Коронавируспен кімдер сәтті күресіп жатыр және неліктен?

4964

Коронавирус эпидемиясы ғаламдық төтенше жағдай деп жарияланғаннан кейін сегіз ай өткенде дүниежүзі елдері пандемиямен күресте әртүрлі нәтиже көрсетіп отыр.  

Коронавируспен кімдер сәтті күресіп жатыр және неліктен?

Дайындық пен тәжірибенің көмегі

Әлем елдері түрлі стратегия қабылдағанымен, олардың пандемиямен күресі бір-біріне ұқсас: инфекцияланғандарды анықтау (тестілеу, қадағалау) және вирустың тарауын мейлінше азайту шаралары (оқшаулау, карантин және өзге де профилактикалық шаралар). Қытайда 2003 жылы пайда болған өткір респираторлық синдромнан (SARS) немесе атипті пневмониядан ауыр сабақ алғандар алғашында "ковид" эпидемиясына едәуір тиімді жауап бере білді. Мәселен, Тайвань ертерек медициналық тексеру жүргізіп, елді жіті тестілеуден өткізіп, науқастардың кімдермен байланысқанын мұқият қадағалап, коронавирус инфекциясын сәуірде-ақ тоқтатты. Сонымен қатар, Азияда  SARS індетінен кейін маска тағудың үйреншікті жағдайға айналуы да биылғы пандемияны сәттірек еңсеруге көмектескен. 

Ертерек тестілеудің пайдасы

Тестілеуге және науқастардың байланысын қадағалауға қаңтарда кіріскен Оңтүстік Корея, Германия пандемияның бірінші толқынын өзгелерден бұрын тоқтатты. Тестілеу саясаткерлерге күшейіп келе жатқан қауіпке жылдам қарсы тұруға және халықты қатердің растығына сендіруге мүмкіндік берді. Ерте қимылдағанның пайдасы ұзаққа жетіп отыр.  Жаздың соңында екі елде де ауырғандар саны қайта көбейді. Бірақ, бұл мемлекеттер осыған дейін вирустың деңгейін төмендеткені сонша, қазір онымен күрес аса қиынға соғып отырған жоқ. Керісінше, кейбір сарапшылар бір жыл бұрын АҚШ пен Ұлыбританияны пандемияға ең дайын елдер деп атаған еді. Бірақ, олар тестілеуді ертерек жүргізген жоқ. Соның салдарынан вирус бақылаусыз тарап, халықтың денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктерге сенімі сетінеп, екі елде "ковидтан" өлгендер әлем бойынша жан басына шаққанда ең көп тіркеліп отыр.

Географияның маңызы

Исландия, Жаңа Зеландия сияқты аралдық мемлекеттер сырттан ешкімді кіргізбей, өздерін толық оқшаулап, коронавирус жұқтыру оқиғаларын мейлінше азайтты. Географиялық орналасудың проблемалық тұстары да бар. Мәселен, сәуір-мамыр айларында экономикасын қайта ашуға кіріскен Қытай вирустың жаңадан өршуін тоқтату үшін Солтүстік Кореямен, Ресеймен арадағы шекараларында сақтық шараларын күшейтуге мәжбүр болды. Ал, Еуропада тұрғындардың шетелге жиі шығуы эпидемияны қайта қоздырып, жазғы демалыс маусымы кезінде аймақ үкіметтерін тағы да әбіргерге түсірді.

Темірдей тәртіп тактикасы

Саясаттанушы София Феннер наурыздағы сараптамасында авторитарлық режимдер де, демократиялық елдер де вируспен күресте жақсы нәтижеге қол жеткізе алады деген қорытындыға келді. Мұндай жағдайда инфрақұрылымның, жедел әрекет ететін сенімді мемлекеттік қызметкерлердің, лидерлердің болуы шешуші рөл ойнаған. Қытай пандемияны тоқтату үшін қаңтарда ондаған миллион адамды темірде тәртіппен карантинге жауып, бүкіл әлемді таң қалды. Бұл әрекет нәтиже бергендіктен, оны дереу өзге континенттердегі елдер қайталады. Қытай қайта ашылғанда да таң қалдырды. Мысалы, оның үкіметі мемлекеттік мекемелердің, телефон байланысы операторларының мәліметтері мен азаматтардың сапарларға шығу тарихын пайдаланып, адамдардың қозғалыс еркіндігін вирус жұқтыру қауіптілігіне қарай түрлі деңгейде шектеді. Бұл шараның тиімді болғаны сонша, пандемия басталған Уханьда жазға таман бірнеше ғана вирус жұқтыруға оқиғасы тіркеліп, ел туралы бұрынғыдай мәлімет жинау қажет болмай қалды. 

Шектеудің аздығы да тиімді

Қатаң шектеусіз де эпидемияны еңсеруге болады. Мысалы, Жапония екі рет өршіген вирусқа міндетті карантинсіз-ақ тосқауыл қойды. Есесіне, әлеуметтік бірлігі жоғары елде жабық кеңістіктен, адам көп жиналатын жерлерден, жақын байланыстан қашуды насихаттай ақпараттандыру науқаны қызу жүргізілді. Германия да көршілерімен салыстырғанда карантиннің жеңіл түрін енгізіп, пандемиямен күресте науқастардың байланыстарын қадағалауға көбірек мән берді. Бұл іске медик-студенттер мен құтқарушылар да тартылды. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында Германия АҚШ-пен салыстырғанда коронавирустан әлдеқайда аз адам жоғалтты.

Үкіметке сенім

Халықтың үкіметке сенімі, әсіресе, ақпарат пен ғылыми зерттеулер (олардың кейбірі нашар болуы мүмкін) және бір-біріне қарама-қайшы мәліметтер тасқыны күшейген шақта аса қажет.  Билікке күмәні көп елдерде түрлі конспирациялық теорияларға сенім күштірек. Кейбір комментаторлар бұл жағдайды "инфодемия" деп атап жүр. Қаңтардың 8-де Иран үкіметі украиналық ұшақты әскерилердің қателікпен атып түсіргенін жасырамын деп, халық алдында жалған сөйледі. Содан кейін жергілікті тұрғындар биліктің вирус туралы ескертпелеріне де иланбастан, жаппай сапарларға аттанып, Наурыз мерекесін тойлады.  АҚШ-та сан мың адам штаттардың астаналарында карантинге наразылық білдіріп, экономиканы қайта ашуды талап етті. Қазір екі елде де "ковид" жұқтырғандар аз емес. Латын Америкасында Бразилия мен Мексика лидердері пандемиядан төнген қатерді әу-баста жоққа шығарып, кейін бұл елдер осы аймақта ғана емес, әлемде де коронавирустан көп адам жоғалтқандар санатына енді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу