Коронавирустың зертханадан қашқаны "шындыққа ұқсайды"

4982

Сондықтан АҚШ-тағы ұлттық лаборатория бұл гипотеза тергеуге лайық деген қорытындыға келді.    

Коронавирустың зертханадан қашқаны "шындыққа ұқсайды"

АҚШ президенті Джо Байденнің бас медициналық кеңесшісі Қытайда тоғыз адамның ауыру тарихы жөніндегі жазбаларды жариялауға шақырып отыр. Себебі, оның пікірінше, ол азаматтардың дерті Covid-19 вирусы әу-баста зертханадан қашып кетті деген теорияны түсінуге көмектесуі мүмкін.

Құрама Штаттардың Ұлттық аллергия және инфекциялық аурулар институтының (NIAID) жетекшісі, доктор Энтони Фаучи Financial Times газетіне берген сұқбатында бұл жазбалар бүкіл әлемде 3,7 миллионнан астам адамның өмірін қиған індеттің шығу тегі төңірегіндегі пікірталастың түйінін тарқатуға жәрдемдеседі.

Қарастырылып отырған жазбалар Ухань вирусология институтының үш зерттеушісіне қатысты. Олар 2019 жылдың қарашасында ауырып қалды деген болжам бар. Сонымен қатар, Фаучи  2012 жылы жарқанаттар үңгіріне кіргеннен кейін науқастанған алты кеншіге қатысты медицициналық карта да жарық көруі керек дейді. Аталған институттың ғалымдары да сол үңгірге барып, жарқанаттардан сынамалар алған. Ал, кеншілердің үшеуі қайтыс болып кетті.

Осы институттың коронавирустар жөніндегі жетекші сарапшысы Ши Чжэнли бұрын зертханада инфекциялардың болғанын жоққа шығарды. Фаучи бұл уәжге қарсылық білдірмесе де, оны әрі қарай зерттеу керек деген пікірде.

"Мен 2019 жылы ауырды деген үш адамның медициналық карталарын көргім келеді. Олар шынымен науқастанды ма, егер солай болса, неден ауырды? Осыдан бірнеше жыл бұрын ауырған кеншілер ше. . . Олардың медициналық карталары не дейді? Вирусқа шалдықты ма? Не болды? Sars-Cov-2 вирусы сол үңгірде жатып, кейін табиғи түрде немесе зертхана арқылы тараған шығар", - дейді Фаучи.

Байден әкімшілігі Қытайдан медициналық карталарды сұрады ма? Бұл сауалға Мемлекеттік департамент әзірге жауап берген жоқ.

Covid-19-дың шығу тегі пандемияның ең даулы сұрақтарының біріне айналып отыр. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп былтыр коронавирус Ухань зертханасынан тарап кетті деп ойлайтынын айтқан еді. Бірақ, ғылыми қауымдастық өкілдерінің басым көпшілігі сол кезде бұл версияны жоққа шығарып, коронавирус жануарлардан адамдарға табиғи түрде берілсе керек деген теорияны қолдайтындарын мәлімдеді.

Алайда, жақында бір топ танымал ғалым "ковидтің" зертханадан қашқаны туралы теорияға байыппен қарау қажеттігі жайлы хатқа қол қойғаннан кейін Ухань зертханасына күдік қайта күшейді. Covid-19-ды жұқтырудың алғашқы оқиғалары ресми түрде тіркелерден бірнеше апта бұрын ауруханаға жіберілген уханьдық зерттеушілерге қазір жаңаша назар аударылып отыр.

Байден өткен аптада АҚШ барлау қызметтеріне 90 күн ішінде пандемияның басталу себебі туралы қорытынды шығаруға бұйрық берді. Ақ үйдің хабарлауынша, барлау қоғамдастығының екі тармағы Sars-Cov-2 вирусы табиғи жолмен жұққан деп санаса,  үшіншісі Ухань институтынан тарады деген болжамға жақтас.  

Сонымен қатар, Құрама Штаттар үкіметінің ұлттық зертханасы да коронавирустың уханьдық лабораториядан шыққаны жайлы  гипотезаның шындыққа ұқсайтынын, сондықтан, бұл версия әрі қарай тергеуге лайық екенін мәлімдеп отыр. Мұны дүйсенбі күні Американың "Уолл Стрит Джорнал" газеті хабарлады.

Қытай үкіметі болса, вирустың зертханадан қашып кеткендігін бірнеше рет теріске шығарып, пандемияның шығу тегін анықтауға мақсатында халықаралық іс-әрекеттерге толық қатысып жатқанын айтып отыр. Дегенмен, өзге елдердің көптеген ғалымдары мен үкімет өкілдері Бейжіңнің тергеуді кедергісіз әрі ашық жүргізуге жәрдемдескеніне күмәнмен қарайды. Ухань вирусология институты да "ковидтің" өзінен шыққанын жоққа шығарып, өзінің бірде-бір қызметкерінің бұл инфекцияға шалдықпағанын мәлімдеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу