"Google салығы салынады"

5181

БАҚ пен халық ауызекі тілде осылай деп жүр. Шын мәнісінде "Google салығы" деген салық жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Google салығы салынады"

Бейресми "Google салығы" деп әсіреленген салықтың нақты атауы – қосылған құн салығы. 

Мемлекеттік кірістер комитеті ірі салық төлеушілер департаментінің директоры Әнуар Сүлейменовтің сөзінше, кеше сенат қабылдаған "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына сәйкес, 2022 жылдың алғашқы айынан бастап қолданысқа цифрлы салық енгізіледі. Бұл салықтың отандық компанияларға қатысы болмайды. Оны Қазақстан аумағында ресми тіркелмеген. Алайда онлайн платформа арқылы алыс-беріс жасайтын, көрсеткен қызметі үшін қазақстандық банк картасынан ақы алатын шетелдік компаниялар төлейді. 

"Шетелдік компаниялар интернет-сайттардың электронды сервисі арқылы сатқан тауары мен көрсеткен қызметінің барлығына қосылған құн салығы негізінде 12% мөлшерлемесінде төлем жасайды", – деді департамент директоры.

Оның айтуынша, заң аясында қосылған құн салығын төлеушілердің қызметін тоқтатудың жеңілдетілген тәртібі қолданылады. 

"Қосылған құн салығы бойынша есепте тұрған, бірақ ешқандай операция мен есеп айырысу жүргізбеген, қызмет көрсетпеген салық төлеушілерді жою мақсатында салықтық тексеру жүргізіле қалған жағдайда оларды камералдық бақылау арқылы жеңілдетілген тәртіп арқылы тарату жоспарланып отыр. Атап көрсетерлігі, 2022 жылғы қаңтардан бастап салық берешегінің шекті шегі 6 айлық есептік көрсеткіш болып белгіленді. Берешегі бұдан төмен шоттарға тыйым салу шарасы қолданылмайды", – деді Әнуар Сүлейменов. 

Салық сарапшысы Наталья Янценнің мәлімдеуінше, бұл – халықаралық стандарт. "Әзірше ел бюджетіне кәсібін интернет-сайттардың электронды сервисі арқылы дөңгелетіп отырған шетелдік компаниялардан қосылған құн салығы түскен жоқ. Себебі біздің заңнамада мұндай норма болмады. Алдын ала жасалған болжамға сәйкес, болашақта бюджеттің кіріс бөлігі 2 млрд теңгемен толығады. Шетелдік компаниялардың қызмет көрсету көлемі ұлғайған сайын, салық көлемі өсіп отырады", – деді Наталья Янцен.

Сөз арасында салық сарапшысы шетелдік компаниялар төлейтін қосылған құн салығын бақылауға қатысты кейбір мәселелер түбегейлі шешімін таппағанын алға тартты. 

"Шетелдік компания Қазақстан азаматымен бір реттік сауданы жүзеге асырса да қосылған құн салығын төлеуге тиіс пе?Қосымша құн салығының есебін еліміздің қай органы, қалай жүргізеді. Шетелдік компаниялар заңнамадағы талапты орындамаса, оларға қандай шара қолдана аламыз? Енгізіліп жатқан инновацияға бизнес қалай қарайды?", – деді Наталья Янцен. 

Сарапшы шетелдік компаниялар қулыққа салып, көрсетілетін қызмет пен сатылатын тауар құнына қосылған құн салығын білдіртпей қосып қоюы, осы арқылы Қазақстанның бюджетіне түсетін салықты ел азаматтарының өздеріне төлетуі мүмкін деген болжам жасады. 

"Қалай болғанда да бұл істің нақты нәтижесін уақыт көрсетеді. Алдын ала "барлығы жақсы болады" деп кесімді пікір білдіруге асықпау керек. Дегенмен шетелдік компаниялардың қалай әрекет ететін көретін күн алыс емес. Бізге ең бастысы ел азаматтарының қаржылық сауаттылығын арттыру қажет", – деді сарапшы. 

Оның күмәнін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин сейілткендей болды. 

Вице-министр Қазақстан аумағында онлайн платформа арқылы қызмет көрсететін шетелдік компаниялардың қосылған құн салығын төлегенін немесе төлемегенін екінші деңгейлі банктерден алынған дерек бойынша бақылап отыруға болатынын алға тартты. 

"Шетелдік компанияларға Қазақстанға қосылған құн салығын төлеу тәртібі өте қарапайым. Компанияларға қосылған құн салығын төлеу мақсатында тіркелудің қажеті жоқ. Тек оңайлатылған тәртіп бойынша салық органдарына хат жолдап, қосылған құн салығын төлеуге келісім беретінін растауы керек", – деді Азамат Амрин. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу