Адвокат сотқа шай ішу үшін келмейтінін айтты

3309

"Қазақтелеком" миноритарлық акционерлеріне 775 млн теңге төлеуі мүмкін.  

Адвокат сотқа шай ішу үшін келмейтінін айтты

"Қазақтелеком" АҚ мен миноритарийлер арасындағы түсініспеушілікке нүкте қойылған жоқ. Келесі сот отырысы 17 сәуірге белгіленді.

Атап көрсетерлігі, "Қазақтелеком" компаниясы миноритарлық акционерлерге 775 млн теңге төлеуден бас тартпайтынын ашып айтты. Бірақ адвокаттары Джохар Өтебеков арқылы қарсы тарапқа 24 млн теңге мемлекеттік баж салығын төлеу туралы талап қойды.

"Қазақтелеком" АҚ миноритарийлерге дивидент төлеуден бас тартып отырған жоқ. Бұған қатысты директорлар кеңесі акционерлердің мүддесіне қайшы келмейтін шешім шығарды. Бізді қарсы тараптың 775 млн теңге даулап отырып, бюджетке 24 млн салық төлеуден жалтарғысы келетіні алаңдатады. Біз сотқа шай ішу үшін келмейміз. Сот өзінің салтанатына сай өтіп, мемлекеттік баж салығы төленуге тиіс. Егер, сот бізге қарсы тарапқа қандай да бір жеңілдік жасайтын болса, онда біздің күмәнімізді туғызады. Осы тұрғыдан алғанда қарсы тараптың мемлекеттік баж салығын төлеуі біз үшін маңызды", – деді адвокат Джохар Өтебеков.

Сөз арасында ол дәл қазір "Қазақтелеком" АҚ-ның 16 мың миноритарлық акционерінің бесеуі ғана компаниямен соттасып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде қарсы тараптың өкілі, Grata компаниясының заңгері Бақыт Тұқылов миноритарлық акционерлер мемлекеттік баж салығын төлеуге дайын екенін, бұл қандай да бір сұрақ туғызатын мәселе емес екенін тілге тиек етті.

"Біріншіден, 24 млн теңге мемлекеттік баж салығы туралы сөз қозғау арқылы "Қазақтелеком" АҚ соттың назарын басқа жаққа бұрғысы келеді. Екіншіден, сот процесінің мерзімін ұзартуды көздейді. Шын мәнісінде "Қазақтелеком" қажеті жоқ іспен айналысып отыр. Бұған дейінгі олар кімге екені белгісіз қылмыстық іс қозғады. Соны сылтау қылып бізге дивидент төлеген жоқ. Ойлаңыздаршы, қандай компания өзінің "тәртіпті" акционерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғайды. Бұл аз болғандай, бүгін мемлекеттік баж салығын алға тартты. Өздерін қорғату үшін еліміздегі ең қымбат екі заңгердің қызметін пайдаланып отыр. Осының барлығын жасағанша, акционерлеріне келіп, мән-жайды түсіндіріп, мәселені у-шусыз шешпей ме? Бізді осы таң қалдырады. Бұл болашақта "Қазақтелеком" АҚ акцияларын сатып алуды жоспарлап жүрген акционерлерді ойландыратын жағдай, белгі, қоңырау", – деді Бақыт Тұқылов.

Бұдан кейін заңгер "Қазақтелеком" АҚ миноритарлық акционерлерге төлеуге тиісті 775 млн теңгені азайтуды көксеп отырғанын алға тартты.

"Қазақтелеком" АҚ өкілдері әр нәрсені сылтау қылып, акционерлерге төлеуге тиісті  775 млн теңгені 400 млн теңгеге дейін түсіргілері келеді. Қалай болғанда да "Қазақтелеком" АҚ миноритарлық акционерлермен есеп айырысады. Мәселе төленетін сомада болып тұр. Басты сұрақ қанша?" – деді Grata компаниясының заңгері.

Естеріңізге салайық, "Қазақтелеком" АҚ мен миноритарийлер арасындағы түсініспеушілік "Қазақтелеком" K-cell мобильдік операторын сатып алғаннан кейін басталды. Бұл операциядан кейін акционерлер дивиденттерінен айырылатынын айтып, дабыл қақты.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында өткен отырыстан соң Falconry capital тікелей инвестициялар қоры актив басқару департаментінің директоры Әнес Қалдыбаев журналистермен жүздесті.

"Қазақтелекомға" хат жазып, құнды қағаздарын қайта сатып алуға ұсыныс жасадық. Бірақ олар бізді қолдаған жоқ. Біз сотқа шағымдануға мәжбүр болдық. Ал қалған 16 мың миноритарлық акционер мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты бұл қадамға бара алмады. Сондықтан "Қазақтелеком" АҚ-ға 5-ақ акционер қарсы шығып отыр деп ойлау қате. "Қазақтелеком" K-cell компаниясымен келісім жасағаннан кейін біз бұл келісімнен табыс таппайтынымызды түсініп, акцияларды сатпақшы болдық. K-cell компаниясын сатып алу үшін "Қазақтелеком" қарызға батты. Бұған қоса оның Tele-2 компаниясын сатып алу міндеттемесі бар. Алдағы уақытта "Қазақтелекомның" қарызы 400 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

"Қазақтелекомның" капитализациясы 350 млрд теңге екенін ескерсек, оның болашақта дивидент төлей алмайтынын түсіну қиын емес. Себебі ол тапқан табысын қарызын қайтаруға жұмсайды. Бұл миноритарлық акционерлер алдағы 5 жылда дивидент алмайды деген сөз. Біз бұл компанияға 700 млн теңге инвестиция құйдық. Дәл қазір бізге бұл ақшаны "Қазақтелекомнан" алып, депозитке салып қойған тиімді", – деді департамент директоры.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу