Мобильді активтерді сатып алуы "Қазақтелекомға" үлкен жауапкершілік артады. Бұл "Самұрық Қазынаға" "Қазақтелекомның" активтерін өздері қалаған бағамен ашық саудаға шығаруға мүмкіндік береді", – деп сөзін түйіндепті Максим Орловский.

Сарапшылар ұялы байланыс нарығының керегесі алдағы уақытта кеңейе беретінін айтып отыр.

"Khalykbergen" стратегиялық коммуникациялар агенттігінің PR сарапшысы Нұркен Халықберген қазір екі трендті көріп отырғанын айтты: оның алғашқысы – ірілену, екіншісі оңтайландыру. Оның пайымдауынша, бәсекелестер ортасында тек ірі ойыншылар ғана ірі жобаларды алып шыға алады. Біз аз ғана уақыттың ішінде төрт мобильді кезеңді артқа тастап, бесіншісінің есігін қағып тұрмыз.

"Егер ЕО елдері тарихына қарайтын болсақ, Америка нарығында 5G ендіру үшін дербес талдамаларға емес, альянстарға және одақтарға бірігіп жатыр. Оларға кез келген бағытты үйлестіріп жүру тиімді деген шешім қабылдады. Тек Қазақстан емес, әлемдік нарық іріленуді таңдап алды", – дейді.

Оның пайымдауынша, жаңа стандарттарды қабылдау және жүзеге асыру үшін көп қаржы керек. 2023 жылға қарай 5G смартфондарын жеткізу үлесі нарықтың 26%-ын (401,3 млн бірлікті) құрайды, ал 4G смартфоны нарықта 71,7%-ға дейін төмендейді. 2019 жылдың сәуір айының соңында тіркелген интернет-абоненттер саны 2,5 млн бірлікті құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9%-ға аз. Тіркелген интернет абоненттерінің тығыздығы 100 адамға 14 бірлікті құрады. Мобильді интернет абоненттерінің саны наурыз айының соңында 14,6 млн адам болды, бұл жыл ішінде 7,2%-ға артты. Интернетке қолжетімділігі бар ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы 100 адамға шаққанда 79 бірлікті құрады.

Сарапшының пайымдауынша, Орталық және Шығыс Азия елдері экономикасы бір ортақ тәртіпке бағына бастады. Арзан, қалтаны қақпайтын қаржы көзімен көп пайда табу трендке айналды. Мұндай мүмкіндік, "Қазақтелекомда" бар. Себебі бұл компания 2019-2020 жылдар арасында коммуникация саласындағы біраз жобаларды қаржыландырды. Google, YouTube және Facebook компанияларының деректер базасын сақтайтын және қайта өңдейтін орталықтар салды. Демек, сарапшының пайымдауынша, жаңа технологияларды ендіру кезінде мобильді байланыс ұлттық оператордың қолында болуға тиіс.

Сарапшылар телекоммуникация нарығындағы ірі ойыншылардың бір-біріне бірігуі дәл қазір керек екенін айтып отыр.

Қаржыгер Ерлан Ибрагим мұндай фактор жаңалық емес екенін айтады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Мысалы, Испания, Қытай және Мексикада телекоммуникация нарығының үштен бір бөлігі ірі алпауыт компаниялардың қолына шоғырланған. Мұндай жағдайда нарықта ұсақ компаниялардың көп болуы мен олардың іріленуінен келіп-кетер қауіп бірдей екен.

"Бастапқы кезде қызмет көрсету бағасының қымбаттауы құрылымдық өзгертуге байланысты болуы мүмкін. Бірақ Қазақстанның телекоммуникация нарығы 5G-дің енгізілуіне байланысты мүлдем ойымызға кіріп-шықпайтын қызмет түрлерін бізге ұсынуы мүмкін. Алдағы уақытта заттар онлайн нарығы тұрмысымызға енеді. Біздің елде технологиялар нарығындағы ноу-хоулар дамыған елдермен салыстырғанда кешігіп жетеді. АҚШ-та алғашқы 4G – 2009 жылы, біздің елде 2012 жылы енгізілді", – дейді Ерлан Ибрагим.

Сарапшының пайымдауынша, Қазакстандағы ең ірі және ең байырғы ұялы байланыс операторлардың тізгінін қолға алған "Қазақтелекомға" 5G бағытында армандауға да қорқатын біраз шаруаларды , жобаларды іске асыруға мүмкіндік туып тұр. Бұл жоғарыда айтып өткендей, онлайн- интернет нарығын бір орталықтан бақылау. Себебі шетелдік электронды төлем мен сауда индустриясы өкілдерінің Қазақстанға көз тіге бастағаны биыл емес. Ішкі нарықтағы онлайн- сауданың 80 пайызы ресейліктердің қолында. Бұдан үлес алып қалмақ болып Қытай да ұмтылып отыр. Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Павел Логинов 2018 жылы Алматыға келген қазақстандықтардың телефон арқылы төлем жасауға деген ықыласын жұрттан бұрын байқап қойғанын әзілмен жеткізген. Іле-шала Еуразиялық банк бірінші болып Android қолданушылары үшін NFC көмегімен байланыссыз төлем қызметін таныстырды.

"Байланыс нарығы қауіпсіздік тұрғысынан стратегиялық маңызы бар бағыт. Сондықтан, мемлекет ұялы байланыс нарығының 90 пайызын ұстап отырған "Қазақтелеком" жекенің, соның ішінде шетелдіктердің қолына өтіп кетпеуін бақылап, қадағалап отыруға тиіс", – дейді Ерлан Ибрагим.

Рауан  Кенжебай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу