"Қазақтелекомға" жарты миллиард құйған акционер опық жеді

12644

Қазақстандық телекоммуникациялық алпауыттың Kcell-ді сатып алғанына қарсы соңғы миноритарий сотта жеңіліс тапты. 

"Қазақтелекомға" жарты миллиард құйған акционер опық жеді

"Қазақтелекомның" шағын акционері Бақыт Жұмабаев 2018 жылғы 12 желтоқсанда оның 15 мың акциясын 330 млн теңгеге сатып алады. Ол кезде бұл компанияның құнды қағаздары еліміздегі ең қымбат акция саналатын және күн сайын қымбаттап жатқан. Бұл биржадағы өсімнен пайда табуға құмартқан көптеген қазақстандықты еліктірді. Өйткені ұлттық байланыс операторы мәртебесі бар бұл компания жылдық ондаған миллиард теңге айналымымен 2000-шы жылдардың ортасынан бері еліміздегі ең табысты кәсіпорындар рейтингінде ылғи көшбасшы орындардан көрініп келеді.

Содан әлгі азамат екі күн өте, 14 желтоқсанда тағы 15 мың акцияны сатып алады. Бірақ олардың құны дүркіреп өсіп жатқандықтан, бұл жолы жарты миллиардтан астам қаражат – 535 миллион теңге төлеуге тура келіпті. Бақыт Жұмабаев бұл инвестициясын акциялар құнының ары қарай шығандап артуы есебінен өтеуге үміттенген.

Алайда дәл осы кезде "Қазақтелеком" АҚ-ы қазақстандық ірі ұялы байланыс операторын өз меншігіне иеленеді.

Салған қаржыларының көп өсе қоймағанын байқаған бірқатар миноритарилік акционер "Қазақтелекомның" бұл мәмілесін заңсыз деп тауып сотқа береді. Олар компаниядан өз акцияларын жоғарғы бағамен кері сатып алуды талап етті.

Бұл топтың әу бастағы қарасы 13 адамнан тұратын. Оның кейбірі телекоммуникациялық алпауытпен шайқасудан шаршады, бәзбіреулері ұсынылған бағасына келісті. Сөйтіп ақырында Б.Жұмабаев жалғыз қалды. Ол "Қазақтелекомнан" өз иелігіндегі акцияларын 1 миллиардтан астам теңгеге кері сатып алуды талап етті.

Нұр-Сұлтан қалалық соты 13 қараша күні миноритарийдің акцияларды кері сатып алу туралы талабын қарай келе, оның апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Судьялар "Қазақтелекомның" дәйектемелері салмақтырақ деп таныды.

Апелляциялық алқаның төрағасы Алтын Жақыпова оқып берген сот шешіміне сәйкес, Нұр-Сұлтанның азаматтық істер жөніндегі сот алқасы "Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың аталған іс бойынша 2019 жылғы 9 қыркүйектегі шешімін өзгеріссіз қалдыруға, талап арыз иесінің апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыруға ұйғарды".

"Қаулы жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді. Бірақ тараптар оған қарсы шағым түсіре алады", – деді Алтын Жақыпова.

"Қазақтелеком" АҚ-ы құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Әлия Кішкімбаева соттың бұл шешімі қуантқанын айтады.

"Талап арыз иесі жоғарғы сотқа дейін шағым түсіре алады, бірақ біз оған да дайынбыз. Ол өз апелляциясында акция сатып алғанда оның қымбаттауынан үміттенгенін, бірақ олай болмағанын нақты көрсетеді. Ары қарай Жұмабаев "өз стратегиясының қате екенін түсініп", құнды қағаздарды кері сатып алуды талап ету құқығына жүгінуге шешім қабылдағанын айтады. Алайда қолданыстағы заңнамада "стратегия қате болғаны" үшін сатып алуға мәжбүрлеу деген негіз жоқ. "Акционерлік қоғамдар туралы" заңына сәйкес, акционер компанияның директорлар кеңесінің iрi мәмiле жасау туралы шешiммен келiспеген жағдайда акцияларды сатып алуды талап ете алады", – дейді Әлия Кішкімбаева.

Яғни, оның түсіндіруінше, "Қазақтелеком" соттасушы азамат көрсеткен негіздер бойынша акцияларды қайта ала алмайды.

"Оның үстіне Жұмабаевтың құнды қағаздарды Kcell-мен мәміле туралы директорлар кеңесінің шешімі шыққаннан кейін сатып алуы оның бұл шешіммен келісетінін білдірсе керек. Келіспесе мұндай қадамға бармас еді. Ол осы мәміле арқасында акциялар бағасы өседі деп сатып алған", – деп байлам жасайды "Қазақтелекомның" атқарушы директоры.

Ол Kcell-ге қатысты мәмілеге қарсы шығып, алып компаниямен арпалысқан 13 адамның мәселесі не болғанын да айтып берді.

"Біз соның ішінен барлығы 6 акционердің құнды қағаздарын сатып алдық. Себебі олар 2018 жылғы 12 желтоқсанда түнгі 00:00 сағатта акцияларды ұстаушылар тізілімінде болған. Ал Жұмабаев ол кезде аталған реестрде болмаған, өйткені акцияларды кейінірек сатып алған. Одан әрі екі адам сотқа нақты шағым түсірді, алайда оның біреуі өз өтінішін кері қайтарып алды. Қазіргі кезде біз жалғыз миноритариймен – Бахыт Жұмабаевпен соттасып жатырмыз", – деді Ә.Кішкімбаева.

Тағы біраз адам соттасудан еш нәтиже шығара алмасын ойлап, құнды қағаздарын өз беттерінше нарықта сатуға шешім қабылдаған. "Қазақтелеком" Б.Жұмабаевқа да осыған кеңес береді.

Талап арыз иесінің қорғаушысы Жәния Бодау  LS-ке берген сұхбатында апелляция бойынша сот шешімін материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес емес деп санайтынын айтады.

"Егер "Қазақтелеком" акцияны сатып алу бойынша мәмілеге еш дау айтпаса, онда акционердің сол акцияларды мәжбүрлі түрде сатып алуды талап ету құқығына дау келтіргені тіпті мәнсіз. Ол – акционер. Демек оның құқығы бар. Біз келесі инстанция – Жоғарғы сотқа жүгінеміз. Алты ай ішінде кассациялық шағым түсіруді жоспарлап отырмыз", – деді адвокаты.

Іс матералдарына жүгінсек, "Қазақтелеком" директорлар кеңесі 2018 жылғы 12 желтоқсанда таңғы сағат 10-да отырыс өткізіп, Kcell-ді меншікке иелену туралы шешім қабылдайды. Дәл осы күні таңғы сағат 11:44-те Бақыт Жұмабаев компанияның 15 мыңнан астам акциясын 330 миллион теңгеге тікелей репо әдісімен сатып алады. Бұл оған акционерлер тізіліміне сол мезетте кіруіне мүмкіндік берген. "Қазақтелекомның" кінәрат тауып отырғаны – соттасушының ары қарайғы тірліктері. Ол артынша дәл сонша көлемде құнды қағаздар пакетін репо мәмілесі арқылы емес, енді тұрақты иеленуге сатып алады. Бұл ретте сонша өз қағазын авторепо арқылы сатып жібереді. Осы арқылы акцияларды кері сатып алуды талап ету құқығынан айырылып қалған.

"Қазақтелеком" 12 желтоқсан күні түнгі 00:00-де акционерлер тізілімінде тұрған және Кселлді сатып алу мәмілесімен келіспеген өзге миноритарийлердің акциялары үшін барлық белгіленген соманы арттырушы коэффициентімен бірге төлеп шықты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу