"Қазақтелекомның" автоқұлақтандыруы абоненттерді ығыр етті

3469

Қазақстандықтар байланыс операторларының бостекі қоңырау шалуын "бұзақылыққа" теңейді. Ал Цифрлық даму министрлігі шыдамдылық танытып, оны соңына дейін тыңдауды ұсынады.

"Қазақтелекомның" автоқұлақтандыруы абоненттерді ығыр етті

Кейінгі кезде "Қазақтелеком" өз абоненттеріне жиі қоңырау шалатынды шығарды. Қоңыраулары екі түрге бөлінеді. Біріншілері арқылы компания клиенттеріне қарызы жинақталып қалғанын және оны өтеу керектігін ескертеді. Мұндай қоңырау тіпті еш қарызы жоқ адамдарға да түседі. Содан адал төлеушілер берешек туралы естіп, мазасы кетеді. Бар ісін ысырып, оның мән-жайын анықтауға уақытын сарп етеді.

Тағы бір қоңыраулар тобы – жарнама мақсатында болып келеді. Биылғы қаңтардағы қасіретті оқиғалардан кейін халықтың көңілі алаң екені құпия емес.

Негізгі телефон соғу жұрттың шағымына түрткі болды. 

"Таңазанда қоңырау шыр ете түсті. Ұйықтап жатқанмын, шошып оянып, керуерттен құлап қала жаздадым. Кәсіпорында не болып қалды екен деп, жүгіре басып жетсем, "Қазақтелекомның" құлақтандыруы екен. Ашуланып, тұтқаны орнына лақтыра салдым. Түнгі кезекшіліктен шаршап келгенмін. Төсекке құлағым тие сала, қалғып кетіппін. Қайтадан телефон соғылды. Ұзақ қоңыраулатып, солқылдатып барады. Ақымаққа ақыл бітпейді ғой, тағы да жандәрмен ұмтылдым. Жарнама болып шықты. Жаңа тарифке көшіңіз дейді. Телефонды ажыратып тастадым", – дейді қарағандылық Болат Бексұлтанұлы.

Әділін айта кету керек, қазіргі кезде ұялы байланыс операторлары да қымбатырақ пакетіне көшіру үшін клиенттеріне қоймай-қоймай қоңырау шалатын болды. Білетін жұрт оларды блокқа қойып тастайды. Бірақ операторлар басқа нөмірлерден қайта хабарласады.   

Шымкент тұрғыны, қала белсендісі Константин Сандалиди біраздан бері осы мәселеге қатысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің мазасын алып, шағым жазып жүр. Кілең сырғытпа жауап келеді дейді. Министрдің мәселені реттеуге тісі батпайтынға ұқсайды.

"Бұлар антимонополиялық заңнаманы айналып өтіп, монополиске айналып алған. Олардың таңатын тиімсіз ұсынысына келіспесең, онсыз интернет таратпайды, келісімге отырмайды. Ал "автоқұлақтандыру" дегені бұзақылыққа ұқсайды. Бұл жеке өмірге қол сұғу ғой! "Қазақтелеком" сонша қатты ақпараттандырғысы келіп бара жатса, келісімшарттағыдай ұялы телефоныма SMS, электронды поштама хат жіберсін. Алайда келісімде "заңмен тыйым салынбаған басқа да жолдармен хабардар ететіні" көрсетілген. Онысын да ашып айтпайды. Енді тек тереземе тықылдатып, тас атқаны ғана қалды", – дейді белсенді.

Ол салаға жауапты министрліктегілердің қарапайым халықтың мұң-мұқтажын түсінгісі келмейтініне қапаланады.

"Автоқұлақтандырудың не екені бұлардың санасына жетпейтін сияқты. Шенеуніктер маған үйіндегі телефон нөмірін берсінші, мен соған ұдайы қоңырау шалып тұрайын. Тіпті ештеңе айтпаймын, үнсіз қаламын. Бір апта бойы бірнеше рет осылай мазалайын, арты не болар екен?! Министрлік өз жауабында: "Автоқұлақтандыру ағымдағы және мерзімі өтіп кеткен берешегі бар абоненттерді шотын төлеу қажеттігін есіне салу мақсатында жүзеге асырылады. Бұл өсімпұл есептеуді болдырмау үшін керек" дейді. Ал менде ешқашан берешектің ағымдағысы да, мерзімі өткені де болған емес. Онда неге маған бостекі қоңырау шала береді? Жүйкені жұқартып болды. "Қазақтелекомға" да бірнеше рет шағым жаздым, сөз өтер емес. Мұндай бұзақылыққа билік тосқауыл қоюы шарт. Мемлекеттік қызметшілер ант береді ғой. Ендеше олар монополистерге емес, антында айтылғандай Қазақстан халқына қызмет етсін", – деді К. Сандалиди.

Шағымыңыз болса, сотқа барыңыз...

Жұрттың зығырданын қайнатқан мәселе бойынша Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек түсініктеме берді.

Оның айтуынша, "Қазақтелеком" мен жеке тұлға саналатын клиенттер арасындағы келісімшарттық қатынастар telecom.kz сайтында орналастырылған Жария шартпен реттеледі. "Жеке тұлғаларға телекоммуникация қызметтерін көрсетуге арналған жария шарттың" 27-бөлімінің 16-тармағына сәйкес, "оператор абонентке берешегі бар екені, төлем жүргізу қажеттілігі туралы немесе өтініштерді қарау нәтижелері, тарифтердің өзгергені және басқасы жөнінде абоненттің ұялы телефонының байланыс нөміріне sms-хабарлама, электрондық адресіне хабарлама жіберу арқылы және заңмен тыйым салынбаған өзге де тәсілмен хабарлауға құқылы".

"Бұл ретте "Қазақтелеком" АҚ-ының ақпараты бойынша олар есепшотында ағымдағы және мерзімі өткен берешегі бар абоненттерді оны төлеу керектігін еске салу үшін автоқұлақтандырады. Бұл іс-шара ағымдағы берешектің мерзімі өткен берешекке ауысып кетуі тәуекелін болдырмау, сондай-ақ өсімпұл есептелмеу үшін жасалады. Абонент автоинформаторды 1 рет аяғына дейін тыңдауы қажет. Содан кейін бір ай бойы ондай қоңыраулар түспейтін болады", – деді Асхат Оразбек.

Дегенмен шағымданушы қазақстандықтар бұл тәсіл жұмыс істемейтінін айтуда. Тіпті соңына дейін тыңдағанның өзінде оператор өзінің жаңа өнімдерін тықпалау үшін қайтадан телефон соғуы мүмкін.

Цифрлық даму министрінің орынбасары Азаматтық кодекске сілтеме жасап, қазақстандықтардың азаматтық құқығын сот қорғайтынын жеткізді. Сондықтан ол өз құқықтарын қорғағысы келетін азаматтарға сотқа жүгінуге кеңес береді.

Жалпы бұл мәселені Министрлер кабинеті бір рет телефон шалумен, болмаса бір қаулы қабылдаумен-ақ шеше алатын еді.

Мамин Үкіметінің министрлері халықтың кіжінісін туғызған ірілі-ұсақты мәселелерді шешпей, жалтарма жауап жазудың шебері болып алғаны мәлім. Әлихан Смайылов Үкіметінің мүшелері де ескі әнге сала бастағаны ма?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу