"Қазақтелеком" "Ғажаптелеком" емес

4330

Ұлттық байланыс операторы мәртебесіне ие болып отырған "Қазақтелеком" АҚ еліміздің ең ірі телекоммуникациялық компаниясы. Оны "Азаптелеком", "Мазақтелеком" деуден аулақпыз, алайда "Қазақтелекомның" "Ғажаптелеком" емес екені анық.

"Қазақтелеком" "Ғажаптелеком" емес

Техникалық қызметкерлері наразылық білдіріп, жұмысқа шықпай жатса, бірқатар қызметкерінің айлық жалақысы елдегі ең төменгі жалақыдан 6-ақ мың теңге ғана жоғары болса, елдімекендерді талшықты-оптикалық желімен қамтудың нәтижесі көңіл көншітпесе, акционерлік қоғам тапқан табысын қызметкерлеріне тең үлестірмесе, қандай "ғажап" туралы сөз қозғауға болады?!

Жүз мыңға жалданып жүргендер

Жанайқайларын "Қазақтелеком" басшыларына былтырдан бері жеткізе алмай келді. Өткен жылы компанияның Шығыс Қазақстандағы бөлімшесінің қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етті. Оларды Қарағанды, Атырау Жамбыл облыстарындағы әріптестері қолдады. Сол кезде компанияның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев 600 адам қол қойған петицияға қатысты мәлімдеме жасап: "Бұл шара "Қазақтелекомның" беделіне нұқсан келтіру үшін қасақана ұйымдастырылуы мүмкін" деген уәж айтты.

Айтпақшы, қатардағы қызметкерлерінің мардымсыз жалақысы туралы сөз қозғағанда "Қазақтелекомның" бір кездегі президенті Қайрат Кәрібжановтың ай сайын 365 мың доллар жалақы алып отырғаны еріксіз еске түсті. Байқасаңыз, "Қазақтелекомда" жалақы бұған дейін де әділ бөлінбеген.

Тілге тиек болып отырған акционерлік қоғам басшысының өзгергеніне біраз болды. Бірақ қызметкерлерге деген бұрынғы көзқарас сол қалпында қалды.

"Қазақтелекомның" қазіргі басшысы Қуанышбек Есекеев: "Қызметкерлердің жалақысын өсіруді директорлар кеңесі келісіп шешеді. Бұл іс "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан бақыланады", – деді.

Оның айтуынша, компания наразылық шеруіне дейін жалақыны тұрақты түрде өсіруге әрекеттенген.

Компанияның техникалық қызметкерлері қолдарына 100 мың теңгеден сәл ғана асатын айлық алады. Мұндағы ең төменгі жалақы 66 мың теңге. Елдегі ең төменгі жалақы 60 мың теңге екенін ескерсек, жағдайдың шын мәнінде қиын екенін түсінуге болады.

Бұл туралы 2 800 адам қол қойған петицияда компанияның Алматы қаласындағы қызметкерлері: "Жалақымыз өмір сүруге жетпейді, барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінің жалақысы өсті. Біздің жалақымызға 2-ақ мың теңге қосылды", – деп жазды.   

Қуантарлығы, Алматыдағы "Қазақтелеком" қызметкерлерінің талабы қанағаттандырылды-мыс. Finance.kz telegram каналының дерегінше, компания еңбек дауын шешуге нақты қадам жасады. Бұл үшін жалақыны өсіруге 7 млрд теңге бөлді. Бұған қоса инфляцияға байланысты жалақыны индекстеу үшін бір реттік төлем жасауға 1 млрд теңге қарастырып, қызметкерлеріне үлестірді.

Біз ақпараттың шынайылығына көз жеткізу үшін "Қазақтелекомның" баспасөз хатшысы Сара Бакироваға хабарластық. Ол ақпаратты растамады, жоққа да шығармады. Тек компанияда қазіргі уақытта 20 049 адам жұмыс істейтіні туралы мәлімет берді.

Бағындырылмаған белес

Өте көп. "Қазақтелекомда" төмен жалақыдан бөлек түйіні тарқамаған мәселе жетіп артылады. Тұтынушылардың басым бөлігі компанияның қызмет көрсету сапасына қанағаттанбайды. Осы уақытқа дейін елдімекендер талшықты-оптикалық байланыс желісімен толық қамтылмады. 4 жыл бұрын 716 елдімекенде кең жолақты интернет пайда болуы керек еді. Бұл іс әлі жүріп жатыр. Салдарынан ауылдағы ағайын онлайн оқу кезінде интернеттен көрешекті көрді.

Айта кетейік, елдімекендерді интернетпен қамту жұмысы 10 жылдан астам уақыт жалғасып келеді. Ал басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев компания TV+, Big Data жобаларын жүзеге асырып жатқанын айтып, сүйінші сұрап жүр.

Телекоммуникация саласындағы монополистің жоғарыдағы жетістігіне қарамастан, Қазақстанға халықаралық стандарт бойынша "Интернеті еркін емес мемлекет" деген мәртебе берілген. Ақиқатын айтайық, біз Кения мен Анголадан кейін тұрмыз.

"Қазақтелеком" Қазақстанда 5G жылдам интернет желісін, телемедицинаға арналған контент-алаңды, киберспортты дамытып, виртуалды дата-орталық пен бұлтты бейнебақылау жобасын жүзеге асырғысы келеді. Өкініштісі бұған екінің бірінің қолы жетпейді. Өйткені ауылда, сарайдың шатырында отырып, интернетке қосылу оңай шаруа емес.

Қазақстан қор биржасының дерегінше

"Қазақтелеком" АҚ өткен жылдың соңғы 10 айында 86 млрд теңге таза табыс тапты. Компанияның жай және артықшылығы бар акциялары 12 млн данадан асты.

Өткен айда бір акцияның құны 34 105 теңгеге жетті. Компанияның құнды қағаздарының бағасы да тұрақты түрде өсіп жатыр.  

Түйін

"Қазақтелеком" пайда табу жолында абоненттерге мінсіз қызмет көрсету керек. Ұлттық байланыс операторы барлық міндеттемелерін сапалы орындауға және қызметкерлері алдында әлеуметтік жауапкершілігі бар екенін ұмытпауға тиіс. Бұл – компания қызметкерлері мен абоненттерінің орындалмай жүрген арманы. Арман ақиқатқа айнала ма, айналмай ма, белгісіз. Сөз басында айтқанымыздай, "Қазақтелеком" "Ғажаптелеком" емес. Ол ойына келгенін және білгенін істеуді жалғастыра беруі мүмкін.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу