АҚШ жасанды интеллект бәсекесінде Қытайдан ұтылып жатыр

3300

Пентагонның бұрынғы бағдарламашысы Николас Чайллан Бейжің "әлемдік үстемдікке" бет бұрған шақта бұған "ызаланудың жөні бар" деп есептейді.  

АҚШ жасанды интеллект бәсекесінде Қытайдан ұтылып жатыр

Пентагонның бағдарламалық жасақтама жөніндегі бірінші директоры АҚШ армиясындағы технологиялық жаңарудың баяу қарқынына наразылық білдіріп, Қытайдың Американы басып озғанына шыдай алмағандықтан, отставкаға кеткенін мәлімдеп отыр.

Бір апта бұрын Қорғаныс Министрлігінен кеткеннен кейін Financial Times газетіне берген алғашқы сұхбатында Чайллан, АҚШ-тың қытайлық кибер қауіп-қатерлерге жауап бере алмауын балаларының болашағы үшін қауіпті деп атап өтті.

"Бізде Қытаймен 15-20 жылдан кейін күресуге бәсекелі мүмкіндік қалмады. Бұдан қазірдің өзінде айрылып отырмыз", – дейді ол "ызалануының жөнін" түсіндіре отырып.

Пентагонның киберқауіпсіздікті арттыру жұмыстарына үш жылын жұмсап, АҚШ әскери-әуе күштерінің алғашқы бағдарламалық жасақтама директоры болған 37 жастағы Чайлланның айтуынша, Бейжің өзінің жасанды интеллект (AI – Artificial Intelligence), машиналық оқыту және кибер-мүмкіндіктер саласындағы жетістіктерінің арқасында әлемдік үстемдікке беттеп барады.

Сонымен қатар оның сөзінше, жаңа технологиялар Американың болашағы үшін F-35 сияқты бесінші буынды жоғары бюджеттік ұшақтардың жабдықтарынан да маңызды екен.

"Бұл соғыс па, әлде жоқ па. Бірақ Қытай БАҚ-тағы әңгімелерден бастап, геосаятқа дейін бақылауға алып, болашақта бүкіл әлемге үстемдік етуге оқталып отыр. Ал АҚШ-тың кейбір мемлекеттік органдарындағы киберқауіпсіздік балабақша деңгейінде", – дейді Чайллан.

Сондай-ақ ол Google-дің АҚШ Қорғаныс министрлігімен жасанды интеллект саласында жұмыс істегісі келмейтінін және Америка экономикасының өсімін бәсеңдету үшін AI этикасы бойынша кең пікірталастар жүріп жатқанын айыптады. Бұған қоса, Чайллан Қытай компанияларының Бейжіңмен ынтымақтасуға міндеттеліп, этикаға назар аудармай жасанды интеллектке "жаппай инвестициялар" салып жатқанын ашына отырып жеткізді.  

АҚШ пен Қытай арасында технологиялық жарыс жүріп жатыр ма?

Маусым айында АҚШ Сенаты АҚШ-та жасанды интеллект пен басқа да технологияларды дамытуды ынталандыруға бағытталған "инновация және бәсекелестік туралы" заңды мақұлдады.

Құрама Штаттарда бұл салаға алдағы бес жылда бөлінуі тиіс 250 миллиардтай доллар – Қытаймен арадағы технологиялық инновациялар жарысында өте маңызды қаражат ретінде қарастырылып отыр.

Заң қабылданғаннан кейін Президент Джо Байден "21 ғасырдағы жеңіс үшін жарысқа қатысып жатырмыз және сол мақсатта алғашқы мылтық атылды", деп мәлімдегені бар.

Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысының Сыртқы істер комитеті болса, өз мәлімдемесінде бұл заңды "Қытайдың дамуын жоққа шығарады" және "инновация мен бәсекелестікті ту етіп, Қытайдың ішкі істеріне араласпақ" деп сынға алды.

Батыс барлаушыларының есебіне жүгінсек, әлемнің екінші экономикасы – Қытай алдағы онжылдықта немесе оған таяу уақытта, дамып келе жатқан технологиялардың көбі бойынша, әсіресе, жасанды интеллект, синтетикалық биология және генетика салаларында дүниеде көш басына шығуы мүмкін.

Жасанды интеллект технологиялары қаншалықты маңызды?

Кейінгі кездері жоғары лауазымды тұлғалар AI-ге және болашақта одан төнуі мүмкін қауіп-қатерлерге көбірек назар аударып отыр.

Қыркүйектің ортасында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет жасанды интеллект жүйелерін сатуға және оларды пайдалануға мораторий енгізудің шұғыл қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар AI мәселесі АҚШ пен Еуропа одағы өкілдерінің қатысуымен өткен сауда және технологиялар жөніндегі кеңестің (TTC) бірінші отырысының күн тәртібіне де енгізілді.

АҚШ үкіметі жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі біріккен орталық директоры болса, қазан айының басында жасанды интеллекттің архитектурасы мен желілерін "қару" деп атады.

Қытай  жасанды интеллект алыбы емес пе?

"Блумберг" агенттігінің пікірінше, Қытай Батыс сонша қорқатындай жасанды интеллект алыбы емес. Өйткені оның АҚШ, Германия және Үндістанмен салыстырғанда AI, табиғи тілдерді өңдеу және роботтық техника бойынша мүмкіндігі аз.

"АҚШ-та AI технологияның көптеген қосымшалары бар. Америка машиналық оқытуда көш бастап келеді. Әлемдегі жетекші және кеңінен таралған желілердің көпшілігін Құрама Штаттардың Google, Microsoft Corp және Facebook Inc., Калифорнияның Беркли университеті сияқты компаниялары жасаған. Жазбаша мәтінді түсінуге, өңдеуге және талдауға пайдаланылатын ең жақсы табиғи тілді өңдеу механизмдері де АҚШ-тың технологиялық алпауыттары – Microsoft, Google, Amazon.com және International Business Machines Corp-та дүниеге келді. Бұл құралдар бүкіл әлемде дауысты тану, клиенттерге қызмет көрсету саласындағы чат-боттарды іске қосу, аударма мен іздеу нәтижелерін жақсарту немесе қаржы саласындағы алаяқтықты анықтау жұмыстарында қолданылып жүр. Бұл технологиялар батыстық державаларды бақылауға пайдаланылуы да мүмкін. Алайда олардың шынайы күші – коммерциялық өміршеңдігінде. Америка өзінің үстемдігін бүкіл әлемде клиенттерге табысты немесе тиімді болуға көмектесетін өнімдер жасау арқылы нықтап келеді", – дейді америкалық басылым тілшісі.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу