Google 20 доллардың телефонын жасамақ

3745

Байланыс құралдары қымбат болғандықтан, дүниежүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін сандық технологияның игілігін толық көре алмай отыр.

Google 20 доллардың телефонын жасамақ

Әлем тұрғындарының шамамен жартысына жуығы сандық технологияға әлі қол жеткізген жоқ. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл мәселені шешу үшін халықаралық қауымдастықты үлкен ынтымақтастыққа шақырып отыр. БҰҰ-ның осы туралы  баяндамасынан кейін, Google компаниясы мәлімдеме жасап, өзекті проблеманы еңсеру үшін құны небәрі 20 доллар тұратын және интернетке кіре алатын мобильдік телефон жасап жатқанын жеткізді. 

Google-дің вице-президенті Винтон Серф айтқандай, әлемде "сандық теңсіздікке" нүкте қою - мол шығынды қажет ететін шаруа және де арзан телефонсыз жер шарында "4,5 миллиард немесе 3,5 миллиард" адамды Интернетке қосу мүмкін емес.

Дегенмен Серф оптимисттік көзқараста. "Меніңше , бизнес бұл салаға инвестиция салып, тұтынушылардың сұранысын тудырады деп ойлаймын", – дейді ол. 

Сонымен қатар, оның мәлімдеуінше, болашақта шығатын арзан телефондарда 1000 доллардың смартфондарындағы функциялардың барлығы бірдей болмаса да, мұндай байланыс құралымен Интернет контентіне кіріп, кейбір қосымшаларды жүктеуге болады.

Серф - 2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутеррештің бастамасымен құрылған жұмыс тобының 20 мүшесінің бірі. Бұл тәуелсіз комитеттің мақсаты – жер шарында барлық адамдардың өмірін жақсарту жолында сандық технологиялардың потенциалын пайдалану үшін әлем қалай бірігіп жұмыс істей алады деген ғаламдық диалогты ілгерілету.

Халықаралық топқа Билл және Мелинда Гейтстер қорының тең құрылтайшысы Мелинда Гейтс пен Қытайдың Alibaba компаниясының басқарма төрағасы Джек Ма жетекшілік етеді.

"Біз сандық дәуір қарсаңында өмір сүріп жатырмыз. Жеке сектор, үкімет, азаматтар, ғалымдар, азаматтық қоғамдар арасындағы ғаламдық ынтымақтастық – технологияларды өркендеуге, көбірек мүмкіндіктерге және бүкіл әлемде өзара сенімді арттыруға қол жеткізуге пайдалану үшін қажет", - дейді Ма.

АҚШ-тың өзі интернетпен толық қамтылмаған
Google-дің басты "интернет-эвангелисті" атанған Серфтің сөзінше, сандық техологияға әлі қолы жетпеген маңызды жерлер - ауылдарда: мұндай елдімекендерді Африкада ғана емес, Құрама Штаттарда да кездестіруге болады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, АҚШ тұрғындарының 10-15 пайызында әлі күнге дейін интернетке сенімді кіретін мүмкіндік жоқ.

Google өкілінің сөзінше, қаржылық шығыннан бөлек, пайдалы интернет-қосымшаның табыла кетуі өз алдына бір проблема. "Егер су құбыры маманын Нью-Йорктен тауып, өзіңіз Боготада тұрып жатсаңыз, одан қандай пайда?", - дейді Серф "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында,

Норвегияның Сандық технология министрі Николай Аструп та - БҰҰ-ның аталған тобының мүшесі. Ол дамушы елдер жаңа технологиялардың көмегімен Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға қойған мақсаттарына (қоршаған ортаны қорғай отырып, тақыр кедейшіліктен арылу және т.б. ) жету жолында "сапалы секіріс" жасай алатынына сенеді.

"Сандық технология қазір қандайда бір люкстік дүние емес. Ол даму үшін маңызды, тіпті Норвегия тәрізді дамыған ел үшін де аса қажет нәрсе", - дейді Аструп.

Дегенмен Билл Гейтстің мәлімдеуінше, "сандық технологиялар адамдардың өз елдеріндегі экономикалық және әлеуметтік өмірге толық қатысуына кедергі болып  отырған теңсіздік жойылғанда ғана, кедейлердің өмірін жақсартуға көмектесе алады".

Сенім эрозиясымен күрес
БҰҰ-ның баяндамасы 2030 жылға дейін планетаның әрбір ересек тұрғыны сандық желілер мен сандық қаржы және сандық медицина қызметтеріне қол жеткізуі керек деген кеңес беріп отыр. Алайда, осы топқа кіретін кейбір мамандардың ойынша, сандық технологиялардың мүмкіндіктері артқан сайын сол мүмкіндіктерді асыра пайдалануға да жол беріліп жатыр. Сонымен қатар, бұл құжатта әлеуметтік желілердегі зиянды контенттер мен жеке өмірге қол сұғу да үлкен проблема ретінде көрсетілген. Және де баяндама авторлары кибер-мүмкіншіліктерді жауапсыз пайдалану нәтижесінде сенімнің эрозияға ұшырап жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бұл проблемамен де тиімді күрес жүргізуге шақырып отыр. 

Бас хатшы Гутерреш болса, сандық технологиялар БҰҰ-ның бейбітшілікті, адам құқығын, дамуды насихаттау, жүзеге асыру миссияларына көмектесе отырып, сол технологияларға келтірілген зиянның осы миссияларға қауіп төндіре алатынын да ескертті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу