Президент айтқан олигополия барлық саладан анықталды

4870

Кейбір өңірлерде олигархтар салаларды 100 пайыз "жаулап" алған. Бірқатар секторда қос басты "мутант-олигополиялар" пайда болған деседі.

Президент айтқан олигополия барлық саладан анықталды

Қ. Тоқаев 11 қаңтарда, Мәжіліс отырысында отыз жыл бойы "Қазақстанның экономикалық өсімінің басты пайдасы мен игілігін қаржылық-олигархтық топтар көріп келгенін", "қалыптасқан олигополия еркін нарықтың дамуын салмақты шектегенін және елдің бәсекеге қабілеттілігін құлдыратқанын" жариялады.   

Осыдан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қызу тексере келе, расында қаптаған олигополияларды тауыпты.

Сорақысы сол, кейбір секторларда олар тіпті мутацияға ұшырағанға ұқсайды. Мұндайларға антимонополиялық орган монополист емес, "дуополист" деген ат қойып, айдар тақты.

"Ұялы байланыс қызметтерінің нарығы дуополистік сипат алды, онда шоғырлану деңгейі жоғары. Нарықта бүгінде небәрі 2 ойыншы ғана қалды. Бұлар – "Қазақтелеком" және "Кар-Тел" тобы. Бұрындары, 2016 жылға дейін нарықта 4 ойыншы әрекет етті: "Алтел", "Мобайл Телеком-Сервис", "Кселл" және "Кар-Тел". Мемлекет қатысатын ұлттық компания – "Қазақтелеком" АҚ-ға ұялы байланыс нарығының 60%-дан астамы тиесілі", – делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауында.

Азаматтық авиацияда да ұқсас жағдай қалыптасты. Меморган дерегінше, әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының жалпы көлемінде, әсіресе жекелеген ішкі жолаушылар тасымалдарында тек "Эйр Астана" АҚ-ы мен "SCAT" авиакомпаниясы" АҚ үстемдік етеді. Бұған дейін "Bek Air" АҚ авиакомпаниясы оларға бәсекелес болған, алайда Алматы түбінде ұшағы құлап, адамдар өліп, елде "Аза тұту" жарияланды да, "Бек Эйрдің" жолаушыларды тасымалдау жөніндегі қызметі тоқтатылды. Салдарынан, нарықтағы аталған екі аса ірі ойыншының үстем жағдайы тіптен күшейді.

Монополияға қарсы агенттік электр энергиясы нарықтарын да "жоғары концентрацияланған" деп танып отыр.

"Электр энергиясының көтерме сауда нарығы тік интеграцияланған ірі энергетикалық компаниялардың олигополиясына айналып кеткен. Бұл компаниялар электр энергиясын өндіру, тасымалдау және бөлшек саудада өткізу бойынша энергиялық активтерді иемденіп алған. Жекелеген өңірлік электр станциялары да солардың астында. Атап айтқанда, "Самұрық-Энерго", "Қазақстан коммуналдық жүйелері", "Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы" компаниялары топтарының нарықтағы жиынтық үлесі 50%-дан асады. Жекелеген тұстарда іс жүзінде 100%-ға дейін монополиялап алған. Бұл топтардың үлестері уақыт өтсе де өзгеріссіз қалады, ішінара шамалы ғана өзгерістерге түсуі мүмкін", – деп түсіндірді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Ведомство тәуелсіздік жылдарында бөлшек сауда нарығында бәсеке тудыру талаптарынан түк шықпағанын жасырмады: тұрғындарды, бизнес нысандарды энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы бәсекелестікті дамыту үшін "тауар нарығының оңтайлы құрылымын ұйымдастыру сол бойы мүмкін болмады" дейді.  

Соның кесірінен электр желісін және энергия өндіруші ұйымдарды бірдей астына басқан алпауыттардың құрамына жұтылып кеткен энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың да үлесі артып барады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында бұлардың үлесі нарықтың 55-70%-ын құрайды. Ал қалған өңірлерде 90-100%-ға дейін жеткен.

Масқарасы сол, ішкі нарықтың тізгіні кей салада шетелдіктердің қолында кеткені анықталып отыр.

"Отын-энергетикалық кешен саласында олигополиялық топтардың үстемдігі – ең жоғары деңгейде. Бұл мұнай өнімдері нарығына тән: елдегі небәрі 3 ірі өнім берушінің – "Petrosun", "KMG" және "Petroleum operating"-нің үлесі 80%-дан асты. Қазақстанның сұйытылған мұнай газы нарығының 70%-дан астамы 3 негізгі өнім берушіге – "CNPC", "Petrosun", "KMG"-ге тиесілі", – деп хабарлады агенттік.

Ал жекелеген жергілікті өндірушілер газды негізінен географиялық орналасуына қарай, өз өңіріне ғана жеткізеді. Ең алдымен газ тапшылығынан қатты зардап шеккендер де солар.

Коммуналдық-тұрмыстық көмір нарығына жүргізілген талдау да өте көңілсіз жайтты "жалаңаштады". Өзі көмір өндіретін қазақ елінде жылыту маусымы басында тұрғындарға осы отын жетіспей, тапшылық туып, баға еселеп өсіп, елдің жаппай наразылығын туғызды, үйінде пеш жағатын жұртшылықты билікке қарсы өшіктірді. Бұған да нарықты олигополияның жайлауы түрткі болғанға ұқсайды. Себебі антимонополиялық органның мәліметінше, салада бар-жоғы 2 ірі өнім беруші – "Шұбаркөл Көмір" АҚ және "Қаражыра" АҚ нарықтың 70%-дан астамын иеленген көрінеді.

Ал электр станциялары, ЖЭО-лар, яғни энергия өндіруші ұйымдардың мұқтаждықтары үшін көмір жеткізудің тауар нарығында – жалғыз "Богатырь Көмір" ЖШС үстем жағдайға жеткен.

"Осыған ұқсас, көлік және байланыс саласында да нарықтың бір қолда шоғырлану деңгейі жоғары болып қалуда. Темір жол жүк тасымалдары нарығын талдау нәтижелері осы нарықтың жоғары шоғырланғанын, бәсекесі дамымаған болып табылатынын көрсетті. Негізгі нарықтық үлесті – жүктердің ұлттық тасымалдаушысы саналатын, сондай-ақ арнайы және әскери тасымалдарды да орындайтын және барлық магистральдық темір жол желісінде пойыздарды қалыптастыру жоспарын бір өзі қамтамасыз ететін "ҚТЖ-Жүк тасымалдары" АҚ ("ҚТЖ ҰК" АҚ еншілес ұйымы) иеленген", – деді ведомство.

Бірақ бұл салада субъектілер саны өзгере бастады. Мәселен, 2018 жылғы қарашадан бастап магистральдық темір жол желісінің жергілікті учаскелерінде жұмыс істейтін "Dar rail" ЖШС және "ТТТ Сервис" ЖШС секілді 2 жеке тасымалдаушысы қосылды. Олар да қазір ҚТЖ-мен қатар жүк тасымалдауды жүзеге асыра бастады.

Антимонополиялық органның талдауын оқып отырып, елде олигополия жайламаған сала қалмағандай сезімде қаласыз.

Мысалы, бір қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қызметтер көрсету нарығында қатысушылар саны көптей көрінеді. Агенттіктің түсіндіруінше, осыған қарамастан, мысалы, қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығару, лифт, домофон қызметтері бойынша қызмет көрсету нарықтарында шоғырлану деңгейі 90%-дан асады. Айталық, елордада Нұр-Сұлтан әкімдігі қоқыс шығару саласын ұзақ жылдарға жалғыз компанияға ғана беріп қойды.

Қазіргі кезде құзырлы агенттік Президент тапсырмасына сай әр саланы ретке келтіру жолдарын іздестіруде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу