"Қазақтелеком" ұлттық орган мәртебесін алуы мүмкін

4728

Ол құндыз ішік, сеңсең тон, кейін дәрі, әтір және басқасының әр данасының сатылымын қадағалайды.

 "Қазақтелеком" ұлттық орган мәртебесін алуы мүмкін

Сауда және интеграция министрлігі былтырғы жыл аяқталар тұста, 2019 жылғы 29 қарашада "Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын анықтау бойынша" тендер жариялаған болатын. Оған осы функцияларды атқаруға қабілет-мүмкіндігі жететін барлық компаниялар қатыса алатыны хабарланды.

Бұл ретте құжат қабылдау біршама ұзаққа созылды және өткен жылғы 25 желтоқсанда жұмыс күнімен бірге тәмамдалды.

Конкурстық комиссия көп ойласпай, ертесіне, 26 желтоқсанда қатысушылар конверттерін ашып, ұсынылған құжаттардың толықтығын бағалаған. Алайда қай компанияның ұсынысы мейлінше тиімді болғаны жария етілмеді. Оның қорытындысы тек бүгін жария етіліп отыр.

Бұл тек метрология мен сертификация саласындағы ғана емес, бүкіл ел тарихындағы маңызды шара саналады. Себебі, кәсіпкерлер арасында "КИЗ" (контрольно-идентификационные знаки) аталатын бақылау-сәйкестендіру белгілерін де осы жалпыұлттық бірыңғай операторы басып шығарады және бизнесмендерге тағайындайды. Яғни, ол тағы бір саланың "екі шылбыр, бір тізгінін" басыбайлы иемденеді. Ол халықаралық келіссөздерде Еуразиялық одақта Қазақстан атынан сөйлемек. Демек, қандай компания жеңсе де, оның ауқаты осыдан кейін шалқи тасиды. 

Қалай болғанда да, Бақыт Сұлтанов министрлігі үзіліс алып, интрига сақтады. Тек ведомство әзірлеген "Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын айқындау туралы" Үкімет қаулысының жобасы арқылы "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы бірыңғай операторы болып танылғаны мәлім етіліп отыр.

Министрлік осылайша, "стандарттау саласындағы саясатты іске асыратын, сондай-ақ Қазақстандағы стандарттау бойынша барлық процестерді үйлестіруді жүзеге асыратын Стандарттау жөніндегі ұлттық орган анықталғанын" жеткізді.

"Қазақтелеком" бизнес нысандарына бақылау-сәйкестендіру белгілерін (БСБ) қаншаға сататыны әзірге белгісіз. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев осының алдында әртүрлі пилоттық жоба сынақтан өткеніне назар аудартты.

"Бүгінде статистиканы жинақтап жатырмыз. БСБ құнын анықтау қазір мүмкін емес. Өйткені қандай тауарларды осы жүйеге қосатынымызды, ол тауарлардың құнын, таңбалауды қайда жүргізетімізді белгілеп алуымыз керек. Сондай-ақ ол тауарлардың өндірісі мен импорты қандай болатыны да жете пысықталуы қажет. БСБ құны жеке айқындалуға тиіс. Комиссияның қандай шешім қабылдайтынын біз әзірге білмейміз", – деді ол.

Вице-министр тауарларды таңбалауды енгізуден ең алдымен, мемлекет ұтатынын айтты. Үкімет тіпті "екі жеп, биге шықпақ". Біріншіден, бюджетке түсетін түсімдер артады. Екіншіден, "көлеңкелі" нарыққа жойқын соққы беріледі. Себебі, әр тауарға таңба басылып, нөмірі анықталғандықтан, оның әрқайсысының сатылымы бақылау-кассалық аппараттар арқылы қатаң қадағаланады. Ал рейдтер барысында таңба басылмаған тауар анықталса, олар тәркіленіп, мемлекет пайдасына жатқызылады.

Жалпы, тауарды таңбалау – солтүстік көршінің ойлап тапқаны. Олар биыл таңбасы жоқ тауарларды өзіне сатуға тосқауыл қойып жатыр. Сондықтан Қазақстан бұл науқанға мәжбүрлі түрде көшуде.

"Біз Ресейге тауар жеткізе аламыз және ондағы нақты тұтынушыларымыз кім екені туралы шынайы ақпарат аламыз. БСБ-ны генерациялаумен, талдаумен бірыңғай оператор айналысады. ЕАЭО елдерінің әрқайсысы төл операторын таңдайды", – деді Қайрат Төребаев.

Өндірушілерге таңба түсірудің екі әдісі ұсынылады, біріншісіне сәйкес, таңба тауардың өзіне зауытта түсіріледі. Екіншісі бойынша саудагерлер оны мысалы, Қытайдан және басқа мемлекеттерден заңды әкелген тауарларының затбелгісіне жапсырады.  

Қазіргі кезде елімізде тек ішік, тон секілді теріден жасалған ірі бұйымдар таңбалануда. Сондай-ақ аяқ киімдерді таңбалау енгізілгелі жатыр. Бұдан бөлек, алкоголь өнімдерін таңбалаудың пилоттық жобасы іске қосылды.

Көрші Ресей 2019 жылғы желтоқсаннан бастап, парфюмерия өнімдерін, шиналарды, фотоаппараттарды және жеңіл өнеркәсіп тауарларының бірнеше тобын міндетті маркировкалауды енгізді.

Қазақстандық кәсіпкерлерді ақпараттық қауіпсіздік, яғни өздеріне қатысты құпия ақпараттарды бірыңғай оператордың бүтін сақтай алуы алаңдатады. "Атамекен" ұлттық палатасы қаржылық жүктемені азайту мәселесін де көтерді. Себебі, биыл жаппай онлайн бақылау-кассалық апараттар орнатуға мәбүрленген барлық шағын және орта бизнес онсыз да "Қазақтелекомға" алым төлей бастады. 

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу